Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомоствоаралық комиссия отырысы өтті. Онда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол қозғалысы саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, комиссияның өткен отырысындағы хаттамалық тапсырмалардың орындалуы туралы мәселелер қаралды.
Жақында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Дүниежүзілік Банк жол апаттарына қатысты жантүршігерлік фактілерді таратты. Солардың бірқатарын мысал ретінде келтірген аймақ басшысы біздің өңірдегі 8 айда орын алған оқиғаларға тоқталды. Аталған кезеңде аймақта тіркелген жол апаттарының саны 157 пайызға, қаза тапқандар саны 68,3 пайызға, жарақат алғандар саны 185 пайызға артқан.
Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Жанарбек Бақтыбаевтың айтуынша, өткен ғасырдың 60-70 жылдары жоспарланған жолдар қазіргідей автокөліктер тасқынына есептелмеген. Республикалық маңыздағы трассаның айналма жолдарында да апаттар орын алуда. Дегенмен, жол-көлік оқиғаларының басты себебі жүргізушілердің салғырттығынан болып отыр. Жылдамдықты арттырып, қарсы бағытқа шығып кету, автокөлікті мас күйінде айдау орны толмайтын өкінішке апарып соғуда. Сондай-ақ, балалардың қатысуымен болатын жол апаттары көбейген.
Департамент басшысы жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде атқарылған шаралар мен алдағы міндеттерге тоқталды. Жаяу жүргіншілер көп өтетін облыстық медицина орталығы қасына, Жібек жолы көшесі, Абай даңғылы бойына, "Сыбаға” және "Жайна” базарларының жанына жерасты жаяу жүргіншілер жолын салу туралы ұсынысын жеткізді.
Құқық қорғау саласындағы реформа барысын баяндаған хабарламашы жол және патрульдік полиция қызметтерін біріктіру 1 қарашаға дейін аяқталатынын айтты.
– «Әмбебап полицейлерді» енгізу арқылы қоғамдық орындар мен көшелерде жұмылдырылған полиция нарядтарының тығыздылығын арттыруға, әрбір қылмыс пен құқық бұзушылыққа шұғыл ден қоюға жол ашылмақ, – деді департамент бастығы.
Комиссия отырысында аймақтағы жол қауіпсіздігі шараларын күшейтуге бағытталған ұсыныстар талқыға түсті.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.