БІРЛЕСКЕН ІС БИІККЕ ШЫҒАРАДЫ

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» тақырыбындағы ХХІ сессиясы өтті.

Шараға зиялы қауым өкілдері, облыстық ҚХА мүшелері, ҮЕҰ жетекшілері мен белсенділері қатысты. Сессияны ашқан облыс басшысы сәуір айында Елбасы бастамасымен өткен ҚХА-ның ХХVІ сессиясы жүктеген міндеттерді сөз етті. Сондай-ақ, Сыр өңірінде Ұлт Көшбасшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» үндеуіне қатысты айтарлықтай жұмыстардың жүргізіліп жатқандығын жеткізді.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасын аймақта іске асыруға бағытталған іс-шаралар жоспары бекітілді. Соған сәйкес өткен жылы Сыр өңірінде 600-ден астам іс-шаралар мен 79 жоба жүзеге асырылды. Мәселен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы маңызды бағыттардың бірі − «сананың ашықтығы». Осы ретте, «100 жаңа оқулық» және  «100 жаңа есім» арнайы жобасына өңірімізден ұсынылған қатысушыларды республикалық және жергілікті БАҚ арқылы кең ауқымды насихаттық жұмыстары жүргізіліп, «Тұлғатану» тақырыбында кездесулер ұйымдастырылды. 

Алдағы уақытта  «Жол картасына» енгізілген 81 жоба жүзеге асырылады. Оған облыстық бюджеттен 600 млн теңгеден астам қаржы бөлінсе, демеушілер есебінен 22 млрд теңгеден астам қаржы тарту жоспарланып отыр, – деді аймақ басшысы. Сондай-ақ, өңірімізде «Сотсыз татуласу орталығын» құру туралы пилоттық жобаның қолға алынып, қазіргі таңда облыс көлемінде 57 кәсіби және 615 кәсіби емес медиатордың жұмыс жасап жатқандығын айтты.

Сыр өңірі  құрылыс жүргізу жә­не  халықты тұрғын үймен қам­туда көш бастап тұр. Осы ретте облыс әкімі «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында биыл  620,8 мың шаршы метр тұрғын үй салу және жаңа тұрғын үй аумақтарына 217 шақырым инженерлік желілер жүргізу жоспарға алынғандығын, оған қоса 3 жылға арналған «Ор­да» тұрғын үй құрылысы жол картасының әзірленгендігін де айтып өтті. Бұл бағдарлама көп­балалы отбасы, мүгедектер мен тұрғындардың аз қамтылған топтарының барлығына қол- жетімділік туғызады.

Осы жылдан бастап М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік уни­верситеті «Киберқауіпсіздік» және «Про­цестерді математикалық модельдеу» мамандықтары бойынша Сыр жастарына 20 грант бөледі. Сонымен қатар, аймақ басшысы  атап өткендей, Татарстанның Президентімен жыл сайын 20 адамды өңір есебінен ақпараттық және цифрлық технологиялар бойынша Иннополис университетінде оқыту туралы келісім жасалған. Мұндай келісім Ресей Феде­рациясының бюджеті есебінен Ресей мемлекеттік аграрлық университетінің К.А.Тимирязов атындағы Мәскеу ауыл­шаруашылық академиясына «Бака­лавр» бағдарламасымен «Білім сала­сындағы ақпараттық жүйелер» мамандығына се­гіз талапкерді және магистратура бағ­дарламасы бойынша «Инженерлік бі­лім беру жүйесін ақпараттандыру» мамандығына  жиырма талапкерді  жаңа­­дан оқуға қабылдауға байланысты жүр­гізіліп, оң шешімін тапқан.

– Біз жыл сайын облыс әкімінің грантымен аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 100-ге жуық дарынды ауыл балаларын аймаққа қажетті мамандықтар бойынша еліміздің жетекші жоғары оқу орындарына жіберудеміз. Бүгінде осындай гранттарға 700-ге жуық адам ие болды. Ал, биыл осы бағдарлама бойынша 159 дарынды баланы оқытуды, оның 70 процентін ІТ- мамандықтарына бағыттауды жоспарлап отырмыз, - деді облыс әкімі.

Елбасы ұсынған бесінші бастама негізінде де аймақта ауқымды жұмыс жүруде. Солардың бірі  –  еліміздің ор­талық және солтүстік өңірлерін газ­дандыру мәселесі. Бұл бойынша «Қара­өзек-Жезқазған-Қарағанды-Темір­тау-Астана» бағытында магистральды газ құбырын салу жобасы жүзеге асы­рылады.

– Елордамыз Астананы газдандыру Сыр өңірінен бастау алатыны біз үшін үлкен қуаныш.  Біз бұл мәселені бірнеше жыл зерттедік. Нақты айтар болсақ, бұл  – сметалық құны 370 млрд теңге болатын инвестиция, бюджетке түсетін түсімдермен, ең бастысы, жаңа жұмыс орындары. Жоба бойынша кемінде 200 қызылордалық жұмыспен қамтылады деп отырмыз, – деді аймақ басшысы.

Жиын барысында Сырдария ауда­нының әкімі Ғанибек Қазантаев, «Рухани жаңғыру» орталығының директоры, облыстық ҚХА жанындағы ғылыми-сарапшылық тобының жетекшісі Нұрлыбек Мыңжас, Қармақшы ауданы, Т.Көмекбаев атындағы №250 орта мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Альбина Гадирова, «Қызылорда су торабы» 899 пикетінің 3- бөлімше басшысы, Жалағаш ауданының тұрғыны Сейіл Алмурзаев, облыстық ҚХА мүшесі, «Авангард-Мұнай» ЖШС директоры Қанат Абикешев, «Қолөнер» ұлттық нақыш орталығының директоры Аида Керімқұлова, Шиелі ауданы, «Волковгеология» АҚ филиалы, №23 геологиялық барлау экспедициясының инженер-геологы Андрей Вебер, «Мұрагер» мектебінің 10-сынып оқушысы Евгений Демиденко сөз сөйледі. Олар Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бас­тамасы» атты халыққа үндеуінде көр­сетілген мәселелерді жүзеге асыру мен жеткізу төңірегінде және бейбітшілік пен келісімді нығайту, ұлттық құн­дылықтарды сақтай отырып, ұрпақ сабақтастығын өркендету, үштілділікті дамыту жайлы ой-пікірлерімен бөлісті.  Сондай-ақ, Мемлекет басшысының сарабдал саясаты мен жүргізіліп жат­қан реформаларын қолдап, рухани жаңғыру жолында аянбай еңбек етуге шақырды. Жиынға қатысушылар өз кезектерінде Сырдың сол жағалауында бой көтеріп келетін жаңа қалаға ұлттық нақышта безендірілген кварталдарды қалыптастыруды, 2019 жылды сандық технология жылы деп жариялау туралы да  ұсыныстарын жеткізді.

Сессияны қорытындылаған облыс әкімі ұсыныстардың назарда бола­тындығын айтып, басқосуда талқыланған мәселелер бойынша бірқатар міндеттерді белгіледі. Бұл ретте, рухани жаңғырудың өзекті міндеттерін орындау үшін азаматтық қоғам өкілдерінің қатысу аясын кеңейтуде «Рухани жаңғыру» орталығы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясымен тығыз байланыста жұмыс жүргізуі керек. Екінші, өңірлік «Рухани жаңғыру» орталығы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті облыстық ҚХА-мен бір­лесе отырып қазақ мәдениетін, тарихын, философиясын, қазақ елі­нің құндылықтарын насихаттауға бағытталған «Қазақтану» ғылыми-ағарту жобасын іске асыруы қажет. Үшінші, әлеуметтік бірлік жолындағы жұмыстарды ескере отырып, аудандық әкімдіктер мен құзырлы мемлекеттік органдар қазақстандық этностардың мәдениетін дамыту үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясын кеңейтуі, төртіншіден, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» ілгерілетуге және оның іске асырылуына қоғамдық бақылау орнатуы керек. Сонымен бірге қайырымдылық жұмыстарын жалғастыру, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының жұмысын дамыту, қала, аудан және ауылдық округ әкімдері облыстық Ассамблеямен бірлесе отырып Қоғамдық келісім кеңестерін жергілікті бюджетті тиімді пайдалануға жұмылдыру, аудандарда «Достық үйін» ашу, бейбітшілік және келісім тақырыбы бойынша әлеуметтік роликтер циклін дайындау сынды басымдыққа ие жұмыстар тапсырылды. Облыс әкімі сондай-ақ, «Достық үйі» базасында қазақстандық этностардың мәдениеттерін, тілдерін және дәстүрлерін әрі қарай дамыту бойынша жұмыстар жүргізуді, облыстық білім басқармасы мен Ассамблея хатшылығы бірлесе отырып, этномәдени бірлестіктердің орта арнаулы оқу орындарымен байланысын нығайту мақсатында өзара көмек және қолдау мүмкіндіктерін қарастыруды және  «Сотсыз татуласу орталығын» құру жобасы аясында мүдделі органдар облыстық ҚХА-ның медиация кабинетімен бірлескен жұмыстарды жүзеге асыру қажеттігін тиісті мекемелерге жүктеді. Әрине, аталған міндеттердің орындалуы облыстық Ассамблея жұмысын жаңа деңгейге көтеретін болады.

Жиын соңында қатысушылар ­             31 мамыр – Саяси қуғын сүргін және ашар­шылық құрбандарын еске алу күніне орай, «Чтобы помнили» деректі фильмінің көрсетілімін тамашалады.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы».

ҚОҒАМ 24 мамыр 2018 г. 636 0