ТІЛЕК-ЛЕБІЗДЕР

ТІЛЕК-ЛЕБІЗДЕР
ШУАҒЫН ШАШҚАН ШАПАҒАТ

Әз Наурыздың кейінгі кездері ерекше аталып жүргеніне куә болып келеміз. Әсіресе, Тәуелсіздік алғалы ол жаңа деңгейге көтерілгені белгілі.
Наурыз туғанда ауылымызда әжептәуір той ететіні бала болсақ, та есімізде жатталып қалды. Әзиз әжелеріміз бастаған қыз-келіншектер сумаляк әзірлейтін. Бұл түрік тілімен айтқанда, тәттілерден дайындалатын тағам түрі. Сондай-ақ "пехливандар” арасында керемет сайыс өтетін. Оны түсінікті түрде айтар болсам, кәдімгі күрес, яғни палуандар белдесуі. Ауылдың абыз ақсақалдары Жер-анаға мол ырзық тілейді. Диқан қауым дақыл егуге дайындыққа кірісетін. Сонда бұл мереке тек думанның емес, еңбектің де мерекесі болғаны емес пе?
Жерлестерімді күн мен түн теңескен жаңа күн мерекесімен құттықтап, отбастарына аманшылық, еңбектеріне табыс тілеймін.

Гүлчин ГЕЙДАРОВА,
түрік этномәдени бірлестігінің төрайымы.

НАУРЫЗ ШАТТЫҒЫ

Міне, ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесіне келіп жеттік. Осынау айтулы мереке біздің айыр қалпақты ағайындар арасында да ұлттық сипатта өтеді. Өйткені, түбі бір бауыр емеспіз бе?!
Мерекеге бүкіл ауыл-аймақ болып дайындалады. Ауыздығымен алысқан сәйгүліктерді бәйгеге қосып, сөзден маржан терген дүлдүлдердің арасында айтыс өтеді. Палуандар боз кілемде күштіні анықтаса, қыз-жігіттер алтыбақан теуіп, мерекенің сән-салтанатын арттыра түседі. "Ақсүйек” ойнаудан да қалыс қалмайды.
Бүгінде көпұлтты Қазақстанды бүкіл әлем таниды. Ең бастысы – елімізде тыныштық пен молшылық орын алуда. Алла осы бағымыздан айыра көрмесін.

Сақтапберген ЖҰБАТҚАНОВ,
қырғыз этно-мәдени бірлестігінің төрағасы.

КӨКТЕМНІҢ КӨКЖИЕГІ

Шығыс жұртының ұғымында жылдың басы болып саналатын Наурыз айы төрімізге еніп, Жер-ана жылылыққа бөленді. Ырзық-несібесін жерден терген қазақ халқы үшін бұл мезгіл аса қастерлі саналады.
Күн мен түн теңесетін шақты адам мен табиғаттың үндесетін әрі бірігетін мезеті десек, көптен кездеспеген ағайындардың бір-бірімен қауышып, ізгі тілектер айтатын кезі де осы сәт. Сондықтан тіршілік тіні түлейтін осынау мезгілдің берер шуақты шапағаты да мол екені бесенеден белгілі.
Түрлі ұлт өкілдері мекендейтін мемлекетімізде өзара татулық пен ынтымақтастық жарасым тапқаны ақиқат. Осының барлығына Елбасының сындарлы саясатының нәтижесінде қол жеткізіп отырғанымыз айдан анық. Ендеше, осы бірлігіміз баянды болғай деп тілеймін! Өлкемізге қадам басқан көркем көктемнің көкжиегі кеңейе берсін!

Галина ЩЕРБАКОВА,
"Славяне” этно-мәдени бірлестігінің төрайымы.

ЫРЫС АЛДЫ – ЫНТЫМАҚ

Міне, жақсылықтың бастауы болған көктем мен еңбектің жарқын мерекесі келіп жетті. Ұлысқа мерей, туысқа мейір сыйлаған бұл мереке – береке мен бірліктің, мейірім мен ізгіліктің бастауы. Жер-ананы бусандырып, табиғатқа көркем рең беретін ұлық мерекеде "Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!” деп бір-бірімізге ақ жарылғап тілек білдіріп жатамыз.
Ынтымақты, ырысты тірліктердің арқасында аймақтың табысы жылдан-жылға артып келеді. Тегінде қазақ жері пана сұраған талай ұлт пен ұлысты бауырына басқан киелі мекен. Тілі басқа болса да, тілегі бір халықтарды тең атаның баласындай көріп, бір үзім нанын бөле-жармай үзіп жеген қазақ халқына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Өзім деген өзге ұлттарды өзекке теппейтін қазақ халқының ниеті осындай. Кеңпейіл халықта "Ырыс алды – ынтымақ, бірлік түбі – береке” деген орамды мақал бар. Ендеше, баршамыз болып осыған тоғысайық. Сондықтан бүгінгідей мерейлі мерекеде елімізге тыныштық, халқымызға амандық тілеймін.
Ғалия ҒИЗАТУЛЛИНА,
татар этно-мәдени бірлестігінің төрайымы.
ҚОҒАМ 22 наурыз 2014 г. 1 521 0