Бейбіт заман болса да өрт сөндірушілер тәуекелге жиі барады. Отты өшіру бір басқа. Жалын арасында қалып қойғандарды құтқару ше? Кәсібіне адал, ісіне ұқыппен қарайтын маманның бірі – Асқат Қошқаров.
Арада бірнеше жыл өтсе де бұл оқиға №11 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығының әлі есінде. Түн жарымда қалың ұйқыда жатқан бүтін бір отбасын өрттен алып шыққан сәт. Егер Асхат шұғыл әрекетке тәуекел етпесе іс насырға шабар еді.
Әдеттегі тәртіппен жауынгерлер кезекті шұғыл көмекке аттанды. Бірақ бұл жолғы өрт Асхат Қошқаров үшін сын сәттерге толы. Терезесі темір тормен бекітілген тұрғын үйде 6 адам өрт құрсауында қалған.
Дәулетбек Нағыманов, қала тұрғыны: – Көлікпен тартты ғой, пожарный машинамен тартып, троспен жұлып алды, сөйтіп шықты. Құдай сақтады, әйтпесе бәріміз өртеніп кететін едік. Есіктен шыға алмаймыз ғой.
Жалын бұл кезде қора-жайды да жалмап үлгерген еді.
Асхат Қошқаров, № 11 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы: – Газ баллон тұр, іште халық шок деп айтады ғой, сол шокта тұрған жағдайда не бар, не жоғын білмейді. Газ баллон бар ма, жарылыс қауіпі бар ма деп сұраймыз барған жағдайда. 2-3 сарай кетіп жатыр қоралас жанған. Сонда газ баллон дірілдеп тұр да, шарик секілді жарылайын деп тұр. Жарылыстың алдын алдық, «Митсубиши» машинасын, прицеп «Камаз» бар екен соны өрт арасынан өзім айдап алып шықтым.
Асхат кейін лайықты марапаттауға ұсынылып, кеудесінде «Ерлігі үшін» медалі жарқырады.
Дәулетбек Нағыманов қала тұрғыны: – Негізінде өрт сөндірушілердің жұмысы өлім мен өмірдің арасы ғой. Сондықтан да бұлардікі ерлік деп ойлаймын.
Асхат бұл қызметке әке жолын қуып келген. Әскерден кейін 19 жасында өрт сөндірушілер қатарына қабылданған бейбіт күннің батыры бүгінде қызмет сатысымен жоғарылап келеді. Қауіп-қатері көп қызметте жүргендіктен болар, өзін өкшелеген жас мамандармен тәжірибе бөлісуден де жалыққан емес.
Асхат Қошқаров, № 11 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы: – Жүректі, шыдамды, қиындықты баса білетін, алға қарай қадам баса білетін, артқа қарайламай, адам құтқару, өртті ауыздықтау өртке қарсы қызметте жұмыс ітейтін жігіттерге қояр талабымыз.
Өрт сөндіруші нағыз ерлердің мамандығы. Сондықтан болар Асхат соңынан ерген екі ұлының да әскери қызметкер болғанын қалайды.
"24 кз" арнасы