Билл Гейтс пен Илон Маскты шақырайық - АҚШ компаниясы Назарбаевқа ерекше байқау өткізуді ұсынды

«Бейкер және Макензи Интернешнл» компаниясының басқарма төрағасы Эдуардо Лейте Қазақстанда жаңғыру бойынша халықаралық байқау ұйымдастырып, байқауда үздік шыққандарға «Жаңғыру бойынша Назарбаевтың сыйлығын» тапсыруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 
««Бейкер және Макензи» жаңғыру бойынша жоба, нақтырақ айтқанда, біздің компания әр екі жыл сайын жаңғыру бойынша сыйақы және байқау өткізуді ұсынады. Тарқата кетейін: әрбір екі жыл сайын Қазақстан әлемнің жетекші университеттерінің түлектерін шақырып, жаңғыру жобасының ұсынысы негізінде байқауға қатысу үшін командалар жасақталады. Бұл қадам Қазақстанды аталмыш салада көшбасшыға айналдырары сөзсіз. Әрбір екі жыл сайын өтетін байқаулардың тақырыптары да әртүрлі болмақ», - дейді Эдуардо Лейте Шетелдік инвесторлар кеңесінің 31-пленарлық отырысында. Оның айтуынша, ҚР Үкіметі байқау үшін роботехника, жасанды интеллект, медицина, ауыл шаруашылығы, қоршаған орта, ғарышты зерттеу, инфрақұрылым, көлік құрау, тасымалдау, телекоммуникация, энергияның баламалы көздері  секілді тақырыптарды таңдай алады.
«Байқаудың шарттары келесі талаптарға сай болуы керек. Нақтырақ айтқанада, олардың жобалары елге пайдалы болуы тиіс. Жоба экологиялық тұрғыда бекем, техникалық тәртіпте іске асыруға болатындай, енгізу мерзімі белгілі болуы керек. Командалардың ұсынысын тәуелсіз халықаралық сарапшылардан құралған арнайы комиссия қарайды. Билл Гейтс және Илон Маск секілді жалпыға танымал сарапшыларды төреші ретінде шақыруға болады», - дейді ол.
Эдуардо Лейтенің ұсынысына қарағанда, байқаудың бірінші және екінші орындарын тапсыру Назарбаев Университетінде өткізілетін болады. «Байқауды өткізуге байланысты жеке интеллектуалдық меншікке қатысты заңгерлік сұрақтар туындауы ықтимал. Мен «Бейкер және Макензи» компаниясы Қазақстанның Үкіметіне қолдау көрсетуге дайын екенін бекемдей айтамын. Халықаралық сарапшыларды тарту, жалпыға белгілі төрешілер мен университеттерді шақыру Қазақстанды аталған салада көшбасшыға айналдырары даусыз. Президент мырза, сіздің рұқсатыңызбен, мен аталған сыйлықты «Жаңғыру бойынша Назарбаевтың сыйлығы» деп атар едім.
Сондай-ақ, ең алғашқы «Жаңғыру бойынша Назарбаевтың сыйлығы» 2020 жылдың 6 маусымында тапсырылса деген ойымды білдіремін», - дейді ол. Айта кетсек, «Baker McKenzie» - 1949 жылы Чикагода іргесі қаланған халықаралық заңгерлік компания. Қазіргі уақытта компанияның өкілдері әлемнің 47 елінде еңбек етеді.  
ҚОҒАМ 06 маусым 2018 г. 567 0