Елбасының ұдайы атап көрсетіп жүргеніндей, қазіргі таңда экономиканың барлық салаларында энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыруда энергетикалық, экологиялық, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешу маңызды міндет болып табылады.
Осыған орай Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті «тарифті инвестицияға айырбастау» ұзақмерзімді саясатын жүзеге асыру үшін «Қызылордажылуэлектрорталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнымен бекітілген инвестициялық бағдарлама аясында жылу жүйелерін қайта құру және жаңғырту жұмыстарының орындалу барысымен таныстыру мақсатында баспасөз сапарын ұйымдастырды.
Кәсіпорын 1964 жылы іске қосылды. Жылу желілері 45 жылдан астам уақыт пайдаланылуда, сондықтан жабдықтар мен инженерлік жүйелер белгілі бір дәрежеде тозығы жетіп, жаңалау, қолдау, қайта жаңғырту және техникалық жарақтандыруды қажет етеді. Осыған орай кәсіпорын өз жұмысын төмендегідей басым бағыттарда жүзеге асыратын болады.
2010 жылы орта мерзімдік жылу энергиясына шекті тариф бекітіліп 2010-2012 жылдарға мекеменің активтерін жаңарту және жаңғырту мақсатында инвестициялық бағдарлама қабылданған болатын.
Қабылданған инвестициялық бағдарламаға сәйкес 2010 жылы жоспар бойынша 25,5 млн. теңге қаралып, нақты орындалғаны 28,3 млн. теңгені құрап отыр, 2011 жылы жоспар бойынша 363 млн. теңге қаралып, нақты орындалғаны 364 млн. теңге, ал 2012 жылға жоспар бойынша 330, 62 млн. теңге қаралып, нақты орындалғаны 330,8 млн. теңгені құрады.
Үш жылдық шекті тарифпен бекітуде қабылданған инвестициялық бағдарлама нормативтік және нормативтен тыс жылу энергиясының ысыраптарын кемітуге ықпалын тигізді. 2009 жылы жылу энергиясының ысыраптың нақты көлемі 27 пайыз болса, ал 2012 жылы ысыраптың нақты шамасы 17,2 пайызға кеміді. Осы уақыт кезеңінде өндірістік активтердің тозығы 38,2 пайыздан 32,4 пайызға төмендеді.
Бекітілген инвестициялық бағдарлама бойынша шет аймақтардағы және қала ішіндегі жаңа тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз ету мақсатында жаңадан шағын қазандықтар іске қосылды.
2013 жылдың жаңалау, қолдау, жаңғырту және техникалық жарақтандыруға бағытталған инвестициялық бағдарламасы бойынша негізгі қордың бағасын ұлғайтатын іс-шара дайындалды. Бұл жұмыстарға 2013 жылы жалпы құны 66,5 млн. теңгенің инвестициясын салу жоспарланды, оның ішінде: жылу энергиясын өңдіруге – 51,2 млн. теңге, жылу энергиясын тарату және бөлуге – 15,3 млн. теңге қаралды.
2013 жылдың инвестициялық міндетемелерін орындай отырып, станцияның жұмыс сенімділігі артып, жылу жүйелеріндегі нормативтік ысыраптар азайтылып, нормативтен тыс ысыраптар толығымен жойылады деп күтілуде.
Сонымен қатар 2011-2012 жылдары екі кезеңмен республикалық бюджеттен бөлінген 944, 25 млн. теңге қаржыға «ҚЖЭО» МКК-ның Киняева көшесі аралығындағы магистральды жылу жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. 2012 жылы жергілікті бюджеттен 206,12 млн. теңге қаржы бөлініп, Желтоқсан көшесінің бойындағы Тоқмағамбетов көшесінен Алтынсарин көшесіне дейінгі жалпы ұзындығы 2,9 шақырым магистральдық жылу құбырына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, ал 2013 жылға республикалық бюджеттен 291,3 млн. теңге қаржы бөлініп, жалпы ұзындығы 3,4 шақырым жылу құбырына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Осы жұмыстармен бірге энергия үнемдеуге ынталандыру мақсатында табиғи монополия субъектілерімен жылудың жалпыүйлік есептеу құралдарын орнатуын бақылау жұмыстары жалғасын табуда.
Жылуға жалпыүйлік есептеу құралдарына қажеттілік 427 дана болса, орнатылғаны 129 дана немесе орындалуы 30,2 пайыз болды.
Жылу есептеу құралдарын орнату тұрғындардың қаржысын үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл күнделікті тұрмыста нақты көрінісін беруде.
Жолдасбек ӘЛМАХАНҰЛЫ.