Аң аулау ережесін бұзу браконьерлік деп танылып, оған жол бергендер қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Арал аудандық ішкі істер бөлімінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы заңсыз киік аулаудың екі дерегі тіркелген болса, биылғы жыл басынан бері бұл көрсеткіш он беске жеткен.
Қыстың өте суық әрі қардың қалың түсуіне байланысты Бетбақдаланы мекен еткен бейкүнә жануарлар Арал қаласы мен Жақсықылыш кенті, Шижаға, Сазды, Қарақұм ауылдық округтерінің аумағына табиғи өріс аударып келген. Аудан әкімінің орынбасары Мұхтар Оразбаевтың басшылығымен құрылған жедел топ осы жануарларды бақылауға алып, аталған елді мекен тұрғындарымен кездесулерде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Қазіргі таңда Арал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінде құрылған жедел қорғау тобы аудандық ішкі істер бөлімі, облыстық орман және аң шаруашылығы аумақтық инспекциясы, орман және аңшылық шаруашылығы комитеті жанындағы "Охотзоопром ОБ” кәсіпорнымен бірлесіп жұмыс жасауда.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.