ҚОШ БОЛ, ДАРИҒА-ДӘУРЕН...

...Мына дүрдараз дүниедегі ақырғы күндері мен соңғы сағаттарын өткізіп жатқанын білсе де, ол телефон тұтқасының арғы жағынан қара жерді қарыштай басып жүрген кәдуілгі сау күніндегідей күркірей сөйлеп: «Берікжан, сенің ән жинақтарыңда «Дариға-Дәурен» бар еді ғой...» деді. 
– Бар ғой, – дедім, көмейіме кептеліп келіп қалған: «Ағажан-ау, оны қайтейін деп едіңіз?» деген сөзімді әрең іркіп. Сыр-Ананың күрең топырағына ғана тән, қадір-қасиетіне бір жете алса, Сыр қазағы тыңдап, жете бағалай білетін киелі саз толқынында тербетіліп өскендіктен, әншейінде «домбыраңды қолыңа алып, айтпасаң да мақамдардың бірін тартып отырсаңшы» деп қолқа салатын жайсаң ағаның бұл жолғы көңіл-күйі біртүрлі жұбаулау көрінді, маған. Содан соң:
– «Е, бәсе, сенде болу керек еді ғой. Ұмытпай ала келші, сол әнді... тыңдағым келіп, зейілім ауып жатыр...» деген. Мен де жедел жиналып, жолға шықтым. Тұздыбастауды бетке алып, ойға шомып келемін. «Тәуір болайын дегені ғой. Жаратқан Ие жар болып, осы қиналған күндері мен тамұқ отына бергісіз түндері артта қалып, қатарға қосылып кетсе екен. Қанаты қатаймаған сары ауыз балапандарының тілегін беріп. Жарылқаушы жалғыз Алла, жақсылығыңды аямағайсың»...
...Келсем, кешегі қалпы. Жасыны қайтпаған көздерін тас төбеге қадап алып, белгісіз нүктеге үңіліп, сұлық түсіп, бір күйде жатыр екен. Тек қана сол әнді күткендей мен табалдырықтан аттаған бойда айтқаны:
– Әкелдің бе? 
– Әкелдім, аға. 
– Тыңдатшы, ендеше. 
...Азалы әуен басталғаннан-ақ төбе құйқам шымырлап қоя берді. «Мына жаушапқырдың осыншама зарлы күйін бұрын қалай аңғармағанмын. Өзі екі дүниенің арасын ойша кезіп жатқан адамның еңсесін одан сайын жаныштап бара жатқанын қарашы, мынаның».
Ішкі ойыммен арпалысып үлгерем дегенше: «Несіпбек ақын ғой, ә. Тұрсынжан ағаң да қайталанбайды. Оның үстіне Рамазандай орындаушысын тапқасын» деді де, бір сәт көзі ілініп кеткендей болды. Осы кезде мен де: «сәл көз шырымын алсын» дегендей, орнымнан тұра берім ем: «қасымнан кетпе, көзім ілініп кетсе де әуенді тоқтатпа, қайталап қоя бер» деді, кірпігін қағып. Жалғанды жалпағынан басып жүрген кезінде де бір ауыз сөзін қалт жіберіп, ықыласын кері қайырып көрмеген, оның үстіне сол көңіл қимас аға төсек тартып қалғаннан бері жаны жаралы біз сияқты жазғанда не қауқар болсын?! Күн санап көз алдында ақшөлмектеніп бара жатқан алақанын аялай сипап, іштей егіліп, әлгі әнді үнсіз тыңдадым да отырдым. Рамазан достың зарлы дауысы онсыз да сыздап отырған жүректі егілтті.
Аққу-қаз әуелейді қалықтаған,
Қайтейін, қанатым жоқ, қалып барам.
Жүрегім құс боп ұшып кетті-ау бірге,
Жылатып жалғыз қалай алып қалам... 
Әр сөзінің батпан салмағын ауыр әуені еселей түсіп, енді жұбана бастағанда бірін екіншісі қайта жылатып «Дариға-Дәурен» ұзақ шырқалды...
Сол күні сәске түстен бастап, ымырт үйірілгенге дейін осы әнді тыңдаумен жатты. Бір сәт кәдімгідей қунап, көңілі көтеріліп, басын жастыққа сүйеп отырғызуды өтінді. Артынша қалпына қайта түсті. Сосын отты көздерінің аңғалағы бұрынғысынан да үлкейе түсіп, терең күрсінді. Осыған дейін тек арқырап жүрген арынды кезін ғана көретіндігімізден болар, бүгінгі дәрменсіз жағдайына жаным ауырып, жанарыма үйірілген мөлдір шықтай тамшыларды жасыра алмай, теріс айналған менің көңілім босағанын аңғарып қалса керек: «Берікжан, мына дүниеңнің тап әкесінің аузын...» деді, болмысындағы батырлығымен, әлсіз саусақтарымен қолымды қыса түсіп. 
