Алматыда Абылай ханды "аяқпен таптағандар" елдің ашуын келтірді

 Алматыдағы ірі сауда орталықтарының бірінде аяқ басатын жерге "Абылай ханның" есімін жазып қойған. Бұл жәйтке бей-жай қарай алмаған тарихшылар NUR.KZ порталы арқылы жанайқайын жеткізді.

Сауда орталығының қонақтары еденде жазылған қазақтың ұлы ханы Абылайдың есімін аяғымен басқанда, тура бағыттағы қабырғада оның суреті шығады екен. Сауда үйінің әкімшілігі"Құрмет аллеясы" деп атаған орында хан Абылаймен қатар, Шекспирдің де аты жазылыпты.

Ал бұдан басқа, өз заманында атағы жер жарған тұлғалардың жерге аты жазылмаса да, суреттері қабырғада қаз-қатар тізіліп тұр. Олардың арасынан Абай Құнанбайүлы, Шоқан Уәлиханов, Майкл Джексон, Виктор Цой, Мэрелин Монро сынды жарық жұлдыздарды көруге болады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаевтың айтуынша, ханның атын аяққа басу - тарихты қорлаумен тең.

"Сауда орталығының басшылығы өздеріне тұтынушыларды тарту үшін немесе көркемдік безендірулер үшін қазақ ханының есімін қолданып отыр. Дегенмен, қазақ халқының дәстүрі мен ұстанымына сай, тарихта «ұлы, қасиетті, рухты», - деп аталған адамдардың есімін жерге жазуға болмайды. Ешқашанда атақты басшының есімін аяқ асты етіп, таптауға болмайды", - дейді ол.

Ғылым докторының мөзіне сүйенсек, сауда үйінің басшылығы ескерткіш жазбаны тез арада өзгертуі керек.

"Кезінде халқымыз қасиетті адамдардың есімін дәріптеп жоғары қоюға тырысқан. Адам аяғы басатын жерге мүлде қоймаған. Сауда үйінің әкімшілігі осыны білмей жасаған болса, бұл үлкен – қателік, білместік. Ал егер біліп тұрып жасаған болса, қазақтың ұлы патшасының есімін қорлағандық болып саналады.", - деп топшылады Кәрібаев.

ҚОҒАМ 05 маусым 2018 г. 666 0