Назарбаева ұстаздар мен дәрігерлерге тұрғын үй бағдарламасын әзірлеуді ұсынды

 Сенат депутаты Дариға Назарбаева мұғалімдер мен дәрігерлер үшін арнайы тұрғын үй бағдарламасын әзірлеуді ұсынды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.Сенатта "Нұрлы жер" бағдарламасының жүзеге асырылу барысы талқыланған болатын.

"Мұғалімдер мен дәрігерлер - үлкен азаматтық сектор. Олар бүгінгі күні баспанамен қамтамасыз етілу жағдайы бойынша өте әлжуаз болып отыр. Әзірге ешбір ипотекалық бағдарлама олардың тұрғын үй мәселесін толық көлемде шеше алмай келеді", — деді Дариға Назарбаева.

Ол мұғалімдерге арнайы тұрғын үй бағдарламасын әзірлеуді ұсынды.

"Оларға қалай көмектесуге болады? Біз оларды мемлекеттік және азаматтық қызметке ұмтылып, өз біліктілігін арттыруға ынталандыруымыз қажет. Сондықтан олар үшін әскери қызметшілер секілді жеке бағдарлама әзірлеуді ұсынамын", — деді Назарбаева.

Сенат депутаты баспана мәселесі өзекті болып отырғанын алға тартты.

"Қазір баспана мәселесі өте өзекті. Жыл сайын тұрғын үй көлемін арттырып жатырмыз, бірақ халық саны да өсіп жатыр. Сондықтан алдағы жүз жылда баспанаға мұқтаж халықтың бәрін қамтамасыз ете алмаймыз деп қорқамын", - деген алаңдаушылығын білдірді сенатор.

ҚОҒАМ 21 мамыр 2018 г. 555 0