Сол күні түнде әлсін-әлсін қысылып, таң алдына таман талықсып кетіпті. Бір есін жинаған кезінде: «Асылханым келді. Мені алып кетуге келді. Қазір осы жерде ойнап жүр. Тимеңдер. Ойнай берсін...» депті, жарықтық. Арыстаннан кейін дүниеге келген ер баласы ғой. Баяғыда, екі жасқа толмай шетінеп кеткен.
Қайран ағатайым-ай! Аты суық ажал-аждаһаға қимай, үміт отын өшіруге дәтіміз бармай «мүмкін жазылып кетер...» деген соқыр сеніммен біз бір-бірімізді алдарқатумен жүрсек, сол күні жетпіс бір жыл жетегіне ерген дариға-дәуренімен қоштасып, өзінің шырқыраған шыбын жанын өзі ғана жұбатумен жатқан екен ғой...
***
Қаһарман Бабағұлұлы...
Бұл ерен есімді білмейтін, онымен араласып, пікірлес болмаған адам аз шығар. Өйткені, Қаһармандай есілдің ардақты атымен бүгінгі Қазақстан Республикасының тұтас бір дәуіріндегі экономикалық, әлеуметтік мәселелер тығыз байланысты. 
Екі пенденің бірінің пешенесіне бұйыра бермейтін биік лауазымдардың тұтқасын ұстаса да, Қазақстанның дамуына үлес қосқан қайраткерлермен ат құлағын теңестіріп қатар жүрсе де ол кеуде көтеріп, біреуге қиянат жасамапты. Ондайын білсе, қызметте отырғанда тұғыр-тағынан қаймықса да, кеше зейнетке шыққан кезінде ең болмаса бір пенде бетіне шіркеу қылған болар еді ғой. Оның ерекше бақыты да сол – бейқасиет атанып, деңгейінен түсе алмады. Кім біледі, бабаларынан қалған өр мінезін жеңдіріп, азаттық алған қоғамдастарының қатарында тізе бүгіп, жеңілгенде, бәрі мүлдем басқаша болар ма еді. Ол олай жасай алған жоқ. Айтарын мәймөңкелетпей, мемлекеттік қызмет, жауапты лауазымға бір күнде қош айтып, табан ет, маңдай терін жалдап, кәсіпкерлікке көшті. Онысына ақырына дейін өкінгенін көрмедік!  
Қазақты өз жерінде «бұратана» санап, орыстан өзге ұлтты жаншып-таптауға тырысатын шовенистер тезінен де аман-есен өткен Қаһарман «ала қойды бөле қырыққан» қазақпен өрелі оты жанбай-ақ кетті. Мұндай кезде ол сиырқұйымшақтандырмай кесіп айтып, қиқаламай, турап-турап тастайтын. Жазира дала мен жазық жайлау белінде арда өскен, желмен жарысқан қанатты пырақтың бабын білген жылқышы баласының қоғам және мемлекет қайраткері дәрежесіне көтерілгенге дейін сатылап жүріп өткен бұралаң жолы, адам айтса нанғысыз. Теңеспейтін нәрселерді зорлық-зомбылық жолымен теңестіргісі келген Совет адамының құлдық құлқы туралы айтқан естеліктері қалды, жадымызда. Кейінгі жылдары мен соларды қағаз бетіне түсіріп, жүйелей бастағанмын. Оның ішінде тап бүгін айтуға болатыны да, енді бір жиырма жылдан кейін жариялайтыны да баршылық... 
Бүгінде біз де қырықтың қырқасынан асып барамыз. Осы ғұмырымда мен туған топырағын емірене сүйген Қаһармандай адамды сирек кездестірдім. Қырық үш жыл өмірі өткен жайсаң Жетісудың жерінде отырып, балалық шағында асыр салған ақшаңдақ ауылының бүгінгі күйін, сол жердегі шаруаның жайын ойлайтын. Жерлестерінің бойындағы артықшылық атаулыға қоса барша кемшілігін де бүтіндігін бұзбай қабылдайтын. 
Бір бойында от пен судай шарпысқан қарама-қайшылықтар тоғысқан ерек жанға жиырма төрт жыл іні болып, қосын жегіппін. Еркелігіңді көтерген жақының туралы өткен шақта сөйлеу мен үшін де оңай болып тұрған жоқ. Бұл көңіл-күйді дүниедегі ең жақын адамдарынан көз жазып қалғандар түсінеді. Ерте ме, кеш пе мына дүниеде пенденің қалауы табылар. Ендігі жерде ізіңе ерген тілекші інілеріңе Өзің сияқты қамқор адам табылмайтынын ойлағанда көкдөнен көңіл меңіреу далаға қарап құлазиды, ағатай... 
