Замана өзгерістеріне сай жаңа технологиялар дамыған сайын жасөспірімдер ұялы телефондар мен компьютерлерге бауыр басып барады. Олар тіптен күнделікті тұтынатын заттарға айналып кетті.
Компьютер, ғаламторлар мүмкіндігінше қолданысқа енгеннен бастап, адамдардың көбісі компьютерге байланып отырушы еді, енді ол жетілдіріліп, ұялы телефондарға да ғаламторлар енгізілді. Көшеде болсын, үйде, жұмыс орнында, қай жерге барсаңыз назарыңыз ұялы телефонға шұқшиып отырған адамдарға түседі. Бұл аз болғандай, мектеп оқушылары да ғаламтордың «тұтқынына» айнала бастады. Сиқырлы құты сәбилерді де шырмап барады. Көбісінің ата-анасының айтқанына құлақ қойғысы жоқ, телефонды шұқылап әлденемен әлек. Расында, оларға ғаламтордың қаншалықты қажеті бар деп еріксіз ойға қаласың. Шынтуайтында, ата-аналар да бала болашағына бейқам қарайтын секілді, көбісі балаларының қолдарына елден қалмасын деп қымбат ұялы телефондар алып беріп, өздерінен біртіндеп алыстатып жатқан жоқ па екен?!
Баласының телефонмен әуре бола жүріп, рухани жан азығынан, сауаттылықтан қалып бара жатқанын сезе бермейді-ау. Айтатын ойын, дәп бір мылқауларша жазып, тіл байлығының кеміп бара жатқанын да байқамайды. Ғаламтордағы онлайн ойындары балалардың сөйлеу тілін кемітіп, шығармашылық ой қиялдарының жетілуіне кедергі жасайтын көрінеді. Сондықтан да жасөспірімдер қолына ұялы телефонды ұстатқаннан кейін, оны ата-аналардың, үлкендердің қадағалауы жөн болар. Мәселен, ол қандай программа орнатты, қандай ойын ойнайды, ғаламторларда қандай сайттарға кіретінін қадағалап отырса, артық болмас. Қазір көбінде түрлі қызықтыратын ойындар көп. Оқушы сабақ арасындағы үзілісте сол ойынды ойнап, соның қызығына енді кіре бергенде, қайта қоңырау соғылып, сабақ басталады. Ойынның қызығынан арылмаған баланың есіл-дертінің бәрі қырық бес минут бойы компьютер ойынына ауып отырып, түсіндірілген сабақтың ешқайсысын қабылдай алмайды емес пе? Сонда осылай білім алған баладан ертең қандай сауатты азамат не азаматша қалыптасар екен?!
Қазіргі жастардың ашуланшақ, кекшіл екендігі де байқалады. Көбінесе өзінікін жөн санап, өзгенің пікіріне ден қоя бермейді. Бұл меніңше, қырсықтың басы секілді көрінеді. Біздің ата дәстүріміз бойынша үлкенді сыйлау алғашқы кезекте тұрады, үлкен кісі артықтау айтып жатса да кішілер оларға өкпелей бермейді, қайта өзінің әлгі қателігін қайталамауға тырысады. Осы әдеттен жаман болған жеріміз жоқ, өйткені, көпті көргеннің аты көпті көрген, ақыл айтқан жақының сенің қамыңды ойлайды ғой. Тағы бір айтарым, жасөспірімдер ғаламтор арқылы өзіне виртуальды таныстар жинайды. Содан телефонға байланады да қалады. Ойының бәрін сауаттылықпен әрлеп, көркемдеп жазса бір жөн ғой. Қате-қате қысқартып онсыз да шұбарланып быт-шыты шыққан тілді одан сайын ұмарлап-жұмарлап, жұлым-жұлымын шығарып, «жақсымын, өзің қалайсың?» деген сөзді, «Ок. Озин?» деп қоя салады. Әңгіме осылай өрби береді. Осындай берекесіз әңгімеге белсене кірісіп отырғанында, ата-анасы жұмыс тапсыра қалса, бұлқан-талқан ашуланатындардың талайын көріп жүрміз. Иә, замандастарымыздың көбі өз айналасынан алыстаумен бірге, қаншама уақытын зая кетіріп жатыр десеңізші?!
Жаңа технологиялардың әрине пайдалы жақтары да жетерлік. Бизнесті дамытуға, түрлі электрондық кітаптардан қажет мәліметтер алуға болады. Кім-кімнің болса да интернет арқылы көптеген мәліметтер алып, білімін толықтыруға мүмкіншілігі бар. Сондықтан да жасөспірімдерге ақпарат құралдарын, жаңа технологияларды дұрыс пайдалануды үйретіп, қадағалау да қазіргі замана талабы деп түсінеміз. Қазақ «сақтықта қорлық жоқ» деп бекер айтпайды, ғаламторға бауыр басқан бала, өз бауырын кейін өзекке теуіп жүрмесін.
Бифат ЕЛТАЕВА.