Бүгінде жалпы білім беретін мектеп ұжымдары көп жағдайда өздеріндегі сабағын нашар үлгіретін немесе тәртібі қиын саналатын оқушылардан неғұрлым тезірек құтылуға тырысатынын несін жасырайық.
Бұрын мұндай жасөспірімдерді кәсіптік-техникалық училищелерге қарай ығыстырып келсе, енді оларға оқуын кешкі жалпы білім беретін мектептерде жалғастыруына кеңес беріп жатады.
Сондағысы не десеңіз, мұның бәрі қалайда мектептің білім сапасының көрсеткішін жоғары етіп көрсету, қысқасы, ҰБТ қорытындысында ұжым абыройына «кір келтірмеудің» алдын алу жолындағы жанталастың әлегі. Әлбетте, бұдан кешкі мектептерге тек осындай өндір жастар ғана келеді екен деп ой түюге мүлдем болмайды. Себебі мұндағы шәкірттердің басым бөлігі еңбек пен оқуды қабат алып жүріп, ата-анаға ауыртпалығын салмай мақсатына жетуді армандайтын нағыз романтик жасөспірім жастар мен сонымен қатар тұрмыс жағдайына байланысты білім алуын жұмыс істеп жалғастыруға мәжбүр болатын жасөспірімдер.
Дегенмен, жоғарыда айтқанымыздай, олардың ішінде негізінен 7-8 сыныптарда оқитын «қиын» балалар да жоқ емес. Әңгіме олардың қайда оқығанында да емес, мәселе неге мұғалім мен ата-ананы тыңдамайтынында, мінезі мен жүріс-тұрысындағы оқыс өзгерістерде болса керек. Бұл, әсіресе, мектеп қабырғасындағы 13-15 жас аралығындағы өмірдің өтпелі немесе «дағдарысты» деп аталатын бозбала кезеңін бастан өткізетін жасөспірімдер арасында айрықша кездесетіні де белгілі жай. Міне, көптеген ата-ана мен мұғалімдерді толғандырып, айрықша алаңдататын да осы жағдай екені түсінікті. Жасөспірімнің бұл жасының «өтпелі», «қиын», «күрделі» деп аталып, мұнысы олардың психологиялық ерекшеліктерінен де байқалатыны тегіннен-тегін емес. Бұл кезеңдегі жасөспірімдердің мінез-құлқындағы қарама-қайшылықтардың негізі айналып келгенде олардың жыныстық, жалпыорганикалық және әлеуметтік дамуының біркелкі болмайтындығынан туындайтынын да ескеру керек.
Шынуайтына келгенде, бұл адам өмірінің өтпелі кезеңіне тән құбылыстар ғана. Ең бастысы, жасөспірімнің бойында 12-15 жас аралығында болатын осы табиғи өзгерістердің ойдағыдай өтуіне ата-ана да, ұстаз да түсіністікпен қарап, әрқайсысы өз тарапынан көмектесуге тиіс. Сөз жоқ, баланың есею кезеңі көптеген ата-аналар үшін нағыз сынақ болып саналатыны талассыз шындық. Сәбиді кішкентай кезінде ұрып-соғып, оған дөрекі қарым-қатынас жасаған отбасында өскен бала есейген сайын енді өзі дөрекілік көрсететінге шығып, ата-ананы сыйламайтынын да өмірде аз көріп жүрген жоқпыз. Демек, қысым неғұрлым қатты болған сайын қарсылық та соғұрлым күшейе түспек. Егер ата-аналар өзара ұрысып-керісе беретін болса, отбасындағы бұл дау-дамайға күндердің күнінде балаңыздың да қалай араласып кеткенін өзіңіз де аңдамай қаласыз. Сондықтан ертең балаңыз өрескел іс жасамасын десеңіз, ондай оспадарсыз әрекетке алдымен өзіңіздің бармағаныңыз абзал.
Біле білсек, табиғат балаға балалықтан даналықтың алғашқы сатысы жастық шаққа аттап қадам басудың табалдырығы ретінде жасөспірімдік кезеңді текке сыйға тартпаған. Сондықтан барлық ата-аналар егер балаларының болашағын ойласа, ең алдымен өз мәселелеріне, өздерінің қалай өмір сүріп отырғандарына ерекше назар аударуы керек.
Елімізде тәрбие ісіне барынша қолайлы жағдайлар жасалып отырғанын тәптіштеп айтып жатпасақ та болар. Демек, осы орайда бүгінгі таңда әрбір ұстаз бен әрбір ата-ана бірінші кезекте балалармен қарым-қатынаста топтық, ұжымдық және жекелей жұмысты ұйымдастыруға қиындық келтіретін, сондай-ақ жасөспірімнің ізгілікті мінез-құлқынан ауытқуына әкеліп соқтыруы мүмкін субъективті себептерді жоя білуге қабілетті тәрбиеші болуға тиіс.
Сәуле СЕЙІТЖАНОВА,
Шиелі ауданындағы кешкі жалпы білім беретін мектеп психологы.