Бұрынғы билер сотының жалғасы – бүгінгі медиация

Сотқа жүгінуші тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету, тараптарды татуластыруға қол жеткізу «Медиация туралы» Заңының негізгі мақсаты болып табылады. Бітімге келу, татуласу, бір-біріне кешірім жасау «Жеті жарғы», «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» секілді заңдардан бастау алады. Дала билігінің дара тұлғалары – Төле, Қазыбек, Әйтеке секілді дана билер ел арасындағы кез келген дау-дамайды бітімгершілік жолымен шешіп, халқымыздың бірлігін, жеріміздің тұтастығын сақтауға баса назар аударған. Дала заңының құқықтық мәдениетінің дамуына, өзгеге үлгі болуына дауласушы екі жақтың бітімге келуі айрықша рөл атқарған. Ұрпақтан-ұрпаққа жеткен дала заңдарының ізі іспетті «Медиация туралы» Заң 2011 жылдың 28 қаңтарында қабылданды. Бұл заң қазақ халқының дәстүрлі билер мен ата-бабалар жолымен дәрістелген, дәстүрлі әдеп-ғұрып тәжірибесін қалпына келтіруге жасалған игі қадам.
«Алдыңа келсе, атаңның да құнын кеш» деген қағиданы басшылыққа алған дарабоз билердің дәстүрлі билік жүргізу тәсілінің заңды жалғасы.
Бүгінгі күні дауларды медиация арқылы шешу күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Бұл бағытта Шиелі аудандық соты нақты жұмыстар атқарып келеді. Мәселен, бүгінгі күні аудандық сотта құқықтық көмек көрсету бұрышында медиатор халыққа қызмет көрсетіп отыр. Сонымен бірге, ағымдағы жылдың 16 наурызында Шиелі ауданында Татуласу орталығы ашылды. Орталықта аудан тұрғындарына медиация, оның ішінде сот медиациясы, татуласу келісімдері, партисипативтік рәсім сияқты алуан түрлі дауды реттеудің балама рәсімдерін жүргізу тәртібі туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Бұл өз кезегінде қоғамдағы даукестіктің деңгейін төмендетуге, дауларды келісім арқылы тиімді шешуге ықпал етеді.
Сонымен қатар, Шиелі аудандық сотында медиация рәсімін бұхара халыққа баспасөз арқылы насихаттау, ұғындыру, түсіндіру, жеткізу және семинарлар мен дөңгелек үстелдер өткізу тұрақты түрде жолға қойылған.
Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, Шиелі аудандық сотында 2017 жылы медиация арқылы тараптардың татуласуымен 44 іс қысқарған.
Әлімсақтан қазақ халқының ұлттық салт-сана дәстүрі мен мәдени тіршілігінде бітімге келу, татуласу озық тәжірибе екенін білеміз. Қоғамдағы берекелі, жайлы, тыныш тіршілік үшін тиімділігі бар заңның бар екенін қауым ұғынып, біліп оның тиімді жүргізілуіне бәріміз болып атсалыссақ жақсы нәтиже береді деп ойлаймын.
А.Жолдыбаев,
Шиелі аудандық сотының судьясы
ҚОҒАМ 20 наурыз 2018 г. 682 0