Аймағымызда кезінде қолға алынған селолық тұтыну кооперативтерінің жергілікті өзін-өзі басқару тұрғысында қызмет етіп, атқарушы орынның жұмысына жан-жақты қолдау көрсеткендігі елдің есінде. Аталмыш үкіметтік емес ұйым ауылдық елді мекендердегі қоғамдық билік тетігінің негізгі бір формасы ретінде елді мекеннің көркеюіне, абаттандырылуына, басқа да біршама ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында жүрді. СТК ауыл тұрғындарына қажетті елді ауыз су мен аяқ судың қамтамасыз етуде өзінің игі әсерін тигізе білді. Сол секілді жеке тұрғындардың мал бағылымын ұйымдастыру, бірлесе егін егу жұмыстарына қатысып, ауыл тұрғындарының нарықтық қатынастарды меңгеруіне де қызмет жасады. Елді мекендердегі көпірлерді жөндеп, арық-атыздарды тазалау жұмыстарының да ұйтқысы бола білді. Сондай-ақ, ауыл арасындағы бірлі-жарым дау-дамайды шешетін бітімшілік жұмыстарына да араласып, ел ынтымағының сақталуында үлкен рөл атқарды. Өйткені, СТК төрағалығына шаруашылық жұмысынан хабары бар, сол ауылдағы беделді азаматтар таңдалып алынған болатын. Олар ауыл әкімдерімен бірлесе отырып, Елбасы бағдарламаларының жергілікті жерде тиімді атқарылуына мұрындық болғанына жұртшылық куә.
Қазақ – қауымдаса, бірлесе тірлік жасауға қалыптасқан халық. Осы орайда ауылдың үлкен-кішісі өз ұсыныстарын еркін айта алатын және де қабылданған шешімді бірлесе атқаруға құмбыл кірісе алатын СТК-ның орны айрықша екендігі тәжірибе жүзінде өзін-өзі ақтады деп айтуға толық негіз бар. Алайда, осы құрылымның жұмысындағы сол белсенділік қазіргі уақытта сәл саябыр тартқан сыңайлы. Ауыл әкімдері қатарына ұжымдық шаруадан хабарсыз жастар келіп жатса, байырғы тәжірибелі СТК басшыларының біразының зейнет демалысына кетуі, қаржылық қолдаудың бір ізге түспеуі де кері әсерін тигізген болуы керек.
«Дегенде, облыс басшылығы СТК-ны тек ауылды көккейту, көріктендіру жұмыстарына ғана емес, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіптік тұрғыда пайдалану жолдарын іздеп, оның ауқымын кеңейтудің тиімділігін қарастырып жатыр. Шындығында, бұл құрылым заңдық тұрғыда да шеткі аймақтардағы күрмеуі қиын мәселелерді шешуге лайық. Тек іс тетігін таба білу оның оңтайлы орайын келтіреді», деді Қызылорда облыстық селолық тұтыну кооперативтері қауымдастығының төрағасы Сәмит Далдабаев Жаңақорған ауданында өткен ауыл әкімдері мен СТК төрағалары қатысқан алқалы жиында. Расында, ауыл шаруашылығы жұмысында шыңдалған, есепті де білетін кадрлардың қажеттілігі, олардың басын қоса білсе, елге пайдалы шаруалармен шұғылдану мүмкіндігі артары сөзсіз.
Жиында хабарлама жасаған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әбутәліп Сүйіндіков: « 2005 жылы ауданда 28 СТК құрылса, оның нақты уақытта 14-і өз жұмысын тоқтатты. Дегенде, «Жансая», «Қазына», «Жаңақорған», «Ел ырысы» секілді СТК-лар қажетті лицензияларын ұзартып, жұмыстарын жалғастыра алатындығын өз істерімен дәлелдеді. Демек, самарқаулықты қойып, жүйелі жұмыс атқаруға ұмтылуымыз керек», деді. Аталмыш жиын барысында жарыс сөзге шыққан Жайылма ауылындағы «Қазына» СТК төрағасы Әлібек Бөкеев, Көктөбе ауылындағы «Шапағат» СТК төрағасы Берді Бекжігітовтер өз іс-тәжірибесімен бөлісті. Олар сатып алу заңдылығы бойынша өз ауылдарында және көрші елді мекендерде балалардың ойын алаңдары, басқа да шағын құрылыстарды салумен шұғылданып, тұрғындардың жұмыспен қамтылуына да септігін тигізген. Осындай жұмысты басқалардың да атқаруына мүмкіндігі бар екендігін іс жүзінде дәлелдей алды.
Ауыл әкімдері, СТК төрағалары қатысқан басқосуды Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Серқожа Ыдырысов басқарып, жүргізіп отырды. Жиналысты Қызылорда облыстық селолық тұтыну кооперативтері қауымдастығының төрағасы Сәмит Далдабаев қорытып, алдағы жоспарлар туралы өз ойын ортаға салды.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы.