Газетіміздің өткен нөмірлерінде сырбойылық өнер ұжымдарының Түркияның Анкара, Стамбул және Ескішехир қалаларына сапарға аттанғанын хабарлаған едік.
Наурыздың 19-да Ескішехир қаласындағы Анадолы университетінің Бесио атындағы спорт кешенінде түркітілдес халықтардың Наурыз мерекесіне арналған фестивальдің салтанатты ашылуы өтті. Түбі бір түркінің ортақ мерекесіне 24 мемлекеттен 600-ден астам өнерпаз қатысуда. Осы күні Ескішехир әкімінің қабылдауы болды.
Наурыздың 20-нда Мүтәліп ауданында туысқан елдерден келген өнерпаздар тал егу рәсіміне қатысты. Ұлыстың ұлы күніне арналған негізгі шаралардың бірі 21 наурызда Қанатлы мекенінде өтті. Тілі мен діні ортақ түркі елдерінен келген өнерпаздар халықпен бірге Наурызды тойлады. Қазақстандық өнер иелері де ұлық мерекенің сән-салтанатын арттыруға өз үлестерін қосты.
Кешкісін фестивальдің жабылу салтанаты өтіп, келесі жылы Наурызға арналған іс-шараны өткізу кезегі Татарстанға табысталды. Алдағы күндері біздің елден барған өнерпаздар бірнеше ауданның концерт залдарында өнер көрсетеді. Облыстық филармонияның бас директоры Талғат Мақашов бастаған өнер ұжымдары – "Ақмешіт” фольклорлық ансамблі, "Томирис” би ансамблі, дәстүрлі орындаушылар – Марат Сүгірбай, Күнсұлу Түрікпенова, Нұртілек Ақтаев, Эльвира Есназарова, классикалық әнші Ұлпан Әбдікәрімова, биші Замира Ыстықбаева түрік көрермендеріне Сыр елінің сәлемін жеткізуде.
М.МЕРЕЙ.