« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
1989 жылдың қытымыр қысында облыста тұңғыш ашылған, мұнай өндіретін «Южказнефтегаз» басқармасына жұмысқа қабылдандым. Ақпарат өкілдері жазатындай, қыстың қаһарлы аязына, жаздың аптап ыстығына, шаңды дауылды күндеріне қарамай, тынымсыз еңбек ететін мұнайшылар ортасына ендік. Ол кезде мамандардың барлығы сырттан келетін. Қазір айтылып жүргендей, атақты «Саламатов мұнараларының» құрылысы қызып жатқан кез. Жыл төңірегінде мұнайшылардың құқығын қорғайтын кәсіподақ ұйымын құру жөнінде конференция болып, облыстық кәсіподақ ұйымының ұсынысымен бұл салада тәжірибесі мол Түрікпен Қонысбаев ағамыз осынау болашақ үлкен ұжымның, елге белгісіз жаңа саланың жұмысына бел шеше кірісіп кетті.
Бірінші басшымыз Мұрат Саламатов өте талапкер, барынша еңбекқор, өндірістің қыр-сырын меңгерген, мұнай саласының тәжірибелі маманы, ерекше ұйымдастырушылық қасиеті мол мықты басшы еді. Ол кісі басқарған адам саны бес мыңнан асатын үлкен ұжым өте ұйымшыл түрде еңбекке құлшына кірісіп кететін. Әрқайсысы бір-бір мекемені басқарған мамандар қатарында, өндіріске тікелей жауап беретін, кәсіпшілік басында айлап жүретін Жеңіс Жалғасов, бұрғылау экспедициясының басшысы Тарғын Хошжанов, технологиялық транспорт басқармасының басшысы Жақсылық Тауекелов, «Құмкөлқұрылыс» мекемесінің басшысы Марат Қожабеков, УПТК басшысы Б.Нұрабаев, бас бухгалтер Саттар ағалармен қойын-қолтық жұмыс істей жүріп, мұнайшылар мүддесін қорғаған Түрікпен ағамыз ұжым алдында, мұнайшылар арасында зор беделге ие болды. «Құмкөл» кеніші басындағы мамандардың жұмысы ерлікке пара-пар еді. Барлық техника, өндіріс құрылғылары қаладан тасылатын, жұмысшылар вагондарда тұрды, тұрмыстық жағдай болмады. Электр қуаты көп сөнетін. Бірақ мамандар жұмысты жан-тәнімен, асқан жауапкершілікпен атқарды. Күнделікті болатын есепті жиналыстарда, М.Саламатовтың темірдей тәртібіне шыныққандар Т.Қонысбаев келді дегенде арқаларын кеңге салып бір жасап қалатын.
Сол кездегі бел шеше еңбек етіп, «Құмкөл» еңбек майданында алғашқы алып мұнай мекемесінің іргесін қалауға, мұнайшылар қаласын салуға атсалысқандар қатарында кейін бір-бір саланы, тіпті, облыс, министрлікте, ірі кен орындарында басшылық еткен азаматтар көп болды. Әрқайсысы саланың еңбек ардагері, еңбегі сіңген мұнайшы, өз ісінің үздігі атанды, мемлекеттік наградалар алды. Олардың қатарында Б.Капанов, Ү.Ұлықбаев, Ж.Мамбетов, К.Айдарбеков, Г.Байманов, Т.Шаутай, А.Қалымбетов, Қ.Қыстаубаев, А.Тілегенов, А.Жармаханов, А.Абдікеров, Т.Жұбакешов, А.Айдарбаев, Е.Былқылдақов, Ә.Ізтілеуов, Т.Дүйсеков, С.Сейдахметов, Ұ.Сарыбаева, Б.Мырзашев, Б.Юлдашев, А.Мұхамеджанова, т.б. болды.
Алғашында барлай қараған, мұнайшы емес деп ойлағандар, бір-екі кездескеннен кейін Төкеңнің барынша қарапайымдылығына, аңқылдаған мінезіне, халықпен тез тіл табысатын, көмек қолын аямайтын жомарттығына көз жеткізді. Кейбір шешілмей жатқан жұмыстарда басшылардың бет-жүзіне қарамай, туралықты тайсалмай айтып, өзінің сөздерін дәлелдеп шығатындығына талай куә болдық. Сол кездердегі бірінші қиындық айлық мәселесі болатын. Жоспарды орындаған мұнайшылар өздерінің маңдай терімен тапқан заңды нәпақасын уақытылы ала алмай дал болатын. Вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер үшін үйде қалған балаларына тамақ, киім мәселесі бірінші кезекте еді. Халыққа түсіндіру, тығырықтан шығудың жолын табуға басшылық жасау Түрікпенге тапсырылды. Арыз-шағыммен ашулы, шаршап келген талай бұрғышы, оператор мұнайшылар кәсіподақ комитетіне келіп, жадырап күліп кететін. Біз таңғалатынбыз. Банктен айлықты аударту, оны жергілікті қала, облыс басшыларымен шешуде Төкең ыждағатты түрде, қай басшыға болса да, өз ұжымының мәселесін тура қойып, шеше білетін.
