Көлік жүргізушілеріне жағымды жаңалық: ІІМ түзетулері күшіне енеді

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі автомобиль жүргізушілеріне қатысты өзгерістер жайлы еске салды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ведомствоның әлеуметтік желідегі парақшасына сілтеме жасап.  2018 жылғы 26 мамырдан бастап "Көлiк құралының сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарының жекелеген түрлерiн мемлекеттiк тiркеу және есепкеалу, Механикалық көлік құралдарын жүргізушілерді даярлау, Емтихандар қабылдау және жүргізуші куәліктерін беру қағидаларын бекіту туралы" ІІМ-нің 2014 жылғы 2 желтоқсандағы №862 бұйрығына, сондай-ақ "Жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту туралы" ІІМ-нің 2015 жылғы 14 сәуірдегі № 341 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар күшіне енетіні хабарланып отыр.
"Өзгерістер көлік құралын тіркеу және жүргізуші куәлігін алу кезінде азаматтар үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталғанын атап өткен жөн. Мәселен, қайта тіркеу кезінде: есепке қою, көлік құралдарын тіркеу туралы куәлікке өзгерістер енгізу және басқа да тіркеу әрекеттері кезінде бұрын тіркелген көлік құралдары қарап тексеруден өткізілмейді. Сонымен қатар, алғашқы рет тіркеу кезінде, яғни көлік құралы Қазақстанда бірінші рет есепке қойылса нөмірлік агрегаттардың есепке алу деректеріне сәйкес келуін салыстыра тексеру мақсатында қарап тексеруден өткізу міндетті (Қазақстан Республикасының аумағында көлік құралын шығаратын ресми дилерден (өкілден) сатып алынған көлік құралдарын қоспағанда)", - делінген хабарламада.
Осылайша, Қазақстанға шетелден, оның ішінде ЕАЭҚ елдерінен әкелінетін көлік құралдарын есепке қою кезінде қарап тексеру рәсімінен өткізу қажет.  Қолда бар кез келген мемлекеттік нөмірлік белгіні (МТНБ) өз қалауы бойынша таңдау мүмкіндігі пайда болды (бұрын мұндай мүмкіндік жоғары сұранысқа ие МТНБ сатып алуға ниет білдірген адамдарда ғана болған).
"Қолда бар нөмірлер туралы ақпарат ақпараттық стенділерде орналастырылады, ал Мамандандырылған ХҚКО-ларда арнайы терминалдар орнату жоспарлануда, олардың көмегімен қолда бар нөмірлердің ішінен ұнағанын таңдап алуға болады. Одан басқа, автокөлік иелері мемлекеттік нөмірді таңдап алу және электрондық үкімет порталы арқылы барлық құжаттарды беру, сол жерде барлық баждар мен алымдарды төлеу, содан кейін ТЕБ-ке немесе Мамандандырылған ХҚКО-ға жүгіну және мемлекеттік нөмірлік белгіні және көлік құралын тіркеу туралы куәлік алу мүмкіндігіне ие болады", - делінген хабарламада.
МТНБ телнұсқаларын дайындау мерзімі қысқартылады: (мемлекеттік нөмір жоғалса, ұрланса немесе жарамсыз болғанда), енді бұл мерзім Астана, Алматы қалаларының тұрғындары үшін - 5 күнді, басқа өңірлер үшін - 15 күнді (бұрын 30 күн болған) құрайды. Жүргізуші куәлігінің (ЖК) қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін оны ауыстыру кезінде медициналық комиссиядан өту талабы жойылады.
Сонымен қатар, егер жүргізуші куәлігі алғашқы рет берілсе және қосымша санаттар ашылса, сондай-ақ ЖК қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін ауыстыру кезінде медициналық анықтаманы міндетті түрде ұсыну қажет. Одан басқа, енді әкімшілік полицияның барлық тіркеу-емтихан бөліністері (ТЕБ) азаматтарды дүйсенбі күні де қабылдайтын болады (бұрын дүйсенбі техникалық күн болған). Осылайша, ТЕБ жұмыс кестесі мынадай болады: дүйсенбі-жұма күндері сағат 9.00-ден бастап 18.30-ға дейін (түскі үзіліс сағат 13.00-ден бастап 14.30-ға дейін), сенбі күні - сағат 8.00-ден бастап 16.00-ге дейін (түскі үзіліс сағат 12.00-ден бастап 13.00-ге дейін).
ҚОҒАМ 23 мамыр 2018 г. 625 0