ЭНЕРГИЯ YНЕМДЕУ ҒАЛАМДЫҚ ПРОБЛЕМА

ЭНЕРГИЯ YНЕМДЕУ ҒАЛАМДЫҚ ПРОБЛЕМАоны Қазақстанда шешу мүмкіндіктері мол
Жаңа, 2014 жылға қадам бастық. Әлемнің түкпір-түкпірінен түсіп жатқан хабарларға ден қойсақ, экономикадағы ахуал ала-құлалығымен сипатталады. Көптеген елдер экономикадағы дағдарыстан толық сауығып кеткен жоқ. Бұған қосымша айтарымыз, әлемде энергия көздерінің бағаларына қатысты айтылатын болжамдар әртүрлі, 2014 жылы оның қандай өлшемде болатынын мамандар да, саясаттанушылар да дөп басып айта алмайды. Ал мұнайға бай Қазақстан үшін бұл өткір мәселе екені және айқын. Себебі, еліміздің бюджеті үшін мұнай және басқа да шикізат көздері басты табысымыз  болып табылады.
АҚШ-тың және Батыс Еуропаның саясатшылары осыдан бірнеше жыл бұрын шикі мұнайды, табиғи газды алмастыратын сланец газы дегенді ойлап тауып, біршама дүрлігісіп қалған болатын. Бұл әншейін даурықпа болып шықты. Сланец газы мұнайдың, газдың берген қуатын бере алмайды. Тіпті оның өзіндік құны да қымбат болып шықты. Зерттеулер нақ осыны көрсетті. Қысқасы, әлемдік сарапшылардың пікірінше, табиғи газ бен мұнайды алдағы 30 жыл көлемінде алмастыра қоятындай балама отын түрі табыла қойған жоқ.
Бірақ Қазақстан көшбасшысы Н.Назарбаев экономиканы әртараптандырумен бірге энергияны үнемдеуді өткір мәселе ретінде қарастырып, оны "ЭКСПО-2017” халықаралық көрмесінің басты тақырыбы етіп бекітуі еліміздің болашағына бағытталған қадамдардың бірі болып табылады. Бұл біздің шикізатқа бай ел ретінде әлемдегі орнымыздың айшықтала түскенін аңғартады.
Қазақ елі тәуелсіздігін алғаннан бері қуатты мемлекет ретінде қалыптасып, әлемнің алдыңғы қатарлы еліне айналу жолында талай белестерді бағындырды, тамыры тереңде жатқан төл тарихымыздың жаңа беттері ашылды. Осы қысқа ғана уақыт ішінде экономикалық және әлеуметтік маңызы зор жобаларды қолға алып, әлемдік деңгейдегі іс-шаралардың өтуіне ұйтқы болды.
"EXPO-2017” халықаралық көрмесін өткізуге ниетті Қазақстан әлемдік қауымдастыққа "Болашақ энергиясы” тақырыбын ұсынғаны белгілі. Қалай дегенде де, EXPO сияқты халықаралық көрмелерге қатысу қай елдің болса да әлеуетін дүниежүзіне паш етуге берілген тамаша мүмкіндік деуге болады. Оның үстіне, әлем алдында өзіңнің даму деңгейіңді іс жүзінде дәлелдей отырып, шараны жоғары жауапкершілікпен өткізу – өте зор құрмет.
Астанада EXPO өткізуге арналған тақырып кездейсоқ таңдап алынбаса керек. Жеріңде табиғи байлықтың мол қоры бола тұра, Қазақстан баламалы энергетика мәселесін қозғауы тегін емес, әрине.
Өйткені, шикізат көзіне айналып отырған еліміз оның түбінде бір түгесілетінін жақсы түсінеді. Сондықтан да тұрақты энергияны, баламалы энергетиканы пайдалану және табиғи ресурстарды сақтау барлық энергетикалық саланы дамытудың басым бағытының бірі болып табылады. "Болашақ энергиясы” – жел, күн, су, ғарыш баламалы энергетика, биомасса энергиясы, атмосфераға СО2 қалдықтарын төмендету мәселелерін терең қозғайтын өте ауқымды түсінік.
Әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттері ғылымдағы өзінің соңғы жаңалықтарын ұсынатын бұл халықаралық көрмені өткізу идеясы неден туындап отыр? Жасыратыны жоқ, бүгінде елімізде баламалы көздерден қуат алу мәселесі әлі де болса шешілмеген. Ал әлем дамудың жаңа, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз жолдарын қажетсінеді. Міне, сондықтан да Қазақстан "Жасыл экономикаға” бет бұрды. Егер EXPO-ны өткізудің сәті түссе, осы бір қордаланған мәселелер шешімін табады деп сенеміз. Миллиондарды толғандыратын болашақ энергиясы тақырыбын талқылау адамзат тарихындағы кең ауқымды пікірталастардың бірі болып қалмақ. Оны әлемдік қауымдастық да жете түсініп отыр. Астананың игі бастамасына көрші, бауырлас елдерді айтпағанда, дамыған Еуропа мемлекеттерінің көбісі қолдау білдіруде.
