Деструктивтік діни ағымдарға қарсы сауаттылықты арттыру керек

Дін мәселелері бойынша қоғамдық пікір алмасу, дін саласы бойынша мамандардың халықпен тығыз өзара-қатынасына жол ашу, деструктивтік діни ағымдарға қарсы сауаттылықты арттыру мақсатындағы кезекті аудандық ғылыми-тәжірибелік конференция Шиелі ауданында да өткізілді. 
Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының дін мәселелерін зерттеу орталығының ұйымдастырған «Терроризм - дінге жат ұғым» тақырыбындағы шарада Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Қайруллаев Айдын Бөкенбайұлы, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, философия ғылымдарының докторы (PhD) Бекбосынов Ермек Төленұлы, Ахмет Ясауи университетінің аға оқытушысы тарих ғылымдарының докторы (PhD) Тажібаев Рашид ИбраҺимұлы, ҚМДБ-ның Қызылорда облысындағы өкілі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің бас имамы, АТТ мүшесі Абуов Болатбек Ұласқанұлы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, дінтану ғылымдарының магистрі, АТТ мүшесі Жаппасбаев Әлібек Бақытжанұлы және БАҚ өкілдері қатысты.
Коференцияда баяндамашылар Шиелі ауданына қарасты кент және ауылдық округтер әкімдері, аудандық ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері, ТҚК және АТТ мүшелері, АІІБ-нің қызметкерлері (учаскелік ж/е ювеналдық полицейлер), мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен «Зайырлылық және дінтану» пәнінің мұғалімдері, ҮЕҰ жетекшілері, діни бірлестіктер өкілдері (мешіт имамдары), тұрғындар, белсенді жастарға деструктивтік ағымдардың алдын алудағы діни сауаттылықтың маңыздылығын түсіндіріп, жат ағымдардың жастарға ықпалы және одан сақтандыру жайлы ойларын ортаға салды.
Жиында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің  доценті Ермек Бекбосынов Төленұлы Діни экстремизм -  қоғамға қауіпті құбылыс екендігін айтып, оның алдын алуда бүгінгідей конференциялардың маңызы ерекше екендігін айтты. Ал, Ахмет Ясауи университетінің аға оқытушысы тарих ғылымдарының докторы Рашид Тажібаев мектептегі оқытылатын «Дінтану» пәніне ден қою керек деп есептейді.
- Біз сырттан келетін деструктивтік ағымдардың арбауына қалай түстік? Оған себеп ғасырға жуық Кеңес үкіметінің қол астында болған халқымыз ұлттық дәстүрімен бірге діннен де хабарсыз қалды. Салдарынан еліміз егемендік алған тұста түрлі діни ағымдар елдің діни сауатының аздығын пайдаланып, өз қармақтарына тез түсірді. Сондықтан да мен мектептерде оқытылатын «Дінтану» пәнін 1-сыныптан бастап, мектеп бітіргенше оқытылғандығын жөн санаймын. Сонда ғана жастар жат ағымдардың арбауына түспейтін болады, - деді Рашид Ибраһимұлы.
Конференцияда баяндамашылар дінге қатысты Заңға енгізілетін өзгерістерге де тоқталды.
Ерқанат СӘРСЕНБАЙ,
«Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының
Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің маманы
ҚОҒАМ 02 мамыр 2018 г. 742 0