РОБОТОТЕХНИКА – БОЛАШАҚТЫҢ БАҒДАРЫ

 Еліміздің қазіргі таңдағы маңызды стратегиялық бағыттарының бірі – білікті мамандарды қажет ететін индустрияны дамыту. Бұл стратегияны жүзеге асырудың бастамасы ретінде  білікті мамандарды  дайындау мақсатында білім  көтеру орталықтары информатика, физика, математика пәні мұғалімдерін осы салаға бейімдеп, робототехниканың қыр-сырын терең оқытып, ұстаз­дар білімін заман талабына сай шыңдаумен ай­налысуда. Жуырда   Алматы қаласындағы республикалық біліктілікті арттыру «Өрлеу» ұлттық орталығында жер-жерден кел­ген мамандармен бірге оқып, робототехника саласы бойынша тың жаңалықтармен білімімді толықтырып, үлкен әсермен оралдым.
Бұл орталықтағы STEM қағи­даларына негізделген «Робото­техника  негіздері» атты курстың бағдарламасы жалпы орта  мектеп оқушыларының инженерлік және дизайндық-ойлау, математикалық модельдеу дағдыларын қалып­тастыру мақ­сатында педагогикалық инно­вациялар мәнмәтінінде әзір­ленген екен. Курс аясында педа­гогтар «Робот техникасы» элек­тивтік курсының Lego mindstorms EV3 Education жинағымен және Arduino Uno микроконтроллерінде  роботтарды құрастыру және бағдарламалау элементтерімен таныстық.
Әдетте роботтар көбінесе өндіріс саласында қолданылады. Болашақта роботтар адамдармен тығыз қарым-қатынаста болып, біздің елде де басқа елдегідей роботтардың тұрмыста үлкен рөл атқаруына үлес қосуымыз қажет. Ол үшін келер жас ұрпаққа работотехникаға деген қызығушылығын арттырып, түрлі салаға қажетті роботтарды ойлап табатын балалардың қабілеттерін шыңдауға міндеттіміз. Келешекте роботтардың кең қолданысы медицина саласында болады деп ойлаймын. Қазір дамыған мемлекеттерде реабилитация мақсатында қолданылып жүрген физиотерапияны роботтар жасайды. Келешекте бізде де   робот технологиясын  халық денсаулығын жақсарту немесе  медицина саласына белсенді түрде енгізе отырып, роботтардың пайдасын көреміз деген  сенімдемін.
Қазақстандағы  робототехника өте жас сала болғандықтан,  айтарлықтай жетістіктерге әлі жетпедік. Елімізде енді ғана қарқынды дами бастады. Мектептерде үйірмелер ашылып, оқушылар робототехника саласымен танысуда. Балалар мектеп жасында танысса, бұл салаға қызығушылық пайда болады. Ол үшін Қазақстандағы робототехника саласындағы әр адам басқа дамыған  елдердегі ғалымдармен салыстырғанда бірнеше есе көп жұмыс жасап, тынымсыз еңбектенуі керек. Сонда ғана Қазақстандағы робототехника саласы белгілі бір жетістікке жетіп, өзіміздің индустриалды роботтарды шығара алатын зауыттарды құра аламыз. Әрине, бұл мақсатқа жету өте күрделі, бірақ жүзеге асырылмайтын іс деп ойламаймын. Ең бастысы, шын ниетпен ықыластанып еңбектенсе, кез келген адам алдына қойған мақсатына жетеді.
Өсіп келе жатқан жас буынмен бірге бой көтеріп келе жатқан  еліміздің робототехника саласының нәтижесінде адам өмірін жеңіл­детуге арналған роботтарды күн­делікті өмірде қолданатын уақыт алыс емес. Осындай бастамалар инновациялық-индустриалды Қазақстанның болашағын жарқын етпек.

Айзада ҚҰЛТАЙ,   
                                   №214 орта мектебінің
информатика пәні мұғалімі.
Шиелі ауданы,
Ә.Тәжібаев ауылы.
ҚОҒАМ 02 маусым 2018 г. 1 950 0