КЕНЕДЕН КЕЛЕР КЕСІР КӨП

БИЫЛ ЭПИДЖАҒДАЙ «ҚОЛАЙСЫЗ» БОЛУЫ МҮМКІН
Күн жылынды дегенше түрлі ауру-сырқаудың да өршитіні белгілі. Әсіресе, бас көтерген кенелер адам өміріне өте қауіпті. Осы орайда жыл сайын ерте көктемнен бастап кенемен күрес жұмыстары тиісті мамандар тарапынан атқарылады. Алайда, әзірге кенеден келер кесірдің мүлдем жолын кесу мүмкін болмауда. Мұны мамандарымыз да жасырмайды. Биыл да міне, көктем түсіп, табиғат жылынып келеді. Осы орайда кенемен күресте нендей жұмыстар жасалып жатқанын білу мақсатында газет тілшісі облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті директорының орынбасары Ұлбосын Аханаевамен сұхбаттасқан еді.
– Ұлбосын Өмірбайқызы, кене шаққаннан болатын аурудың бірі Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы екені белгілі. Күн жылынып келеді, әдетте кенелер де бас көтеріп, адамдарға шабуыл жасайтынын білеміз. Өткен жылы өңірде қанша адам кене шағу жағдайымен тіркелді?
– Өзіңіз айтып отырғандай, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы аса қауіпті жұқпалы аурулар қатарына жататын табиғи ошақтық ауру болып табылады. Бұл аурудың туындауы, тіркелуі, таралуы тікелей иксод кенелерінің табиғатқа шығуы мен белсенділігіне тікелей байланысты. Өткен жылы Қырым қанды безгегінің 3 күдікті жағдайы тіркелді, біріншісінің диагнозы клиникалық, эпидемиологиялық және зертханалық жолмен нақтыланды. Нақтыланған жағдай Жаңақорған ауданы Жаңақорған кентінің тұрғыны еді. Ал, 2012 жылы облыс бойынша Конго-Қырым геморрагиялық қызбасымен ауырған 8 науқас тіркелген болатын. 
Облыс бойынша 2013 жылы 1312 адам кене шағу жағдайымен тіркелген, оның ішінде 167-сіне медбақылау стационарлық жағдайда жүргізілді. Ал, биылғы жылдың өзінде жыл басынан бастап 7 адам кене шағу жағдайымен тіркелді. 
– Кенемен күресте нақты қандай шаралар атқарылуда, биылғы көктемге кенеден келер кесірдің жолын кесу бағытындағы жұмыстар басталды ма?
– Әрине, кенемен күресте жыл сайын тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, өткен жылы Қырым қанды безгегінен 98 елді мекен қолайсыз болды. Аурудың жаңа микроошақтарын анықтау, зерттелмеген "ақ” аймақтарды зерттеу үшін облыс бойынша барлығы 43414 дана кене жиналды. Оның ішінде 49 дана кене елді мекендерден, 13463 кене малдың үстінен, 29744 кене даладан, 158-і ауру ошақтарынан жиналды. Зерттелген кенелердің 2767-сі "оң” нәтижелі болды, яғни, жұқпалылық пайызы – 6,3 пайызды құрады. Кенеге қарсы өңдеу жұмыстарына 216,6 млн. теңге қаржы бөлінді, оның ішінде 29,8 млн. теңге республикалық бюджеттен санитарлық-қорғаныс аймақтарын құруға, 166,4 млн. теңге мал басын, мал қоралар мен буферлік аймақтарды көктемде және күзде кенеге қарсы өңдеуге қаралды. Ал, 2014 жылдың эпидемиологиялық маусымына қолайсыз елді мекендердегі мал басын, мал қораларды, буферлік аймақтарды жоспарлы түрде кенеге қарсы өңдеуге 83 миллион 157 мың теңге қаражат бөлініп отыр. Күзгі жұмыстарға да облыс әкімінің резервінен осындай көлемде қаржы қаралмақ. Оған қоса, республикалық эпидқордан облыстағы қолайсыз елді мекендердің төңірегінде санитарлық-қорғаныс аймақтарын құруға 30 миллион 507 мың теңге бөлініп отыр. Қызылорда қаласы әкімінің резервінен де қосымша 4,771 мың теңге берілді. 
Ал, биылғы эпидмаусымға дайындық барысына тоқталсам, ағымдағы жылы да алдын алу жұмыстары өткен жылдардан еш кем емес. Санитарлық-қорғаныс аймақтарын құру жұмыстары наурыз айының 19-нан басталып кетті. Мұнда оңтүстік Жаңақорған, Шиелі  аудандары қамтылды.
– Наурыздың 27-28-і күндері облыста департаменттің ұйымдастыруымен республикалық өңірлік семинардың өткенінен хабардармыз. Шараның өзектілігі неде?
– Иә, біздің департаменттің ұйымдастыруымен "Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының республика аумағында эпидемиологиялық қадағалау және алдын алу жүйесі” тақырыбында екікүндік өңірлік семинар өтті. Басқосуға агенттіктің Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарындағы басшылары және Алматы мен  Астана қалаларынан санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталықтарының, обаға қарсы күрес станциялары, ветеринарлық қадағалау инспекциялары мен өзге де бірқатар тиісті мекемелердің мамандары, халықаралық СДС компаниясының сарапшылары қатысты. Биылғы кенемен күрес маусымының  күрделілігіне мамандар тарапынан болжам жасалды.  
– Болжам демекші, биылғы жылы эпидмаусым қаншалықты қиынға түскелі тұр?
–  2013 жылғы күзгі барлау жұмыстарының қорытындысымен жасалған болжамдарға сәйкес биыл Конго-Қырым қанды безгегінен эпидемиологиялық жағдай "қолайсыз” болуы мүмкін. Күзгі мезгілде кенелердің ересек түрлерінің кездесуі басым болды, яғни, 2014 жылғы эпидмаусымда кенелердің үлкен, ауыл шаруашылығы жануарларына, адамдарға қауіпті ересек түрлерінің сандық көрсеткіштері жоғары болады деп болжануда. Сонымен қатар, оңтүстік аудандарда суыққа, табиғаттың қолайсыз жағдайларына төзімді Dermacentor daghestanicum деп аталатын түрлері, солтүстікке қарай, яғни, Арал, Қазалы аудандарында Hyalomma asiaticum түрлерінің сандық көрсеткіші жоғары болады деп болжануда.  Сондықтан кенелер жаппай табиғатқа шықпас бұрын қора-қопсыны, аулаларды күл-қоқыстан тазартып, дәрілеу-өңдеу шараларын жүргізген абзал. 
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан: Айнұр БАТТАЛОВА.  

ҚОҒАМ 03 сәуір 2014 г. 1 504 0