ОҚО орталығы Түркістанға көшіріледі: Не өзгереді, не салынады?

Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс жиырма үшінші сессиясында депутаттардың қарауына Шымкент қаласы халқының бір миллионға жетуіне орай, оған ерекше мәртебе беру мәселелері ұсынылды. Сондай-ақ облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру және осыған байланысты облыстың, Түркістан, Кентау қалаларының шекараларына өзгерістер енгізу жайы сөз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сессияға қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев  енгізіліп отырған өзгерістерге сәйкес, Түркістан қаласының облыс орталығы болуы кезінде қала әкімдігіне қарасты 12 ауыл округі Кентау қаласы әкімдігінің қарамағына өтетінін атап өтті.

«Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қашан да ұлт руханиятының алтын ұясы, қазақ тарихының түп тамыры - Оңтүстікке айрықша көңіл бөліп келеді. Тәуелсіз Қазақ елінде тұңғыш рет миллиондық қаланы межелеу, оған арнайы мәртебе беру ісі 2014 жылдан басталды. Бүгінде көзделген мақсат орындалып, Шымкент қаласы тұрғындары 1 миллионға жетіп отыр. Біз сіздермен бірге Шымқалаға республикалық мәртебе берумен қатар, жаңадан облыс орталығын таңдау бақыты бұйырған тарихи сәттің табалдырығында тұрмыз. Мұндай орталық ретінде Қазақ елі үшін ғана емес, исі түркі әлеміне ортақ, қасиетті Түркістанның таңдалуын халықтың зор ықыласпен қабылдауын қуанышпен атап айтқым келеді. Мұны Түркістан, Кентау қалаларының шекараларына өзгерістер енгізу барысында тұрғындармен жүргізілген қоғамдық тыңдаулар мен өздеріңізбен талқылау барысында айқын сезініп отырмыз. Ал Шымкент қаласының аумағы өзгеріссіз қалып, облыстың аумағынан жеке бөлініп шығуына байланысты облыстың аумағы қысқарады», - деді Жансейіт Түймебаев.

Сонымен қатар, әлеуметтік, әкімшілік нысандардың орналасу жағдайы мен инфрақұрылыммен, оның ішінде, ауызсумен, газбен, автомобиль жолдарымен, байланыс желілерімен қамтылуы, ағын сумен қамтамасыз етілуі, жер жағдайы, олардың халыққа ыңғайлы болу мәселелерінің барлығы ескерілгенін жеткізді. Енді аталған мәселе бойынша Үкімет жанынан құрылған арнайы жұмысшы топпен бірлесе бөлудің экономикалық тиімділігіне, оның облыстың, Шымкент, Түркістан, Кентау қалаларының әлеуметтік-экономикалық дамуына әсері жан-жақты талданды.

Жалпы, қаланың инженерлік-инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі жоғары болып табылады. Бұл көрсеткіштер Шымкент қаласына ерекше мәртебе беруіне толық мүмкіндік береді. Қалаға үшінші мегаполис статусы берілген жағдайда, қала бюджетінің кірістері 72,1 млрд. теңгеге, субвенция 13,4 млрд. теңге көлемінде болжамдануда.

ҚОҒАМ 06 маусым 2018 г. 634 0