Баршамызға белгілі болғандай наурыздың 15 жұлдызынан бастап аймағымыздың барлық жерінде санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандыруға байланысты екі айлық жарияланған болатын. Облыс әкімінің өкімімен қолға алынған тазалық жұмыстарының қарқыны бүгінде бәсең жүргізілуде. Бұл туралы баспасөз орталығында өткен жиында ҚР Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігінің Қызылорда облысы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы Мэлс Жұбатқанов мәлімдеді. Оның айтуынша, сенбілік жұмыстарын жоғары деңгейде өткізу үшін түрлі іс-шаралар жасалып, қалалық, аудандық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармалары басшыларына тапсырмалар жүктелген. Сондай-ақ, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдерінің өкімдері шығып, жұмысшы топтар құрылған. Тіпті, аудандарға арнайы мамандар бекітілген. Алайда, нәтижелі жұмыстың екпіні байқалмайды.
«Қазіргі таңда тек орталық көшелер тазаланып, шет аймақтар сенбіліктен тыс қалуда. Бұған басты себептердің бірі ауа райының қолайсыздығы. Сондықтан да сенбілік жұмысы да жылдағы уақытынан кеш басталды. Тазалық айлығы жарияланғаннан бері 3 рет жұмыс жасалды. Бұл ретте мекеме қызметкерлері мен студенттер ғана белсенділік танытуда. Осыған орай, өңіріміздің әрбір тұрғыны тазалық жұмыстарына өз үлестерін қосса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді М.Жұбатқанов.
Айта кеткен жөн, тағы бір өзекті мәселенің бірі қаңғыбас иттер мен мысықтардың көбеюі. Жылына олардың 30 мыңдайы атылса да, бұл көрсеткіш азаймай тұрған көрінеді. Оның әсерінен түрлі ауру қоздырғыштары, оның ішінде құтырма ауруының таралуы мүмкін деген қауіп бар.
Басқосуда көтерілген екінші мәселе «Жасыл белдеу» жұмыстарын жүргізу болды. Бұл жөнінде облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Еркебұлан Бекжанов сөз алды.
«Бүгінгі күні бұл шараға облыстық бюджеттен 879 млн. теңге қаржы қарастырылған. Көгалдандыру жұмысы Қызылорда-Шымкент бағытындағы автожолдың бойына жүргізу жоспарланса, бұл сәуір айында қолға алынбақ. Оған қоса, қазіргі сәтте Тұңғыш Президент паркін көркейту мақсатында 75 млн. теңге қаржы бөлініп, ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілуде. Егер аймағымызда жасыл белдеу қалыптасатын болса, өңір климатының жақсаруы сөзсіз», – деді басқарма басшысы.
Жалпы жиын соңында қос басшыға баспасөз өкілдерінің тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, тұшымды жауаптар алынды.
М.ОТАРАЛЫ.