Ел болып еңсеңімізді көтергенімізге, тәуелсіздігімізді алып, әлем назарына іліккенімізге де жиырма үш жылдай уақыт өтіпті. Тарих беттерін парақтар болсақ, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында мемлекетіміздің тамыры тереңге тартып, нығая түсуіне бағытталған құқықтық заңнамалар мен іс-шаралар қабылданып, ел экономикасы мен әлеуметтік жағдайы түзеліп, әлем сахнасында дербес мемлекет ретінде танылып, әлемнің дамыған елдерімен терезесін теңестіріп, иығын тірестірген болашағы кемел елге айналдық. Бүкіл әлемге өзінің біртұтастығымен, ажырамас бірлігімен танылды. Қоғам дамуының жаңа жолын таңдап, уақыттан туындаған әр түрлі кеселдерден айығуды міндет етіп қойды. Ол – сыбайлас жемқорлықпен күрес жолы.
Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын сыбайлас жемқорлық даму тұрғысы әрқилы әлем елдерінің қай-қайсысын да алаңдатады. Қоғам дамуына аса үлкен кедергі келтіретін сыбайлас жемқорлықпен күресу біздің еліміздің бүгінгі күнгі өзекті мәселесіне айналып отыр.
Қазақстан Республикасы ТМД елдері бойынша жемқорлыққа қарсы неғұрлым мықты заңнамасы бар ел болып табылады. Мұндай құқықтық актілердің қатарына 1998 жылғы «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Заңды, Жемқорлықпен күрестің 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын қосуға болады. 2005 жылы мемлекеттік қызметшілердің «Ар-намыс» кодексі бекітілді. Ал 2007 жылдың 12 қаңтарында «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» заң қабылданды.
Сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту, оны болдырмау мақсатында облыстық тарихи-өлкетану музейінде де біршама жұмыстар жүргізілуде. Атап айтар болсақ, Қызылорда облысының күзет басқармасы қызметкерлерінің қатысуымен «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ» тақырыбында «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды. Сонымен қатар, қаладағы орта арнаулы оқу орындарында білім алушы студенттерге «Сыбайлас жемқорлық – қауіпті құбылыс» атты лекция оқылды.
Ағымдағы жылдың соңына дейін «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыру» тақырыбында «дөңгелек үстел», құқық қорғау органдары және «Нұр Отан» партиясы өкілдерінің қатысуымен семинар-кеңестер өткізу жоспарлануда. Жемқорлыққа қарсы әрекет ету мәселелері бойынша мемлекеттік орган өкілдерінің қатысуымен интернет-конференциялар, «Тікелей желілер» ұйымдастыру және өткізу алға қойылды. Осындай мақсаттағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытындағы жұмыстар жалғасын таба береді.
Б.БЕКМАМБЕТ,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры.