ТЕЛЕЖYРГІЗУШІ НЕГЕ ЖАҢЫЛЫСАДЫ?

Украинада тағы бір саяси дүрбелеңнің басталғаны қашан. Кешегі ақпанда оның соңы төңкеріске, қантөгіске әкеліп соқтырды. Мұндайда ақпарат құралдарының оқиғаларға қатысты білдіретін көзқарастары белгілі ғой. Әркім өз көрпесін өзіне тартып дегендей, нақты жағдайды бұрмалағысы келіп, факт іздеп аласұрып жатады.
Оқиғалардың барысын әртүрлі ақпарат құралдарынан қадағалап отырдым. Киевтегі оқиғаларды Ресейдің «Россия – 24», Еуропаның «Euronews», Түркияның «ТRT»  телеарналары көрермендеріне өздеріне ыңғайлап  жеткізіп жатыр. Саясат деген құйтырқының араласпайтын жері жоқ, әркімнің өз мүддесі, қызығушылығы болғандықтан ғой, әрине. Киевте билікті басып алғандар Еуродаққа, АҚШ-қа жәутеңдей қарайды. Ресей Севастополь, Қырым төңірегінде басталған дүрбелеңді референдум арқылы халықтың мүддесіне шешуге ыңғайлана бастады. 
Осының барлығына түсінікпен қарауға болар еді, әттең бір түйіткіл болмаса... 
Ресейдің «Россия» телеарнасының белгілі жүргізушісі Сергей Брилев өзінің кешегі 8-ші наурыз күнгі сенбілік бағдарламасына Ресейдің Мәдениет министрі Владимир Мединскийді шақырды.  Журналистің сауалына орай министр Мәскеуде Тарас Шевченконың туғанына 200 жыл толуына орай ескерткіш ашылғанын айтып, жалпы Украинадағы оқиғаларға қатысты өзінің көзқарасын баяндады. Осы жерде күтпеген жерден Брилев министрге арандатушылық мазмұндағы сауалды көлденең тартпасы бар ма? 
– Қалай ойлайсыз, біз Орта Азиядағы қандастарымыздың мүддесін қорғау үшін Қазақстанда орыс автономиясын құруымызға болмай ма? – деді ол шімірікпестен. 
Үлкен Ресейдің үлкен саясатын жүргізетін мемлекеттік ресми каналдың жүргізушісі мемлекеттік деңгейдегі саяси басшыға осындай сауал тастағанда, шындығымды айтайын, қандай күйде болғанымды білмей біршама дағдарып қалдым. Бұл не? Мемлекеттік саяси басшылықтың көзқарасы ма, әлде журналистің қасақана «жаңылыса беретін» ой үстірттігі ме? Обалына не керек, министр азамат екен. Арандатуға берілмеді. 
– Жо-жоқ (журналистке не былжырақтап отырсың деген сыңайы еді), – деді ол жұлып алғандай. – Қайдағы Қазақстан! Ондағы интеллигенция өкілдерімен  кездесіп тұрамын. Олар әрдайым қазақтардың адалдығын айтады. Мен де дәл солай ойлаймын. Кешегі соғыста панфиловшы батырлардың қатарында қазақтар көп болды ғой. Ендеше мұндай мәселені Қазақстан жөнінде қозғауға болмайды! 
Брилев суға түскен тауықтай бүрісіп қалды. Өйткені министрден мұндай жауап күтпеген еді.  
– Білемін, білемін. Мен Нұрсұлтан Әбішұлымен талай хабарлар ұйымдастырдым. Қазақстан Президентінің саясаты байыпты,  ол қазақстандықтармен екі тілде сөлеседі, – деді Брилев «аңдамай» айтылған сауалы үшін өз әбестігін жуып-шайған болып. 
Министр ұлтаралық қатынасқа келгенде мемлекеттің саясаты байыпты болу қажеттігін, өзінің Украинада туғанын айтты. Бабасы поляк, оның әйелі неміс ұлтынан екен. «Сонда мен қандай ұлттың өкілі болуым керек?» – деді журналистке ойлы назарын аударып. 
Жуырда Жириновский де жымысқы ойын  сездіріп қалды. Ресейдің ресми өкілдері бізге саясаткер «жаңылысқан, дұрыс түсінбегенсіңдер»  деген сыңайда жауап беріп құтылды. 
Шүкіршілік етейік, бізде тыныштық. Бұл – Елбасының әрбір саяси қадамын өлшеп-пішіп жасайтын, басқаша айтқанда, сындарлы саясатының жемісі. 
Тыныштыққа не жетсін!
Жолдасбек АҚСАҚАЛҰЛЫ.

ҚОҒАМ 15 наурыз 2014 г. 783 0