МЕН КӨРГЕН “НАУРЫЗ»

МЕН КӨРГЕН “НАУРЫЗ»Ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастауы  – Ұлыстың ұлы күні – Наурыз  мейрамы да келіп жетті. Тарихы тереңде жатқан мерекені күллі шығыс халқы атап өтеді. Бақ пен берекенің, мызғымас бірлік пен айнымас татулықтың негізі болған бұл күні барша жұрт бір-бірімен төс қағыстырып, ренжіскен ағайын табысып, тек жақсылыққа бет бұратыны белгілі. 

Өкінішке орай, қанша заманнан бері тойланып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан айтулы күн Кеңес заманының тұсында халқымыздан біраз жыл ажырап қалды. Өткенді ұмыттыруға бағытталған солақай саясаттың кесірінен бұл мейрамды 1926 жылы атап өтуге ресми түрде тыйым салынды. Себебі,  Наурыз мерекесі діни мереке деп қабылданды. Дегенмен, тәуелсіздік таңы қарсаңында егемен ел атанған кезден бастап мейрам қайта жаңғырып, ұлтымыздың ұлықтығын паш етті. Ұлы күнді тойлауға тыйым салғанмен, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін ұлықтаудан танбаған халқымыз мерекені тойлаудан бас тартқан емес. Осы ретте бізде Кеңестік дәуірдің  бел ортасында өмір кешкен қариялармен тілдесіп, өздерінің көрген наурызы жайында сұраған едік. Әңгіме төмендегідей өрбіді. 
МЕН КӨРГЕН “НАУРЫЗ»Ыбырайым Өмірзақов, ардагер 94 жаста. Менің балалық шағымдағы Наурыз мерекесінің аталып өткені есімде жоқ. Себебі, ол кез нағыз ашаршылықтың тұсы болатын. Алмағайып заманда наурызды тойлау қайдан болсын?! Әркім өз жанын күйттесе, біздің отбасы, ағайын-туысқандар Тәжікстанға жер аударылып кеттік. Ұлыстың ұлы күні барлық мұсылманға ортақ мереке болғасын бұл күні ол жақта кішігірім көже дайындап, ағайындар бір-бірін құттықтап, оң болсын айтатын. Наурызкөжені қолда бар аспен әзірледі. Бірақ қазіргі күнгідей ат шаптырып, ұлан-асыр мерекелеу болған емес. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда өмір сүріп жатқан бүгінгі ұрпақ бақыттысыздар. Тәуелсіздігіміздің арқасында барлығына қол жетімді. Қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк. Осындай күнге жеткеніме шүкіршілік етемін. Біз көрген қасіретті кейінгі ұрпақ көрмесін. Әрдайым еліміз аман, жұртымыз тыныш болса екен деймін. 
Жанәбіл Нұрқышев, ардагер. Жер дүниені қайта түлеткен Наурыз – жалпыхалықтық мереке. Жаңа күннің бастауы деп есептеген халқымыз мерекені ерекше ықыласпен қарсы алады. Бір кездері бұл күнді атап өтуге тыйым салғаны белгілі. Десек те, есімде қалғаны ауылда ішінара тойлайтын. Көше бойына орналасқан  үйлер наурызкөжесін жасап, көршілер үй-үйді аралап, астан дәм татып жатады. Сондай-ақ, ренжіскендер татуласып, төс қағыстырып, бір-бірлеріне жылы лебіздерін айтып, келер жылға аман-есен жетуге тілектерін білдіреді. Қазақ болған соң, оның үстіне ата-бабамыздан келе жатқан ұлық мереке болғаннан кейін тойлауға тыйым салғанына қарамастан, ел-жұрт мерекелейтін. Дегенмен, халықтық деңгейде тойланғанын көргенім жоқ. Бертін келе, өз қолымыз өз ауызымызға жеткеннен кейін ғана ресми түрде атап, республика бойынша тойланып жатыр. Жалпы Наурыз мерекесінің бізге берері мол. 

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.
ҚОҒАМ 22 наурыз 2014 г. 1 739 0