Әлемдік бокс жанкүйерлері Геннадий Головкиннің ұлттық нақыштағы шапапына тамсана қарайтыны қуантады. Бұл туралы ОҚК-да бүгін өткен баспасөз мәслихатында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Барлық әлем чемпионаттарында, Олимпиада ойындарында спортшылардың эпикировкасына баса маңыз беріледі. Мен өзіміздің дизайнерлерге, спорттық киімдерді тігетін компанияларымызға зор алғысымды білдіргім келеді. Қазақстан құрамасы шыққан кезде жанкүйерлердің зор құрметіне ие болатындығын көреміз. Сондай-ақ өзге елдердің спортшылары да Қазақстанда киімнің дизайны жақсы дамығанын алға тартып, мақтауын жеткізіп жатады», - дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Сонымен бірге, министр қазақы нақыштағы киімге адал Геннадий Головкинге алғысын білдірді.
«Мен аты аңызға айналған Геннадий Головкинге рахмет айтқым келеді. Ол рингке міндетті түрде ұлттық нақыштағы шапанымен ойқастап шығады. Айқас аяқталғаннан кейін міндетті түрде қайтадан шапанын киіп қайтады. Біздің ұлттық киімді көрген кезде кеудемізді мақтаныш сезімі кернейді! Мұны көру нағыз бақыт дер едім», - дейді министр.
Сонымен қатар, ол Қазақстанға келген Голливуд актері Николас Кейджге қатысты әзілдің тарап кетуіне орай пікірін білдірді.
«Біздің ұлттық киімді күлкі қылған қиыс көзқарастарға қарамастан, Геннадий Головкин мен біздің өзге де патриот спортшыларымыз оның танымалдылыққа ие екенін дәлелдеп келеді. Біз ұлттық спорт түрлері өкілдерінің экипировкасына назар аударамыз. Бұл ретте Бекболат Тілеуханға зор алғысымызды айтуымыз керек. Ол тек мықты әнші әрі мәжілісмен ғана емес, бүгінгі таңда оның қатысуымен ұлттық экипировка әзірленді. Экипировка спортшыларға аса ыңғайлы. Көкпардан өткен жылы болған Әлем чемпионаты көрсеткендей, Ұлттық құрамамыз өзінің мәнерлі киімімен өзгелерден гөрі айбындырақ көрінді», - деді министр.