ТАРИФТІ ТАРАЗЫЛАҒАН ТИІМДІ

ТАРИФТІ ТАРАЗЫЛАҒАН ТИІМДІСейсенбіде ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен Үкімет мәжілісінде сапа мен энергия тиімділікті арттыру тетігі ретінде табиғи монополиялар субъектілерін тарифтік реттеу мәселесі қаралды. Селекторлық Үкімет отырысына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
Мәжілісте Үкімет басшысы Серік Ахметов күн тәртібіндегі мәселенің әлеуметтік маңызына тоқталып, тарифтік жүйені реттеу мәселелерін Елбасының өзі назарда ұстап отырғанын айтты. 
Отырыста аталған тақырыпқа байланысты ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспанов хабарлама жасады.  
Оның айтуынша, елімізде жаппай жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстары энергия тиімділігін арттыруға бағытталған. Осының арқасында тұрғындардың 7,3 млрд. теңгесі үнемделген. «Энергияны үнемдеу және оның тиімділігін арттыруға бағытталған шаралар 2012 жылы тұтынушылардың 7,3 млрд. теңгесін үнемдеуге мүмкіндік берді. Бұл «Астана су арнасы» МҚК сияқты ірі су арналарының үш жылдық табысымен пара-пар», – деді агенттік төрағасы өз хабарламасында. Сондай-ақ, реттелетін салаларға инвестиция тарту 46 пайызға артқан. «Табиғи монополия субъектілері 2012 жылы 208,8 млрд. теңге инвестиция тартқан, яғни, 2011 жылмен салыстырғанда 46 пайызға артық. Үстіміздегі жылы 230 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарда»,– дейді ТМРА төрағасы Мұрат Оспанов. Агенттік төрағасы тартылған инвестицияның қандай мақсатқа жұмсалып жатқанын түсіндірді. 
Сонымен қатар, М.Оспанов көппәтерлі тұрғын үйлерге орталық жылу есептеу аспабын орнату әлі де проблемалық мәселе болып отырғанын да жасырмады. Дегенмен, оның айтуынша, ағымдағы жылы монополистердің есебінен оларды орнатудың баламалы тетігі енгізілген. Нәтижесінде аталған аспаптарды орнату деңгейі 2012 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 11, ал 2011 жылмен салыстырғанда 18 пайызға жақсарған. 
Сондай-ақ, инвестициялық бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру үшін агенттік монополистерге бақылауды, оның ішінде қоғамдық мониторинг жүйесі арқылы бақылауды күшейткендігі белгілі болды. Бұл орайда ағымдағы жылы тұтынушылардың құқықтарын бұзуға жол бермеу мақсатында 284 тексеру жүргізіліп, 1018 нұсқама енгізілген. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы 3,1 млрд. теңгені құраған. «Сыртқы ауа температурасының өзгеруіне байланысты қайта есептеу нәтижесінде 2012-2013 жылдарғы жылу беру кезеңі үшін халыққа қайтарылған қаражат шамамен 500 млн. теңгені құрады»,– деді агенттік басшысы. 
Мәжілісте көтерілген тақырыпқа қатысты ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың, «Су ресурстары-маркетинг» ЖШС бас директоры Анарбек Ормановтың, өзге де бірқатар лауазым иелерінің хабарламалары тыңдалды. 
Отырысты қорытқан Үкімет басшысы Серік Ахметов жылумен қамтуды озық жетілдіру мен оны тиімді пайдалану, тасымалдау және тұтынушылардан нарықтағы тиісті ақысын дұрыс ажыратып алуда барлық қажетті құрылғыларды оңтайлы пайдалана білу керектігін атап көрсетті.  
Айнұр БАТТАЛОВА.
ҚОҒАМ 03 қазан 2013 г. 1 231 0