Облыстық ішкі істер департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағының инспекторы, полиция капитаны Бауыржан Нұржанов жуырда Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымовтың қолынан «Ерлігі үшін» мемлекеттік медалін алды.
Департаменттің баспасөз қызметі мәлімдегендей, марапат оның бейбіт күндегі ерлігі үшін беріліп отыр. Өткен жылдың ызғарлы қазан айы болатын. Қызылорда қаласындағы Шымкент көшесінің бойындағы үйлердің бірінен өрт шыға бастады. Мұны полиция капитаны Бауыржан байқап қалады. Дереу пәтерге қарай ұмтылған ол 101 нөміріне хабарлама беріп үлгереді. Ойланбастан өрт шыққан пәтердің есігін сындырып, ішіне кіреді. Өзінен кейін оқиға орнына криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Уәлихан Исмаилов жетіп, екеуі қара түтін тұмшалаған үйден 5-6 жастағы балғындарды құтқарып алып шығады. Қос азаматтың қайсарлығының арқасында зардап шеккен ешкім болған жоқ.
Отан алдындағы антына берік, қызметтік міндетіне адал полиция капитанының ерлігі көпке үлгі, жастарға өнеге.
«СБ» ақпарат.