« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында Қазақстанның мемлекеттілігін нығайту жолындағы стратегиялық маңызды мәселелерді айқындап берді.
Соның ішінде, сыбайлас жемқорлықпен күрес бағыты айрықша көрсетілген.
Сыбайлас жемқорлық – қоғамдық індет. Бұл мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендетіп, қоғамдағы демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейді. Сонымен бірге елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіреді. Ең бастысы, адамдардың заң мен әділдікке деген сеніміне селкеу салады. Қоғам өзегіне түскен бұл індетпен күрес еліміздегі мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселеге айналды. Өйткені жең ұшынан жалғасқан көз қысты-бармақ басты әрекет әлі де болса тыйылмай тұр.
Өкінішке орай жемқорлық ұғымы заманауи құқықтық сөздік қолданысында кең көрініс тапқан. Соның ішінде лауазымды тұлғалардың, қоғамдық, саяси қайраткерлер мен мемлекеттік шенеуніктердің халық алдында қабылдаған антына сатқындық танытуы үлкен өзекті мәселеге айналып отыр.
Мемлекеттік сатып алу, мемлекет қаржысын талан-тараж етіп, ысырап қылу, жер учаскесін заңсыз беру, дүние-мүлкін, ақша капиталын салық декларациясынан, яғни, мемлекеттен жасырып қалу сияқты әрекеттер жиі әшкереленуде. Асау атқа арқан кергендей заң күші мен жалпыхалықтық бақылау ел мүддесінен құлқынын биік ұстаған құныққандармен күресін тоқтатқан емес.
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жемқорлыққа қарсы күрес мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қазақстан Кеңестер одағы кеңістігінде алғаш рет «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылдады. Бұл заң жобасы арқылы жемқорлыққа қарсы күрестің негізгі принциптерін анықтап, оған қатысты құқық бұзушылықтың және осыған байланысты жауапкершіліктің арту түрлері анықталды.
Елімізде 2015 жылы 18 қарашада «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның қабылданғаны да баршаға мәлім.
Жемқорлыққа қарсы күресте барлық адамдар заң мен сот алдында тең. Жеке және заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру, сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтың зиянды зардаптарын жою, олардың алдын алу және барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар өз құзыреті шегінде күрес жүргізу, яғни, жемқорлықпен күресу – жалпыға ортақ міндет.
Елбасымыз өз Жолдауында «Сыбайлас жемқорлық қоғамға, мемлекеттің конституциялық негізіне қауіп төндіреді, сондықтан, онымен күрес жүргізу – жалпыұлттық міндет», – деген болатын.
Біз елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағытында елеулі қадамдар жасадық. Алайда, басты назар көбіне сыбайлас жемқорлықтың салдарларымен күресуге аударылып отыр.
Сондықтан, Президент Жолдауында сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту қажеттігін атап көрсетті.
Сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты. Әлеуметтік желінің, өзге де медиа-ресурстардың дамуы жағдайында, жемқорлыққа қарсы іс-әрекет барысында оны жалпы жұртшылықтың жек көруі күрестің қуатты құралына айналуы тиіс.
Елбасы Жолдауында айтылған мемлекеттік қызметтегі тұлғаларға қойылатын талап жұртшылықтың «әрбір мемлекеттік қызметкер арын да, жанын да таза ұстап, сауатты және білікті, біреуге тәуелді болмайтындай жағдайда болса екен», – деген пікірімен үндескендей.
Мемлекеттік қызметкердің атына кір келтіретін әрекеттерден әркімнің де аулақ болғаны жөн. Мұндай заң бұзушылыққа қасақана барғандар қатаң жазаға тартылады.
Әрине, ең алдымен бүгінгі өскін, ертеңгі ел сенім артатын азаматтың отбасы тәрбиесі тәлімді болуы қажет. Ата-анасының шаруаны пара беру арқылы шешетінін, не пара алу арқылы өздерінің материалдық жағдайын жақсартып отырғанын көріп өскен бала бұл жағдайды орынды, яғни, солай болуы керек екен деп түсінеді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп халқымыз қалай дөп айтқан. Есейгенде ол баладан қандай мемлекеттік қызметкер шығады? Қалтасының қамын ойлайтын шенеунік бола ма, әлде тәуелсіз еліміздің нығаюына, қазіргі жаһандану заманында патриоттық сезімді бойына терең сіңірген, елін құрметтейтін азамат шыға ма? Қоғам қашан да бойына адамшылық қағидаттарды сіңіре білген жастарды керек етеді.
Сондықтан, әрбір қоғам мүшесінің, әр отбасының осы мәселеге аса мән бергені абзал деп түйіндейміз.
А.ҚАЙРУЛЛАЕВ,
облыстық
ішкі саясат басқармасының
басшысы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |