«МӘҢГІЛІК ЕЛ» – ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ ИДЕЯСЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел халқына арнаған биылғы Жолдауы еліміздің ұзақ мерзімдік басым бағыттарын, стратегиясын белгілеумен ерекшеленіп отыр. «Қазақстан жолы – 2050»: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» деп аталған биылғы Жолдау Қазақстанның 2050 жылға қарай әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіру мақсатын айқындауға және оны кезең-кезеңмен жүзеге асыруға арналған. 1997 жылы қазан айында жария етілген «Қазақстан – 2030» даму стратегиясының едәуір бөлігі мерзімінен бұрын орындалды. Енді жаңа стратегия мен басым бағыттардың қажет екендігі айтпаса да түсінікті.
Елбасы Жолдауы тәуелсіз еліміздің басты құжаты да болып табылады. Өйткені, Мемлекет басшысының әр жылғы Жолдауы еліміздің дамуының, бағыт-бағдарының, саясатының мазмұнын анықтаумен қатар, оның жетістіктері мен табыстарының кепілі ретінде де қарастырылады.
Елбасы Н.Назарбаев 1997 жылғы «Қазақстан – 2030» стратегиясын жариялаған Жолдауында «мемлекетіміз бен қоғамымызды құрудың дұрыс стратегиясын таңдап алудың өміршең мәні бар. Екшеле талданып жасалған стратегиялық жоспар назарды жинақтайды, тәртіпке жұмылдырады және жәрдемдеседі. Ол мемлекет назарын басымдықтардың аса қысқа тұжырымды тізбесіне жинақтайды, ол тәртіпке жұмылдырады әрі Үкіметті осы міндеттер мен стратегияларды күнделікті шешіп отыруға талпындырады. Ақыр аяғында, ол біздің мақсаттарымыздың іске асуына алып келетін күн сайынғы және жыл сайынғы шешімдерді қабылдауымызға жәрдемдеседі» деп айтқан болатын. «Қазақстан – 2030» стратегиясының мерзімінен бұрын орындалуы да бұл тарихи құжатты бүкіл ел болып қолдап, Үкіметтің жұмыла жұмыс істеуінің арқасында болды. Өйткені, ұзақ мерзімді стратегия халықты болашаққа сеніммен қарауға жетелейді, ол бүкіл елдің күнделікті тіршілігінің күретамыры болады, дұрыс бағытты көрсетер бағдаршамына айналады.
«Қазақстан – 2050» стратегиясы да ХХІ ғасырдың ортасына қарай мықты мемлекет құруды мақсат етеді. Біздің ендігі мақсатымыз Елбасы қойған міндеттерге барша қазақстандықтардың қолдау көрсетуі болып табылады. Бұл стратегия өз-өзінен орындалмайды. Оны біз өз қалауымызбен және табысқа жетуге талпынған ерік-жігерімізбен орнатамыз. 
Елбасы Н.Назарбаевтың Жолдауына аса зор қызығушылық танытқан біздің колледж ұжымы да Жолдаудан туындайтын міндеттерді орындауға белсене араласады Бұл туралы Елбасы Жолдауын түсіндіру мақсатында колледжімізде өткен жиында жан-жақты айтылды. Иә, елдің тәуелсіздігін бекемдеу, мемлекетімізді күшті де мықты елдер қатарына жеткізу және ұрпақтарымыздың жарқын болашақта өмір сүруі ел-халқының ынтымағы мен бірлігі, саяси тұрақтылығы сақталған жағдайда ғана жүзеге асатындығын естен шығаруға болмайды.  
Құрмаш ОТАРБАЕВА, 
Абылай хан атындағы Қызылорда колледжі директорының орынбасары.

ҚОҒАМ 15 наурыз 2014 г. 1 418 0