Қазалыда тазалық шаралары жүйелі ұйымдастырылған. Көше бойларында күрек, сыпырғыш, басқа да құралдар ұстағандарды жиі жолықтырдық. Қазалы қаласында бірнеше ұлттың өкілдері тұрады. Тұрғындары тазалық сақтауға, бау-бақша өсіруге барынша мән береді. Рахметулла Ізтілеу басқаратын ветеринарлық стансаның қызметкерлерін көше бойынан кездестірдік. Олардың епті қимылдары шаруақор жанның кейпін аңғартады. «Уақыт өткізу үшін емес, қаламыздың көркеюіне үлес қосуға келдік» дейді ұжым мүшелері. Сондай-ақ №95 мектеп, қалалық мәдениет үйі, «Ақерке» балабақшасы, жүйке аурулары интернаты белсенділік танытты.
Тазалық жұмыстары шалғайдағы Қожабақы ауылында да қызу жүргізілуде. Әсіресе мектеп, ба¬лабақша, мәдениет үйінің қызметкерлері өзгелерге үлгі болуда. Округ әкімі Қуанғали Қожахметтің бастамасымен ауыл көлемінде «суландыру картасы» қолданысқа енгізіліпті. Ерекшелігі су бармайтын жерлердің мәселесін орайластырып, тұрғындардың алған суының нақты есебін шығарып, тиімді де мақсатты пайдалануын қадағалайды. Әрбір аулаға тал егілуіне жіті көңіл бөлетін әкім ауыл орталығынан жеміс бағын ашуды қолға алыпты. Бәрекелді дестік.
«Қазалы тынысы» ЖШС аудан орталығының тазалығымен айналысады. Атқарылған шаруа аз емес. Серіктестік директоры Дәулет Тұяқбаевтың айтуынша, аудан әкімінің қолдауымен өткен жылы құны 8 млн. теңгені құрайтын арнайы автокөлік алыныпты. Басқа да техникалар жаңаланған. Ағымдағы жылы санитарлық тазалық, абаттандыруға қомақты қаржы бөлініпті. Биылғы қыстың қатал болғаны баршаға аян. Соған орай тұз, құм себуге жеткілікті ақша қаралуы жұмыстың жандануына оң септігін тигізді. Алайда, тазалық сақтауға тұрғындар да жауапты екенін қаперде тұтқан да жөн.
«Таза ауа жұтқаның – талай ғұмыр ұтқаның» қағидасын ұстанатын Құбыл Ршымбет басқаратын теміржол ауруханасының ауласында мың жарымнан астам тал өсіп тұр. Мезгілінде барсаңыз, құлпырған әсем гүлдерге еріксіз сүйсінесіз. Мұншама өскіндерді жетілдіру оңайға соқпайтыны белгілі. Құбыл болса оның жолын тапқан. Су таситын арнайы автокөлікті жалдап, ұстап отыр. Сенбілік сайын ауладағы талдарды реттеп, бекітілген көшелерді тазалауға 200-ге жуық адам тұрақты түрде қатысып жүр. Нақты кезеңде жиналған қоқыстар белгіленген орынға шығарылуда.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы.