«Балдаққа сүйеніп тұра алсам, аяғымды кессе де ризамын», дейді редакцияға хат жазған Дайырбек Нарымбетов. Өз дене мүшесін құрбан етер мұндай жанкешті сөз адамның аузынан оңайлықпен шыға қоймайды, айналадан әбден түңілген, шыбын жаны қиналған кісінің жанайқайы бұл. Қылшылдаған қырық жастың қырқасына іліне бере осы сұмдыққа жол-көлік апатының салдарынан тап келді ол. Жаңақорған кентінде тұратын кейіпкеріміз құрылыс жұмыстарын атқару арқылы нәпақасын айырып жүр еді, төрт баласына нан тауып беремін деп шапқылап жүргенінде осы сорға кезікті, сонда, сол аяғы төрт, сол қолы үш жерінен сыныпты. Бөлшектене сынған сүйектердің кейбірі сол апат болған жерде қала бергендігін де кейін білді.
Дайырбек содан бері төсекке таңулы, тек шалқасынан жатады, көтеріліп отыруға немесе қырынан жатуға мұршасы келмейді. Осылай болғанына бір апта, бір ай емес, қазір 1 жыл 20 күн толды. Дені сау адамның өзі сол қалыпта жатуға үш сағатқа шыдар ма екен, әй қайдам, жаратушының басқа салғаны да, әйтпесе, адам төзгісіз жағдай ғой! Басқа салғаны деп қазақы көнбістікпен сөз етіп отырмыз, шындығында науқастың сөз саптасына қарап, кей дәрігерлердің жүрексіздігі, ауруға жаны ашымастығы, Гиппократ антына самарқау қарауы жас жігіттің қатарына қосылып кетуіне, баяғыдай шапқылап кетпесе де отының басына өз аяғымен кіріп-шығуына кедергі келтіріп отырған сыңайлы.
Хабар тиісімен өзіміз үйіне барып, Нарымбетовтің жағдайымен таныстық, айдаладағы екі бөлмелі үй, қоңырқай тірлік, кедейшілік отағасының ауруымен қоса жағасынан алып тұр. «Дәрігерлерге ренжитінім, ауруханада жатқанымда екі айға дейін рентгенге салмады, сынған жердегі нақты жағдайды ажыратпады. Кейіннен ғана сынған аяғымның бір жеріне ота жасап, табанымнан кеудеме дейін гипс салып берді. Сол кезде екі жерден ірің ағатын еді, әлі сол күйінде, сынған сүйектерім шіріп жатқан болуы керек», дейді науқас. Дайырбек онан кейін де аудандық ауруханада бірер рет жатып шығады, бірақ дәйекті зерттеу, ем жасау болмаған секілді. Үлкен жерге, облыс орталығына барайын десе, өзінің мүмкіншілігі жоқ, ал емдеуші дәрігері Рүстем Байсалов болса, «аяғың шіріп жатыр, кесу керек» дейді де басқа түйінді тұжырым жасамастан, жұмбақтай сөйлеп жайына кететін көрінеді.
Рентген суреттерін облыстық ауруханаға беріп жіберсем, олар аяқ емдеуге келеді, ота жасау керек депті. Ал Байсалов болса, «сені ол жақ қабылдамайды, емделсең осында, ауданда емделесің» деп телефон соғады. «Бұл қалай болғаны?» – деп жылағандай болды көлік апатына түскен жігіт. Расында, жергілікті жердегі емнен ешқандай өзгеріс болмаса, босқа уақыт өткізудің қажеті қанша, азаматтың жанын қинау кімге керек? Алдарына шалажансар келген емделушінің жағдайын жасай алмаса, аудандық аурухананың, емхананың басшылары қайда қарап отырғаны? Осындай жағдайларға неге мән бермейді, адам тағдыры шынымен базарлы қатынаста елеусіз нәрсеге айналып бара ма?! Бір-ақ рет берілетін өмір емес пе бұл?! Аудан әкімі С.Тәуіпбаев бастаған мырзалар, осындай кембағалдардың мұң- мұқтажына неге құлақ түрмейді, неге жәрдем бермейді дейсің, еріксіз қынжылып. Атқарушы орындар сыдыртып есеп беріп, барлығы жақсы дей бергенше, бір мезет қара халықтың мүшкіл халіне назар аударса нетті. Елбасы әрбір жиында осы мәселені қайталап ескертіп отырғаны неге естен шыға береді екен осы?!
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, Жаңақорған кенті, «Алтыкрант» маңында тұратын Нарымбетов отбасының жағдайы ауыр. Әйелі жақында инсульт алып, ауруханадан келіп отыр, онан басқа науқас қызымен бірге мектепте оқитын екі баланың нәпақасы Дайырбектің мүгедектігіне алатын аз ғана ақшаға қарап қалған. Табыс көзі жоқ, жұмыс таппай сандалған ағайыннан да қайран жоғы тағы белгілі. Ендігі үміт облыстық денсаулық басқармасы басшыларында, тез арада науқасты орталыққа алдырып ота жасап емдетпесе, халі мүшкіл. Өкінішке қарай, жоғарғыдағы секілді науқас зардабын тартқандар тек осымен шектелмейді, үміті азайған, сеніміне селкеу түскендер бір бұл емес секілді.
Жәрдем беруге асығыңыздар ағайын, науқас шарасыздықтан редакцияға хабарласып, көмек сұрап отыр.
Нұрмахан ЕЛТАЙ,
меншікті тілші.
Жаңақорған ауданы.