Жыл басы саналатын қасиетті Наурыз мерекесін ел жұртшылығы тәуелсіздік алған алғашқы жылдары ерекше бір ынтамен тойлағанын көруге болады. Жетпіс жылға жуық Ұлыстың ұлы күні тек ауыл аймақтарда, әр үйде наурызкөже пісірілумен ғана шектелсе, бүгінде халықтық күйге еніп, ұлттық мерекені ел болып тойлау дәстүрге айналды.
Жыл сайын әр адамның ақ арманына арқау болған әз Наурызды көпшілік асыға күтеді. Әсіресе, осы күні өз отауын тігіп, шаңырақ көтергендер үшін ерекше мейрам. Тоқсаныншы жылдардың басында дәл осы Ұлыстың ұлы күнінде отбасын құрған Сәбит Мәмбетәлиев пен Қарашаш Ыбыраеваның шаңырағы бүгінде кеңейіп, төрт баланың ата-анасы атанды. Олардың үйлену тойы Наурыз мерекесінде ерекше салтанатпен атап өтілді. Жиырма жыл бұрынғы Наурыз мерекесімен қат-қабат келген олардың шаңырақ көтеру тойлары жайында Қарашаш Ыбыраева былай деп еске түсіреді.
– Бұл 1993 жыл болатын. Еліміздің тәуелсіздік алғанына небәрі екі жыл толған кез еді. Өздеріңіз білесіздер, аяғынан енді тұра бастаған мемлекеттің жағдайы жақсы емес болатын. Десе де, біздің тойымыз Наурыз мерекесі күні ұжымда ерекше бір өзіндік салт-дәстүрімен көрініс тапты. Бір айта кетерлігі, бұл қазіргідей жай сценарийге құрылған шара емес, шынайы біздің өміріміздегі есте қаларлық оқиға болды. Өйткені, бұл біздің шаңырақ көтеру тойымыз еді. Ол кезде мен №9 училищеде электрмонтер мамандығынан арнаулы пән оқытушысы едім. Сол уақыттағы оқу орнының басшысы Сексенәлі Раханов ағай ұжымдағы Наурыз мерекесін ұлтымыздың ұмытылып бара жатқан дәстүрлерін еске түсіру мақсатында және оның шынайы түрде көрініс табуына көп еңбек сіңірді. Әлі күнге дейін сол жылғы Наурызды ұжым айтып жүреді. Біздің училище жанында "Жігер” деп аталатын профилакториялық мекеме бар еді. Мені сол жерге тігілген бөлек отаудан ұзатты. Атқа жегілген арбаға отырғызып, оқу орнының ауласына тігілген киіз үйге күйеу жігіттің жеңгелері барлық рәсімдерін жасап кіргізді. Ол жерде шымылдық құрылды. Шынымды айтсам, қазақша көйлек пен басыма киетін сәукелені зорға таптық. Тіпті ол уақытта ұлттық киімдерді табу өте қиын. Ал, бүгінде оның барлық түрін арнайы ұлттық киім сататын дүкендерден табуға болады ғой. Сөйтіп, өзім келін болып түскен осы оқу орнында жұмыс жасап жатқаныма қазір жиырма жылдан асты,–дейді біздің алғашқы кейіпкеріміз.
Ұлыстың ұлы күнінде көптің батасын алғандықтан болар, бүгінде Қарашаш пен Сәбиттің отбасы ауызбіршілігі жарасқан, берекелі өмір кешуде. Үлкен қыздары Айдана "Алтын белгі” иегері атанып, қазір Еуразия университетінде үшінші курс студенті. Одан кейінгі Айзаданың өз отбасы бар. Ал Бағдәулет пен Ердәулет мектепте үздік оқушылар.
Әр жылдағы наурыз тойын бұл ұжым ерекше ынта-ықыласпен тойлаған деуге болады. Мәселен, жаңару күнінде тағы бір шаңырақ көтерген отбасы бар. Камаловтар әулеті осы білім беру мекемесінде ұзақ жылдар еңбек еткен. Сондықтан да болар ұжым болып олардың тұңғышын үйлендіріп, тойын жасауды өз міндеттеріне алды. Қалыптасқан дәстүр бойынша, бұл той тағы да Ұлыстың ұлы күнінде жасалды. Алайда келіншек алатын Мейірхан ғана мұндай жаңалықтан бейхабар еді. Алайда бұл оқиға жігіттің жарқын болашағына жол ашты. Ештеңеден хабары болмаған Мейірхан сол уақытта әскери борышын өтеп келген еді. Дайын тұрған қалыңдығы жоқ. Бас-аяғы бес күннің ішінде оған үйленетін қызды табу тапсырылады. Өзге тірліктің барлығын ұжым өз жауапкершілігіне алған. Қалыңдық іздеу оқиғасы туралы күйеу жігіттің өзі былай деп еске алады.
– Мен ол кезде жиырма үш жаста едім. Өзім қызбен жүрмек түгілі, қызға сөз айтып көрмеппін. Не істерімді білмедім. Бір сыныпта оқыған досымның үйінде қарындасы бар еді. Көптен көзім түскенмен, батылым жетіп сөз айта алмай жүргенмін. Содан ол қызды үйінен шығару, оған "күні ертең саған үйленемін, келісіміңді берші” деп айтудың өзі мен үшін үлкен сынақ болды. Бірақ, менің бір осал тұсым бар. Бір табан ішкілікке жақындау болдым. Әлгі қызға ұсынысымды айтқан кезімде ол менің осы жаман әдетімнен бас тартуымды, мүлдем жоламауды сұрады. Жігіттік уәдемді беріп, қызды көндірдім. Наурыздың 19-да түнгі екіде үйге қалыңдықты түсірдік. Ертеңіне бірден училещеге "шақыртып жатыр” деді. Барсақ, біздің ұлттық киімдерімізге дейін барлығы дайын, киіз үй тігулі, алтыбақан құрулы тұр. Менің туған-туысымның барлығы осында жүр. Келіншегімнің беташары болды. Ұлттық спорттық ойындардан жарыстар өтті. Бүгінде бір шаңырақ астында тату-тәтті тірлігімізге 17 жыл толды. Алланың берген 5 баласын тәрбиелеп отырмыз. Осы наурызда, құдай қаласа, тағы бір нәрестеміз дүниеге келгелі тұр,–дейді Мейірхан марқая түсіп.
Әр жылда Наурыз мерекесін асыға күтетін бұл отбасы әуелі әкенің шаңырағында бас қосса, одан кейін міндетті түрде Мейірханның үйіне жиналады. Ал балалары болса, мерекелік шағын концерт ұйымдастырып, ата-анасын қуанышқа бөлейді.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.