өткеніме өкпем жоқ, келешектен үміт көп
С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дің заң факультетін ойдағыдай тәмамдаған Бөлебай Есмаханов еңбек жолын 1984 жылдың қазан айынан бастап Қызылорда стансасындағы желілік ішкі істер бөлімінде лейтенант шенінде тергеу бөлімшесінің тергеушісі болып бастады. Осындағы кабинеттердің табалдырығын аттап, 1998 жылы полиция полковнигі погонын тағуы бойына оған Қызылорда, Орал стансаларында желілік ішкі істер бөлімдерін басқару жауапкершілігі жүктелді. Ат айналып қазығын табады – қызмет бабымен сол баяғы өзін қанағаттандырған құтты орнына оралып, жұмысын жалғастырды.
Айт-айтпа, таңдаған кәсібіңе, мамандығыңа келу бар да, көзтүрткі болмай, кезінен кешікпей кету бар. Шапқылап жүріп, ондай күннің жуық арада келіп қалатыны ойыңа да кіріп-шықпайды.
Елу – ердің жасы, яғни, жарты ғасыр бойына өмірдің ыстығы мен суығын, қызығы мен шыжығын басыңнан өткізгенің анық. Физиологиялық тұрғыдан алғанда да пісіп-жетілдің, жиған-тергенің де аз болмаса керек. Тәңірдің теңдесі жоқ ерекше сыйы – өмірлік жарың десек, ол – француз тілінің маманы Күлпаш Шадайқызы Сағымбаева екені даусыз. Келіні жақсының керегесі кең – оның дүниеге келтірген алтын асықтай ұл-қыздары Гүлжайна, Марал, Мөлдір, Сағымжан, Нұрымжан – олардың бәрі дипломды маман атанып, кәсібін жалғастырса, алды немере сүйгізіп жатса, одан артық қандай қуаныш, қандай бақыт болмақ?
1958 жылы қазан айының 26 жұлдызында бұрынғы Тереңөзек ауданы Ақжарма ауылындағы ерлі-зайыпты Ізбасар Есмаханұлы мен Күлай Нұралтайқызының кіндігінен тараған алты перзенттің бесіншісі, бүгінгі таңдағы зейнеткер Бөлебай Ізбасарұлымен әңгіме-дүкен құрып отырмыз. Ол – айтушы, мен тыңдаушы.. Сонымен...
– Әкесіз уақыт та сыныптай сырғып өте береді екен. Бірақ әке ақылы, өсиеті, аманаты жүректен еш өшпейтінін алпыс деген аталы жастың жетегіне жетсем де ұмыта алар емеспін. Қайта бұрынғыдан да бетер қақпайлап, бағыт-бағдар беріп тұратындай. Тегінде, әкеміз сесті кісі еді де, анамыз есті кісі болатын. Онжылдық мектептің кәмелеттік аттестатын алып, Алматыға заңгерлік оқуға барғым келетінін айтуға оқтала беріп, тайқып кетемін. Ол кісінің әлде бір орталарда: "Менің ұлым прокурор болады, көр де тұр” дегенін құлағымның шалғаны бар. Сонда да болса айтуға батылым бара бермейді.
"Сонымен сен құқық қорғайтын маман болмақсың ғой, солай ма? Олай болса, сен алдымен төрт аяқты жануарлардың мінез-құлқына тереңірек үңілуге тырыс. Сонда сен екі аяқты хайуаннан қаншалықты айырмашылығы барына салыстырмалы түрде қарап, көңілді жеткізетін боласың”.
Әкем осылай деді де, екі жыл қатарынан мал соңына салып қойды. Жастықтың жалындаған әсерінен ол кезде мен мұның мән-мағынасына тереңдей алмадым. Кейіннен кәсіби мамандығымды тергеуші болып бастағанда қылмыскерлермен, қылмысқа қатысты кісілермен бетпе-бет келгенде сезіне бастадым. Тегінде әр кезеңнің ағымына сәйкес қылмыс та құбылып тұратын сияқты. Айталық, өткен ғасырдың жетпісінші, сексенінші жылдары темір жол бойынан аккумулятор, тоңазытқыш, неше түрлі өтімді шайлар, қосалқы бөлшектер қолды болатын. Сұғанақ қолдыларды құрықтауда станса сақшыларының тапқырлық танытқанынан хабардармын.
Ал біздің кезімізде есірткі тасымалы алдыңғы қатардағы қауіпті қылмысқа айналып, күні бүгінге дейін тоқтаусыз жалғасып келеді. Тіпті асқазанына салып, әрі-беріден соң кешіріңіз, ұятты жерін де пайдалануға жасқанған жоқ. Ақылға сыймайтын неше түрлі қулық-сұмдықты осында кездестірдік. Оның жолын кесуде өзім басқарған полиция бөлімдері өз әріптестері арасында үнемі алдыңғы қатардан көрініп келгенін мақтанышпен айта аламын.
Қысқалап, нұсқалап, тоқетерін айтқанда, көзді ашып-жұмғандай болмай ширек ғасыр шапқан аттай, атқан оқтай өте шығыпты. Айтары бар ма, өткенге өкпем жоқ, келешектен үмітім көп.
Әрине, қол қусырып отыра алмасым онсыз да белгілі. Дәрежелі қызмет те табылды. Алайда, әкемнің "өмірден өз орныңды таба біл, өзгенің бағын байлаушы болма” дегені құлағымда жаңғыра берді. Тоқсанға келген анам Күлай Нұралтайқызы болса: "Жарықтық әкең тереңнен толғап, тоқетерін айтар еді...” деді де, сөзінің аяғын жұтып қойды.
Сонымен не керек, кіндік қаным тамып, әкемнің ізі сайрап жатқан атамекенім Ақжарма ауылының аумағынан 150 гектар жер, 80 сиыр, бір механизатор мен бір мал маманының отбасыларына жайлы тұрғын үй салып бердім. Өзімнің іні-қарындастарым тайлы-таяғымен іске кірісіп кетті. Мал баққанға бітеді емес пе, алғашқы төлін бере бастады...
Осылайша, кешегі із кескен полиция полковнигі, бүгінгі фермер Бөлебай Ізбасарұлы Есмахановтың қазіргі тыныс-тіршілігі басқа арнада жалғасын тапты. Іске сәт дейік.
Төлеген ЖЫЛКЕЛДИЕВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі, теміржол ардагері.