Бүгінге дейін еліміздің географиялық орналасу жағдайын, жел және күн энергиясын пайдалану мүмкіндігін, сондай-ақ мұнай және газ ресурстарының энергетикалық әлеуетіне қатысты жоғары деңгейде басқосулар өткізілуде. Осы басқосуларда білдірілген сараптамаларға жүгінсек, Қазақстанның сағатына 1 трлн. кв энергия өндіруге мүмкіндігі бар. Оның үстіне "ЭКСПО-2017” көрме қалашығы толықтай баламалы энергия көздері арқылы жұмыс істеуге көшеді. Мұны көріп-біліп отырған сарапшы мамандар еліміздің мүмкіндіктері мен артықшылықтарын толық мойындауда.
2012 жылы елімізде маңызды оқиға болды. Стин Кристенсеннің басшылығымен Көрмелердің халықаралық бюросы Сарапшылық комиссиясы елімізге жұмыс сапарымен келді. Стин Кристенсен мен ХКБ бас хатшысы Висенте Гонсалес Лоссерталес екі рет БАҚ өкілдерімен кездесті. "Дөңгелек үстел” барысында олар Қазақстандағы жұмыс кездесулері туралы алған әсерімен, тың ойларымен бөлісті. Атап айтсақ, Стин Кристенсен Астана ұйымдастыру комитеті құжаттар жинағын дайындау бойынша тамаша жұмыстар атқарғанын мәлімдеді. Техникалық кездесу барысында туындаған барлық сұраққа жауап алғанын айтты. "Біз Қазақстан Президентімен, ел Yкіметінің министрлерімен, Мәжіліс, Сенат өкілдерімен, Астана қаласының басшысымен, азаматтық қоғам өкілдерімен, YЕҰ, академиялық топтармен, студенттермен, кәсіподақтармен кездесу өткіздік. Барлық бұл мүдделі тараптар Астана "EXPO-2017” жобасына толығымен қолдау көрсетіп отыр. Мен де Қазақстанның жеңіске жетуіне шын жүректен тілектеспін және бұл елдің қонақжайлылығы үшін алғыс айтамын”, – деп ағынан жарылған еді С.Кристенсен, сол жылы еліміз айтулы жеңіске жетті. Бұл Қазақстанның әлемдегі мерейін тағы үстем етті.
Бұдан шығатын қорытынды, әлемдегі белді ұйымдар Қазақстанның EXPO көрмесін өткізуіне бір жағынан мүдделі болып отырса, екінші жағынан Қазақстан мен оның "энергия” тақырыбына деген қызығушылығын көптеген елдер қолдауда.
Тағы да мамандардың пікіріне тоқтала кетуді жөн көріп отырмыз. ХКБ бас хатшысы Висенте Лоссерталес Астананың "EXPO-2017”-ні өткізуге мүмкіндігі жоғары екенін әрдайым атап көрсетіп жүрді. Ол біздің еліміздің үш артықшылығына баса мән берген болатын. Оның пайымынша, біріншіден, Қазақстан басшылығының саяси еркіндігі бар, екіншіден, бұл істі абыроймен атқаруға қажетті қор жеткілікті, үшіншіден, біздің еліміз ұсынып отырған "Болашақ энергиясы” тақырыбы бүгінде бүкіл дүние жүзінде маңызға ие болып отыр.
"EXPO-2017” ұлттық жобасына Мемлекет басшысының өзі қолдау көрсетуі оны сәтті іске асырудың маңызды факторы болып табылады. 2011 жылдың жазында Ислам конференциясы ұйымы Сыртқы істер министрлігінің 38-ші сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұйымға мүше мемлекеттер "EXPO-2017” дүниежүзілік көрмесін өткізуде Қазақстанның кандидатурасын қолдайтынына сенім білдірді. Президент бүгінде энергетикаға ауқымды инвестиция салу бүкіл әлем үшін өте маңызды мәселе болып табылатынын атап өтті.
Тарихқа көз жүгіртсек, EXPO дәстүрлі көрмесі бұған дейін Азияның солтүстік шығысында, Еуропа мен Солтүстік Америкада өткізіліп келген екен. Ал енді Шығыс пен Батыстың арасындағы алтын көпір болып табылатын жаңа өңірде, Еуропа, Таяу Шығыс елдерімен, бұрынғы Кеңес республикаларымен, сондай-ақ Орталық Азия елдерімен өте жақсы қарым-қатынас орнатқан жас мемлекетте өткізу Астанаға тағы бір ұпай алып келетіні белгілі.
Қорыта келгенде, күннен күнге дамып келе жатқан заманауи технологияларды тиімді пайдалану үкіметтік деңгейде қолға алынса, біздің дәстүрлі энергия көздеріне тәуелділігімізді айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік туар еді. Сонда біз қоршаған ортаны зиянды қалдықтардан қорғап қана қоймай, көптеген жұмыс орнын құрып, сатып алу қабілеттілігін арттыра аламыз. Сондықтан да біздің Тәуелсіз жас мемлекетіміз үшін "EXPO-2017” көрмесін өткізудің маңызы өте зор. Бұл – біз үшін үлкен жетістік, зор абырой.
Ж.ӘЛМАХАНҰЛЫ.

ҚОҒАМ 01 сәуір 2014 г. 1 221 0