ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ ҰЛАҒАТЫ

Ұрпақ тәрбиесі – адамзат дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын бірден-бір айрықша құбылыс. Осы ретте ең алдымен ата-бабамыздан қалған ұлттық мәдениет,  ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тіпті ұлттық музыка негізінде келешек ұрпақты тәрбиелеуіміз керек.
Ұрпақтан ұрпаққа мұра болып, ғасырлардан келе жатқан халқымыздың тәрбие беру жолы бүгінгі ұрпақ тәрбиелеу үрдісінде кеңінен орын алуы тиіс. Бұл – мемлекет келешегінің мызғымас кепілі. Келешек тірегі бүгінгі жас ұрпақты жан-жақты, ақыл-парасаты мол, ізетті, кішіпейіл, мәдениетті азамат етіп тәрбиелеу – ата-ананың, мұғалімнің, мектептің, барша адам баласының қоғам алдындағы борышы. Осымен байланысты Қазақстан Республикасының этникалық мәдени білім тұжырымдамасында: "Тәрбиенің түп мақсаты – қоғамның нарықтық қарым-қатынасқа көшу кезінде саяси-экономикалық және рухани дағдарыстарды жеңіп шыға алатын өмірге икемделген, білікті, жан-жақты мәдениетті дамытуға ерекше мән берілген.
Бүгінгі таңда Шығыс пен Батыс, Еуропа мен Азия мәдениеттерінің өзара тоғысуы кезіндегі ұрпақ тәрбиесін оңтайлы жүргізу үшін қандай мақсат қойылуы, нендей міндеттер іске асырылуы қажет деген сауалдар туындауда.
Жалпы "жастарға ұлттық тәрбие беру” деген ұғымды жастар бойында ізгі қасиеттерді ұлттық ерекшелікке сай қалыптастыру деп ұғынуымыз керек. Бұл орайда біз жас ұрпақтың іс-әрекеті, сезімі мен ойлау ерекшеліктері, оның өмір сүріп отырған қоғамдық тарихи жағдайларына тәуелді болатындығын міндетті түрде ескере отырып, әр баланың өзіне тән санасы, еркі, шығармашылық қарым-қабілетіне сай ұтымды әдіс-тәсілдерді қолданғанымыз жөн.
Қазіргі ел жастарының ұлттық сана сезімін, имандылық қадір-қасиетін қалыптастыруда қазақ ұлтының төл мәдениеті, салт-дәстүрлері, әдет-ғұрпы негізіндегі түрлі қосымша арнайы пәндерді, курстарды енгізу жастарға ұлттық тәрбие берудің бірден-бір оңтайлы жолына айналары сөзсіз.
Жас ұрпақты тәрбиелеу ісі – жалпыадамзаттық іс. Сондықтан жүктің жеңілдігі жұмыла көтеруде екендігін ескеріп, бүгінгі жас ұрпаққа ұлттық мүддеге сай тәрбие беруде баршамыз біріге күш салғанымыз абзал. 
Жазира ӘУЕЗОВА,
№261 мектеп мұғалімі.

ҚОҒАМ 29 наурыз 2014 г. 1 059 0