АЛИМЕНТ ТӨЛЕУ ҚАРЫЗ ЕМЕС ПАРЫЗ

Қазіргі таңда жағдайды бағамдап, саралап қарасақ, жастардың ажырасу мәселесі жылдан жылға артып келеді. Өмір бойы бірге боламыз деп некесін қиған жұптардың ажырасуынан алимент төлеушілердің қатары да өкінішке орай азаймай тұр. Біздің мақсатымыз алимент төлемейтін әкелердің тізімін оқып шығу емес, бүгінгі қоғамның өзекті мәселесі алимент төлеуден жалтарып жүрген әкелердің балаларана деген сезімін оятуға түрткі болу. Әкенің өз ұрпағынан безіп, жауапкершіліктен қашуы, алименттен жалтаруы - қазірде қоғамдық проблемаға айналған. Өйткені, бұл тек отбасыға қатысты проблема емес, себебі «Отан – отбасынан басталады» емес пе? Ендеше, әр отбасыда береке мен бірліктің болуы ел тыныштығының кепілі деп білеміз.
Алимент төлемдері кәмелетке толмаған бір балаға ата-анасының айлық жалақысының не өзге де табыстарының 25 пайыз, екі балаға –33, үш және одан да көп бала үшін – 50 пайыз мөлшерінде төленеді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, борышкердің жалақысының немесе өзге де табысының 50% кем емесі сақталуы тиіс.
Егер борышкер жұмыссыз болған жағдайда еліміздегі орташа жалақының (106 817 мың теңге) 25 пайызын төлеуі тиіс. Яғни бір балаға төленетін алимент мөлшері 26 705 теңгені құрайды. Екі бала болған жағдайда оның сомасы 35250 теңге, ал үшеу және одан да көп болса айына 53409 теңге төлеуі керек.
Бүгінгі күні тек Қызылорда қаласы бойынша барлығы 3489 алимент өндіру ісі бар. Оның  1019 аяқталып, 1613 жұмыс орындарына жолданып, айлық табыстарынан өндірілуде. Жұмыссыз жүрген борышкерлерден бөлек, жеке жұмыс жасап, өз баласына алимент төлеуден қашып жүрген борышкерлер де жеткілікті. Оларға қолданылған шара да жаза да аз емес.

А.Абдуллаева,
Қызылорда облысының Әділет департаментінің бас маманы,
ҚР Заңгерлер одағының мүшесі.
ҚОҒАМ 30 наурыз 2018 г. 902 0