ОҢАЛТУ ЖҰМЫСТАРЫ ОҢ НӘТИЖЕ БЕРУДЕ

Облыс орталығында жазасын өтеп шыққандарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалту орталығы бар. Онда істі болып, қоғамға қайта оралған адамдардың дұрыс жолға түсуіне көмек беріледі. Орталықта бостандыққа шыққан жандарға медициналық, психологиялық көмек көрсетіліп, құқықтық кеңес беріледі. Осыған орай «Қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалту орталығы» директоры Б.Нұртазаев өткен жылы атқарылған жұмыстарын саралап, қорытынды жасады.

Орталық басшысы Бақыт Әбдіғаппарұлының айтуынша, жергілікті полиция және қалалық пробация қызметіне есепке алынған азаматтардың 250-і қазақ, 25-і басқа ұлт өкілдері. Оның 261 ер азаматтар болса, 14 нәзік жандылар.

– Орталық мамандары 180 азаматқа әлеуметтік карта толтырып, жеке істерін ашты. Есепте тұрғандардың жастары бойынша 30 жасқа дейінгі – 70, 50 жасқа дейінгілер – 171, 55 жастан жоғары – 34 адам бар. Ал, қайта қылмыс жасап сотты болғандар – 3, қайтыс болғандар саны – 5. Сондай-ақ, 9 адам денсаулығына байланысты жұмысқа жарамсыз, өкпе ауруының ашық түрімен ауыратын – 2 және басқа аймаққа қоныс аударған 12 азамат бар. Жазасын толық өтеп шыққан 109 адамның отбасы орташа жағдайда тұрады, – деді.

Жазасын өтеп келгендердің көбісі жұмыссыздыққа тап болып жатады. Ол түсінікті де, өйткені жұмыс берушілер соттылы азаматтардан айналып өтеді. Осындай жағдайдың алдын-алып, жұмыс тауып беру немесе кәсіптік білім алу жағын оңалту орталығының мамандары шешіп береді.

– Былтыр жалпы 126 адам жұмыспен қамтылса, оның 40 орталық мамандарының ықпалымен тұрақты жұмысқа орналастырылды. Жұмыстан бас тартқан 75 азамат бүгінде өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Ақылы қоғамдық жұмысқа 10 және әлеуметтік жұмысқа 3 адам орналасты. Сонымен қатар, кәсіби мамандық алу үшін оқу курстарына 11 адам мамандық алып шықты. Орталық тарапынан 431 азаматқа құқықтық көмек көрсетілді. Оның 392 пробация қызметінде есепте тұрғандар болса 39 жазасын толық өтеп шыққан азаматтар. Және орталықтың психолог маманы 350 азаматқа психологиялық көмек көрсетті, – дейді орталық басшысы.

Оңалту орталығы әлеуметтік, медициналық және басқада көмек түрлерін көрсетіп келеді екен. Мәселен, 4 азаматтың отбасына бірнеше мәрте азық-түлікпен қамтамасыз еткен. Қиын жағдайға тап болған 14 жанды әлеуметтендіру орталығына орналастырып, жұмысқа жарамды 4 азаматқа тұрақты жұмыс тауып берген. Орталық заңгерлері балалы отбасыларға берілетін жәрдемақы немесе бірреттік материалдық көмек алуға, 1,2,3 топ мүгедектігіне шығуына орай құқықтық қызмет көрсеткен.

Жазасын өтеп келгендер енді жеке кәсібін ашып, қоғамның толыққанды мүшесі болуына мемлекеттің өзі ықпал етіп отыр. Бүгінде «Жұмыспен қамту – 2020 бағдарламасы» аясында Қызылөзек ауылының тұрғыны кәсіпкерлерді дайындау курсы бойынша оқудан өтіп, несие алушылар тізіміне қосылған.

Түзеу мекемесінен босатылған тұлғалар, халықтың нысаналы топтарына жатады. Оларға әлеуметтік құқықтық көмек көрсету және жұмыспен қамту мақсатында арнайы «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өтіп, оған 45 адам қатысқан. Жәрмеңкеде 21 жұмыс беруші мекеме 66 бос жұмыс орындарын ұсынған. Нәтижесінде 19 азамат жұмысқа жолдама алып, 1 азамат оқуға тіркелді.

Аяғын шалыс басқандар арасында спортқа бейімдері аз емес. Орталық «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесіне орай түзеу мекемелерінен босатылған, пробация қызметінің есебінде тұрған және белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімделу орталығының азаматтары арасында волейбол мен шағын футболдан жарыс өткізді. Салауатты өмір салтын насихаттаған жарысқа 4 және 3 команда қатысқан. Нәтижесінде қатысушы команда мүшелері жүлделі орындарға ие болды. Сондай-ақ, Қызылорда қаласының 199 жылдығына орай шахмат пен дойбы ойындарынан өткен жарыста тартысты өткен.

«Спорттық жарыстарды өткізу, аталған азаматтардың қоғамның бір мүшесі ретінде өздеріне деген сенімділігін арттыру, қоғамға бейімдеу болып есептеледі», дейді Бақыт Әбдіғаппарұлы.

 Орталық қызметкерлері жазасын өтеп келген жандарды қайта шалысбаспас үшін, қоғамға тез бейімделу кету мақсатында түрлі семинар-кеңестер өткізіп тұрады. Мәселен, пробациялық бақылаудағы азаматтармен «Заңды білу – Заман талабы» тақырыбында кездесу өткен. Онда қалалық прокуратурамен дайындалған арнайы жадынама және буклеттер таратылған.

Бүгінде орталық қызметкерлері облыс бойынша ҚАЖ Департаментіне қарасты түзеу мекемелерінде (ЗК-169/1 тергеу изоляторы, ЗК-169/4 Тартоғай ауылы және ЗК-169/5) бірнеше рет сотталушылармен кездесулер өткізген. Онда орталықтың жұмысы, атқаратын міндеттері мен көрсетілетін көмектер туралы ақпараттар беріліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілген.

Қорыта айтқанда, жазасын өтеп келгендердің бойына сенімділікті қалыптастыра білу – басты міндет. Сондықтан орталық қызметкерлері алдағы уақытта да ақпараттық-танымдық, теологиялық, психологиялық және құқықтық тұрғыдан түсіндіру мен оңалту жұмыстары өз жалғасын табатын болады, дейді.


Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
ҚОҒАМ 19 наурыз 2018 г. 927 0