Рамазан – мейірім һәм ізгілік айы. Сыр өңірінің мешіттері сауабы мол мүбарак айда түрлі іс-шаралар мен қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып, игі іс жасау жолында жарысуда.
Облыс көлеміндегі барша мешіттерде тұрақты түрде ауызашар дастарханы жайылып, күнделікті тарауық намазын оқуға келетін жамағат пен қала тұрғындарына «тегін таксилер мен автобустар» ұйымдастырылуда.
Сонымен қатар, қала және аудан мешіттерінде қайырымдылықакциялары аясында әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік үлестірілуде.
Мешіт шәкірттері арасында құран хатым оқылып, ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің бастамасымен өткізілетін ауқымды байқауларға, дәлірек айтқанда, «Менің алғашқы оразам», «Құран Кәрімнің 30-шы парасын жатқа оқу», «Имам Науаидің хадистерін жинағын жатқа айту» секілді облыстық деңгейдегі жарыстарға қатысуға дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Аймақ жамағатының білім деңгейін көтеру мақсатында үздіксіз сабақтар жүргізіліп, түрлі тақырыптарда уағыздар айтылуда, сонымен қатар, Республикалық деңгейдегі ғалым ұстаздар шақыртылып, кездесулер өткізілуде.
Қасиетті айда облыс көлемінде атқарылуы тиіс ізгі шаралар легі мұнымен тоқтамақ емес.
Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің баспасөз қызметі