ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мүшелері кеңес  төрағасы Сейілбек Шаухамановтың бастауымен бірқатар абзал  жандардың отбасында болып қайтты. Олардың ат басын алғаш тірегені тыл және еңбек ардагері, танымал журналист, республиканың «Құрметті журналисі» белгісінің иегері Валентина Сергеевна Баранованың отбасы болды. 
В.С.Баранова 1967-2000 жылдар аралығында облыстық «Путь Ленина», «Кызылординские вести» газеттерінде тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі қызметтерін абыройлы атқарып, оқырмандарға Сыр өңірі еңбеккерлерінің өмір, еңбек жолын кеңінен таныстыра білді. Одан кейінгі жылдары «Час Пик» газетінің бас редакторы ретінде басылымның сапалы әрі мазмұнды шығуына негіз қалады. Кездесуде ардагер В.Баранова өзінің саналы ғұмырын облыс баспасөзіне арнағанын, Қызылорданың өзінің екінші отаны санайтынын жеткізе келіп, өзі қызмет еткен жылдар, сол кездегі облыс басшыларының жергілікті баспасөзге көзқарасы жайында  естелік айтты.
– Наурыз  мерекесінің көпшілікке берер тағылымы көп, – дейді баспасөз саласының ардагері. – Ол адамдарды бір-біріне кешірімді, мейірімді болуға үгіттейді.  Көктем хабаршысы, Жер-Ананы жасандырып, жайнататын әз Наурыз баршаға бақыт сыйласын дегім келеді.
1929 жылы Киев қаласында дүниеге келген Ксения Витальевна Ткаченконың өмір жолы бір дастан. Ұлы Отан соғысы жылдарында неміс басқыншылары туған қаласын басып алып, өзін Магдебург концлагеріне отырғызады. Бала кезінен өмірдің тауқыметін тартқан Ксенияны азап лагерінен Американың одақтас әскерилері босатады. Тұтқыннан босағандармен бірге Эльба өзенінің көпірі арқылы қашып бара жатқан жас қыз үш жерден жарақат алады. Госпитальда  емделіп шыққаннан кейін ол Луцк қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленеді. Училищеде оқып, жұмысшы мамандығын меңгеріп, отбасылы болған Ксения Витальевна тың игерушілермен бірге – Қазақстанға, одан кейін молдаван күйеуімен бірге Сыр өңіріне жол салуға келеді. Жол салу басқармасында 40 жыл бойы аспазшы болған ол бір ұл, бір қыз тәрбиелеп, қазір олардан 2 немере, 2 шөбере сүйіп отыр. 
Кездесуде өткен өмір иірімдеріне оралған кейуана өзінің сонау бала кезінде жоғалтқан анасы мен бауырларын  20 жылдан кейін Қызыл крест қоғамы арқылы Молдавиядан тапқанын, қазір өзінің немересімен бірге бақытты ғұмыр кешіп жатқанын айта келіп, Шығыс халықтарының ортақ мейрамы – Наурыз мерекесінің елімізге құт-береке, тыныштық пен молшылық әкелуіне тілектестік білдірді.
Ардагерлерді мерейлі мерекемен құттықтаған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы оларға сыйлық  пен гүл шоқтарын табыс етті.       
Ж.БАЛАБАЙҚЫЗЫ.

ҚОҒАМ 29 наурыз 2014 г. 950 0