АЛПЫС ТӨРТ ТАҒДЫРДЫҢ АЗАЛЫ КҮНІ салғырттық пен немқұрайлылыққа сабақ болар оқиға

 Жұрт тыныш, ел аманда Ресейдің Кемерово қаласының қақ ортасындағы «Зимняя вишня» сауда және ойын-сауық орталығынан алапат өрт шықты. «Тілсіз жау» деген осы, айтпай келіп, 64 адамның өмірін жалмады, олардың қырықтан астамы бейкүнә балалар.

Қайғылы хабарды ресейліктермен бірге барша қазақстандықтар да зор күйзеліспен қабылдады. Осы оқиғаға байланысты Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев Ресей Президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады. «Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан қаза болғандардың туыстары мен жақындарының қайғысына ортақ екенімді жеткізуіңізді сұраймын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып, отбасыларына оралуына тілектестік білдіремін», – делінген  жеделхатта.

«Қыс шиесі» дейтін әдемі атауы бар бұл ғимараттың қабырғасы елу жыл  бұрын қаланған екен. Кейін қайта құрылымдаудан өткен төртқабатты сәнді үйде – 14 дүкен, дәмхана, банк бөлімшелері, балалар орталығы, фитнес-клуб, кинотеатр, бассейн, ойын алаңы сынды нысандар орналасыпты. Құзырлы орындар өрт шыққан кезде орталықтың төтенше жағдайларға арналған қосалқы есіктері тарс жабық болған, басқа да қауіпсіздік ережелері сақталмаған деп отыр. Осындай қорытындымен оқиғаға немқұрайлылық пен тәртіпсіздік кесірінен орын алды деген баға берілген. Орталық қызметкерлерінің тілсіз жаудың қоршауында қалған жандарды құтқаруға қауқары жетпей, әркім өз басын сауғалап кеткен.

Бірақ, перзенті үшін жанын пида ету – ата-ананың қанында бар ерлік сезімі. Кемероволық жас мұғалім Татьяна Дарсалия өзінің жанып жатқанына қарамастан, 14 жасар қызын қауіпсіз жерге сүйреп шығарып, құрбан болған. Ал, 13 жасар Марияның «Біз жанып барамыз! Қош болыңдар!» деген электронды күйде табылған хаты барша адамзатты егілтті. Қазір кемероволықтар тіні түтінге ысталған сауда ғимаратын біржола сүріп тастап, орнына қайтыс болғандардың рухын қастерлейтін ескерткіш тұрғызу керек екенін де айтуда. Солай болған күнде дәл осы жерде перзентін өз кеудесімен жауып, қызыл жалыннан құтқарған Татьяна мен отқа оранған кішкентай Машаның алып бейнесі бой көтеретіні кәдік.

Өрт шарпып, улы түтінге тұншыққандардың ішінде сол күні қалаға губернияның алыс деревнясынан саяхаттап келген  бүтін бір класс оқушыларының бар екені де айтылып жатыр. Неткен қасірет! Ертең мұғалімі класс бөлмесіне кіреді, бірақ, бірде-бір оқушы жоқ, өлі тыныштық…

Кемерово облысының губернаторы Аман Төлееев Ресей Президенті Путинге болған жағдай туралы баяндай келіп: «Зардап шеккен әр отбасына мемлекет есебінен тыс миллион рубль көмек беріледі. Мәселе мұнда емес. Жан жарасы ақшамен жазылмайды. Біз оқиға ортасында болып тірі қалған балаларды 18 жасқа келгенше қамқорлыққа алып, мұқтаждықтарын өтейміз. Сонымен бірге, біреудің қайғысын біреудің өз пайдасына шешуге жол бермейміз» – деді нық сеніммен. Әрине, бұл ел басқарып отырған азаматтардың иығына да, жүрегіне де салмақ түсіретін оқиға болды.

2009 жылы Ресейдің Пермь қаласындағы түнгі клубтан өрт шығып, 117 адам құрбан болған еді. 2013 жылы Бразилияның Санта-Мария қаласындағы сондай бір оқиға салдарында тілсіз жау 245 жазықсыз жанды алдына салып әкетті. Осының бәрі қауіпсіздікке жауапты тиісті қызмет орындарына сабақ болмағаны ма, сонда?

Кемерово қасіреті баршаға сабақ болар жағдай. Басқаны қоя тұрып, өз еліміздегі сауда орталықтары мен халық көп баратын басқа да нысандар төтенше жағдайларға қаншалықты дайын деген сұраққа келейік. Халықтың қажеттілікке деген сұранысы мен тұтыну талғамы жыл сайын өсіп келеді. Сауда, ойын-сауық орталықтарының бірінен кейін бірі ашылып жатуы әлеуметтік ахуалымыздың арта түскені. Мұндай орындар, әсіресе Алматы мен Астанада көп шоғырланған. Аяқ арылмайтын осындай орындардағы мыңдаған адамның қауіпсіздігі қаншалықты қорғалған.

Күні кеше өткен Үкіметтің селекторлық режимдегі отырысы осы мәселе төңірегінде сөз қозғады. ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев еліміздің Ішкі істер министрлігіне барлық сауда орталықтарында өрт қауіпсіздігін тексеруді тапсырды.

 Үкімет басшысы Ішкі істер министрлігі мен өртке қарсы қызмет орындарына әкімдіктермен бірлесіп, сауда орталықтарында тексеру өткізіп, тиісті шаралар қолдануды жүктеді.

Облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжіліс тақырыбы да осы өзекті мәселеге арналды.  «Мамандардың айтуы бойынша қаза болғандардың осынша көп болуына авариялық шығу жолдары мен автоматты өрт сөндіру жүйесінің жұмыс жасамағандығы және адамдарды көшіру жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілмегендігі себеп болған.

Сонымен бірге, өрттің тез таралуы орталықтың тез жанғыш арзан құрылыс материалдарымен жабдықталуына тікелей байланысты екендігін атап өткен жөн», – деді облыс әкімі. Дәл осыған қатысты облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасына салынып жатқан ғимараттардағы құрылыс материалдарының өртке төзімді болуын бақылауға алуды міндеттеді.

Сондай-ақ, облыс әкімі мәжілісте сала басшыларына өздеріне қатысты әлеуметтік нысандардың өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ететін шаралар қабылдауды тапсырды. Мұнымен бірге облыстық төтенше жағдайлар департаментіне облыс аумағындағы адамдар көп шоғырланатын нысандарда өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына мониторинг жүргізіп, нәтижесінде проблема туындатқан нысандарға қатысты заңнама аясында қатаң шаралар көру қажеттігін айтты.

Жаратушы иенің «Сақтансаң, сақтаймын» деген сөзі бар дейді қазақ даналығы. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Кемерово оқиғасы немқұрайлылықтан орын алып отырса, онда біздің адам тағдырына сергек қараудан артық жауапкершілігіміз болмауы тиіс.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

ҚОҒАМ 31 наурыз 2018 г. 963 0