Пенде атаулы жер басып жүргенде бір-бірінің қадірін біледі деу бекер. Иманы жолдас болғыр Қаһарман аға өзінің биік болмысын мына жұмыр жердің бетіндегі татар талқаны таусылған күнге дейін өзгертпеді. Сонысынан талай рет тосылды да. Өзі жалған айтып, жалтаруды білмегендіктен болар, көлгір сөйлеп күн көретін жағымпаз атаулыны жанына жолатпастан өтті мына бейбақ дүниеңнен. Жасыратын несі бар, көзінің тірісінде, зар күйінде тұрған кезінде көп адамды ретсіз сөйлетпеді. Ол туралы айта бастайтындар бүгін – есіл ердің көзі кеткесін көбейе берер. Туыс па, бауыр ма, дос па, кешегі қызметтесі ме, әлде ізіне ерген іні ме... Жалған сөз, жағымпаз әдет, бейқасиет екеніңді бір байқап қалды екен, енді оның жанына жолау туралы ойдан аулақ бол! Үдеден шыққандарды жары жолда тастады дегенді де естіген емеспіз.
Кешегі азуы алты қарыс Советтер одағының тұсында, қызмет бөлмесінің төріндегі Дінмұхамед Қонаев портретінің қасына қазақтың қара домбырасын іліп қойып, ауылының түтінін аңсағанда адыра қалғыр қос ішекті қағып-қағып, мауқын бір басып алатын жайсаңдығы әлгі буырқанған болмысы мен шатақ мінезіне жон арқасын тосып, көлденең тұрып алар еді-ау. Бітімінде кереғар қасиеттер шарпысып жататындықтан, былайғы біреулер үшін ол жұмбақ адам күйінде кетті, өмірден. 
Жақын тұтқан қызметтес жолдастарын зейнетке шыққаннан кейін де қалдырмай, жеке кәсібінен жалақы төлеп, жанына жақын ұстауға тырысты. Олардың араласуынсыз бірде-бір атаулы күн мерекеленген жоқ. «Ауылдан соғым келетін еді» деп, елге қарап өңешін созбады. Керісінше, көңілі түскен кісіге соғымды Алматыдан жіберіп тұрды. Қазақстанның басқа өңірлерінен келіп, аунап-қунап жататын дос-жекжаттарды айтпағанда, Қызылорданың қазағы үшін Алматының қақ ортасындағы «Дөйт» қонақ үйі мен осы аттас мейманхананың есігін айқара ашық ұстаумен кетті, жалғаныңнан...
Оның жас кезінде көрген бейнеті мен шеккен азабын, қызмет сатысында кездескен кедергі атаулыны бей-жай отырып тыңдау мүмкін емес еді. Соның бәрінен жол тауып, мінезіндегі дала қазағына тән ірілікті жойып алмай өту де бір сын ғой. Қаһаң соның бәрін жеңіп, өз жолының дұрыстығын дәлелдеген, бүгінде қатары сиреп бара жатқан нар қазақтардың қатарынан болатын. Әттең, Жаратушы Жалғыздың кейде жақсы адамдарға дегенде ұзақ жасын қимайтыны түсініксіз. Көзінің тірісінде жүз кісінің жүгін көтеріп жүріп, талқаны таусылған күні бір адамның жолымен табытта кетіп бара жатқанын көрген жақын-жуық, дос-бауыр, аға-іні, жар, балаларының қабырғасы қайысып, омыртқасы омырылды. Амал қанша, ажал алдында пенде дәрменсіз. Мәңгілік мекеніне кімді қашан, қалай, қайтіп қайтарамын десе де оның Өзінікі жөн!
Қаһарман – қазақ руханиятына үлес қосқан әдебиетші, ақын, ғалым, сахнагерлердің талайын төріне шығарды. Солармен сыйласты, мұңын тыңдады, кешегі қиын күндерде қамқорлық жасады, басы ауырып, балтыры сыздағандарын демеді, тіл көмегін де, қол көмегін де аяған жоқ. Солардың көбінің бір кездегі «жем жеген астауларына» қарындары тойған соң бір қайрылып соқпағандарына өкпелеген емес. Сөз ыңғайында айтылып қалатын жерлерде: «әй, соларды қайтесің» дейтін. 
Ақырғы «саудасы» күні табыт басында тұрып, шариғат шартына сәйкес мәйітке қатысты жамағаттан сауал сұраған молдекең: «Араларыңызда біреуге берешегі немесе мойнында қарызы бар ма?» дегенде: «Оған берешектер мен оның алдында қарызы бар адамдар болмаса, оның кімге қарызы мен берешегі болушы еді...» деп қалды, ерін ұшымен ғана күбірлей сөйлеп, жаназа намазында сапта тұрғандардың бірі. Рас-ау, Меккеге барып тәуап етпегенімен туған топырағынан мешіт салдырған Қаһармандай абзалдың жаны жаннатта, мәңгілік жайы пейіштің төрінде деп тарасты, пәтуаға жүгінген дін иелері. 
...Біз сізді әлі-ақ сағынатын боламыз!
Берік ЖҮСІПОВ. 

ҚОҒАМ 27 наурыз 2014 г. 1 247 0