Мемлекеттік қызметшілер ағылшын тілін жетілдіреді

 Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа мемлекеттік қызметтің жағдайы туралы Ұлттық баяндама ұсынылды. Президент тарапынан құжатта көрсетілген маңызды ұсыныстар толық қолдау тапты. Бұл бағытта өңірлерде қарқынды жұмыс атқарылуда. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында осы мәселе кеңінен талқыланды. Жиынға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының облыс бойынша департаменті басшысы Әділхан Әшірбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті жетекшісі Абзал Мұхимов, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қызылорда облысы филиалы директорының міндетін уақытша атқарушы Райхан Ысқақова қатысты.
– Мемлекеттік аппаратты құру және дамыту 3 кезеңнен тұрады. Қазіргі таңда кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастырудың 2 кезеңі жүріп жатыр. Енді Елбасының Ұлт жоспары негізінде мемлекеттік қызметті реформалаудың үшінші кезеңі басталды. Пәрменді жұмыстардың нәтижесінде кадр тұрақтылығы қамтамасыз етіл­ді. Бізде кадр тұрақтылығы ең жоғары деңгейде. Облыста мем­лекеттік қызметшілердің ман­саптық өсу мәселесіне жоғары мән берілуінің нәтижесінде ішкі конкурстардың қорытындысымен жұмысқа қабылданған 99 тұлғаның 74,6% жоғары лауазымдарға тағайындалған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 66 процентті құраған болатын, – деді А.Мұхимов.
Басқосуда ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистратурасына оқуға түсуге ынтасы бар мемлекеттік қызметшілердің көпшілігі ағылшын тілін жетік білмейтіні айтылды. Р.Ысқақованың мәлімдеуінше, осы мақсатта филиал базасында ағылшын тілін тегін деңгейлік оқыту мүмкіндіктері қарастырылуда. Жалпы, филиалдың білім беру бағдарламалары сапасы жоғары және жаңғырту үдерістері талаптарына сай, бәсекеге қабілетті басшылар мен мамандарды дайындауға негізделген. Алдағы уақытта ҚР Үкіметінің 15 наурыздағы №125 қаулысына сәйкес, 8 сағаттық білім сатысы оқуларын өткізу жоспарлануда. Себебі, үш жылда бір рет біліктілігін арттыратын мемлекеттік қызметші үшін жылдағы өзгерістермен дер кезінде танысып отыруда қысқа мерзімді семинарлардың тиімділігі жоғары.
Өңірде жең ұшынан жалғасқан жемқорлықпен күресу мақсатында да кешенді шаралар қолға алынып отыр. Әділхан Әшірбаев Ұлттық бюро тарапынан жазадан құтылмау принципін қамтамасыз етумен қатар, қылмыс деңгейін төмендету, азаматтардың құқықтық санасын арттыру бойынша нәтижелі жұмыс жүріп жатқанын айтты. Биыл І тоқсанда сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыс жасағаны үшін жауапкершілікке тартылған тұлғалар саны – 25. 7 тұлға қылмыстық ісі үшін сотталған. Құқық қорғау жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық та – өзекті мәселелердің қатарында. Есепті кезеңде құ­қық қорғау органдарының 4 қыз­мет­керіне қатысты қылмыстық іс өндіріспен аяқталып, 97,6 млн теңге өндірілген.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
«Сыр бойы».
ҚОҒАМ 03 мамыр 2018 г. 825 0