Адамға түскен бүркіт


Арада қанша уақыт өтсе де сол бір оқиға дүркін-дүркін еске түсіп тұрады. Әсіресе, қыранның өңменіңнен өтердей жап-жасыл көзі тіпті кеше ғана көргендей елестейтіні бар кейде.

Республикалық телеарнаның меншікті тілшісі кезімізде аудандарға сапарымыз жиі болатын. Кейде материалыңды әрең монтаждап үлгеріп, келесі сапарға аттанып жатасың. Жұмыс қауырт, бірақ қызық еді. Сондай сапарлардың бірінде оңтүстікке жол түсті. Көздеп барған материалымызды түсіріп алғасын, ел естімеген ерекшелеу оқиға жайлы іздестіре бастадық. Бізді бастап жүрген ауданның жігіттері осында бүркіт ұстап отырған бір үй барын айтты. Ойланбастан түсіреміз дестік. Бұрынғы мен бүгінгі таразының екі басына түсіп, өткеннің өнегесі қайта ұлықталып жатқан екімыңыншы жылдары бұл таптырмайтын тақырып едік.

Көп ұзамай іздеген үйімізді таптық та. Кіргеннен-ақ, құстың шаңқылдаған даусы жетті құлаққа. Қыран ұстап көрмесек те, осы қылығы бізге тосындау көрінді. Тоят тілеген емес, ашулы үн сияқты.

            Отағасы үйінде жоқ екен, әйелі төргі бөлмеден бүркітті алып келді. Құстың қауырсындары сиреп кетіпті, қанаттарының арасынан әппақ мамықтар көрінеді. Онысына қарап тұрған әлгі әйел жоқ, бүркітті шыр айналдырып, таныстырып жатыр. Құдды бір қолындағы қыран емес қуыршақ сияқты.  

 Негізі қазынаға қосылған бүркітті ата-бабаларымыз текті құс деп бағалаған. Қадірлейтіндігі соншалықты, ол өлсе, иесі оны арулап жерлеп, қауырсынын үй төріне іліп қояды екен. Бұл «бүркіттен пәле-жала қашады» деген нанымнан туса керек. Тіпті, халқымызда «Ер жігіттің қайғысын қыран бүркіттің қияғы, жүйрік аттың тұяғы кетіреді» деген сөз бар.

Сондайды естіп өскендіктен бе, ыбырсып жатқан үйдегі мына бүркіттің бейнесі көңіліме қона қоймады. Біртүрлі шақар, айналасына жасыл көзі жарқырап, ызғар шаша қарайды. Жер бетіндегі тірі жан иесінен жарқыраған күннің көзіне тіке қарай алатын осы бүркіт десетін сол рас болар, сірә...

Қалай ұстағанын сұрайық десе, мардымды жауап жоқ. Отағасы жол жүріп кеткен. Әйелі киелі құсты мақтан үшін ұстап отырғандай көрінді. Жұмысқа келгесін бір сюжетті балталап отырып әзер бітірдік. Арасында дала бүркітінің видеосын салып, мәтінді әупірімдеп жаптық. Ол эфирден берілді.

 Бірақ көпке дейін тар үйде тұншыққан киелі құс көкейден кетпей қойды. Ара-тұра хабарын біледі дегендерден сұрастырып қойып жүретінмін. Өстіп жүргенде бір күні оның оққа ұшқанын естідік.

  Бейшара құстың шынымен де бабы болмаған екен. Осыдан да айналасына айбат шегетінді шығарыпты. Тіпті иесінің кейде бөлмеде баққан мысық секілді оны далаға қоя беретін кездері де болған деседі. Сондай сәттің бірінде бүркіт далада жүрген итке түсіпті. Аштық пен ашудан көзі қарайған қыранның тырнағын өлген иттен әрең ажыратып алса керек. Келесі бір шығарғанында тырнаққа ілінер дым таппай, есік алдындағы тасқа қонады. Іңір қараңғысындағы осы көрініс жүрелеп отырған адамнан аумайтын болса керек. Сол тұстан өтіп бара жатқан бір қызулау бір жігіт оны адаммен шатастырып, темекі сұрайды ғой. Жауап бере қоймағанына ашуланған анау ашумен келіп, бір теуіпті деседі. Осы сәтте онсыз да көзі қарауытып отырған құс жалт бұрылып, жігіттің аяғына тырнақты салып келіп жібереді.

Жігіттің шыңғырған даусына сол төңіректегі жұрт түгел жиналыпты. Бірақ ешқайсысы жемтігін бүре түсіп шаңқылдап отырған құсқа жақындауға бата алмаса керек. Ақыры, ақылдасып оны атып алыпты. Біреулер бүркітті оққа шақырумен келген полиция қызметкерлері байлады деседі. Бұл арасын енді көргендер біледі. Анығы, киелі құстың ажалы адамнан болғандығы. Ал санына бүркіт тырнағы қатты батқан ана жігіт біраз уақытқа емделсе керек.

Анда-санда обал-сауапты ұмытқан жанның кесірінен қор болған сол түз тағысының шаңқылдаған үні құлаққа келгендей болады...

М. АЙДАР  

 

 

ҚОҒАМ 20 наурыз 2018 г. 1 912 0