Шетел азаматтарынан пара алған қызылордалық майор жазаға тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметінің мәліметтері бойынша жыл басында Қызылорда облысы Шиелі аудандық ішкі істер басқармасы көші - қон полициясы қызметінің бастығы құқық қорғаушылардың құрығына іліккен болатын. Полиция майоры өзбек азаматтарынан жүйелі түрде пара алғаны үшін айыпталды. Сондай-ақ оның көршілес ағайындарға жергілікті жерге кедергісіз тіркеу жасауға көмектесіп отырғаны анықталды. Аталмыш факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілді. Оның барысында полиция қызметкерінің шетелдіктерден бірнеше мәрте 5000 теңге мен 20 000 теңге аралығында пара алып отырғаны белгілі болды.
«Бұрынғы полиция майорының қылмыстық ісі Шиелі аудандық сотында қаралды. Сот үкімімен оған 3 миллион 500 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, «полиция майоры» шенінен айырылды. Сондай -ақ, енді ол құқық қорғау органдарында жұмыс жасай алмайды. Жалпы, ішкі істер органдары қызметкерлерінің арасында жемқорлыққа жол бермеу үшін тиісті шаралар жасалып жатыр. Бірақ, профилактикалық жұмыстарға қарамастан осындай заңды өрескел бұзғандар жиі кездеседі», - деп мәлімдеді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі.