ҰЛЫС ОҢ БОЛСЫН, ЫРЫС МОЛ БОЛСЫН!

ҰЛЫС ОҢ БОЛСЫН, ЫРЫС МОЛ БОЛСЫН!...Тіл бітіріп тасқа бүгін,
Бір тіршілік бүлкілдейді.
Астында Алаш аспанының,
Ақ тілектер іркілмейді.

Алақанға Ай, Күн қонар,
Осы күні берекелі.
Қарт Қаратау... айдынды Арал,
Қарсы алуда мерекені.

Кетті қарттай қысың ойлы,
Жылға қуып... жүгірді Күн.
...Күлдір-күлдір кісінейді,
Көп ішінде құлын-жырым.

Бөген ауыл бөктерінде,
Бар ма, оймақтай ойнаған із?!
...Алтыбақан тепкенімде,
Алабұрттың Айзада қыз.

Көктем қонды босағаға,
Келіншектей отты демі...
Yй тікті ару "Қособада”,
Жалт-жұлт еткен ақ білегі.

Жатсын жайнап, жаңғырып ол,
Құт-береке, ырыс бүгін.
Қазақия – Мәңгілік Ел,
Құтты болсын, Ұлыс күнің!!!

Таңғажайып табиғаты,
Таңдай уыз Тыныштығым.
Күллі Сырдың жамиғаты,
Құтты болсын, Ұлыс күнің!

Толыбай АБЫЛАЕВ.
ҚОҒАМ 22 наурыз 2014 г. 1 450 0