Мұнай шығарудың көлемін арттыру үшін сырттан мұнайшы мамандарды тарту керек болды. Әсіресе, Ақтау, Атырау облыстарынан мамандар көптеп тартылды. Келген мамандардың тұрғын үй, тұрмыстық, айлық, т.б. мәселелерін шешу керек еді. М.Саламатовпен бірге ақылдаса отырып, Төкең Бұқара, Газли өңіріндегі қазақтарды елге тартуды ұсынды, олар мықты маман болатын. Ол кісілерге барлығы бірінші кезекте берілетін. Кейін сол жақтан келгендер бірінші жұмысты болды, туған елге оралды, Қазақстан азаматы атанды. Атақоныста мәңгілікке қалды.
Ендігі бір сала жас мамандар мәселесі еді. Тұран ойпатының ең ірі мұнай кәсіпшілігі «Құмкөлді» үдемелете игеру, мұнай өндіруді арттыру, жаңа технологияны, озық үлгідегі өндірісті енгізумен тығыз байланыстылығын басшылық күн тәртібіне қойды. Оны шешуге тың ой, біліммен қаруланған жас мамандар тартылды. Қатардағы оператор, бұрғышы көмекшісі, техник-геолог мамандықтарынан бастаған жас жігіттер мен қыздар М.Саламатовты ұстаз тұта үлкен өмір мектебінен өтті, жақсы маман болды. Олардың бірінші қатарында А.Шарменов, Б.Кукеев, Қ.Дәулетбаев, С.Жылқаманов, С.Қосбармақов, Г.Қуандықов, Н.Муминов, Ж.Жұмақметов, М.Утеев, А.Беклиев, С.Кукеева, Т.Әбенова, Ж.Кенбаева сынды білікті мамандар еңбек етті.
Түрікпен ағамыздың тікелей ұсыныстарымен жұмысшылардың тұрмыс деңгейін жоғарылатуға арналған іс-шаралар тұрақты түрде іске асып отырды. Атап айтқанда, айлық мөлшерін жоспарлы түрде арттыру, жоспарды орындағандардың ақылай сыйлығын беру, кезек бойынша пәтер беру, басқа да көптеген қазіргі пайдаланып жатқан, ұжымдық шарттағы жеңілдіктердің негізі сол кезде қаланды. Бүкіл қаланы дүр сілкіндірген, көп адам сенбеген, алпыстан аса адамға жеңіл автокөлік сыйға тарту тек сол кезде ғана жүзеге асты. Екі көпқабатты (бірі 55 пәтерлі, бірі 100 пәтерлі) үй салу, КБИ ауданынан мұнайшылар қалашығын тұрғызу, барлық жағдайы жасалған, қала ортасынан кеңсе ғимаратын салу, Алматының табиғаты әсем жерінен балаларға арналған лагерь салу жұмыстары кең қарқын алды. Қараөзек кеңшарын мұнайшылар өз қанатының астына алды. Сонымен қатар, мұнайшылар мекемесі облыстың әлеуметтік саласын дамытуға, қайырымдылық пен демеушілік іс-шараларға ауқымды көмек көрсетті. Халықтың қорғансыз топтарына, балалар үйіне, соғыс және еңбек ардагерлеріне, мүгедектерге, денсаулық орталықтарына, мәдениет пен өнер мекемелеріне көмек қолын аямады.
Жоғарыдағы аты аталған, тонның ішкі бауындай болған талай қызықтарымызды бірге өткізген кейбір ағаларымызды, қызметтестерімізді қазір көре алмаймыз, өмірден озып кетті. Солардың ішінде биыл ортамыздан кеткеніне жиырма жыл толып отырған Түрікпен Қонысбаев ағамыздың орны бөлек еді. Кәсіподақ комитетінде бірге жұмыс істегендер қатарында Р.Есжанов, Е.Шәдібеков, М.Катарбаев, М.Амиров, Д.Ещанов, К.Рахметовалар болды.
Мен көп уақыт ол кісімен бір кабинетте отырдым. Кейбір жиналыстардан кейін Төкең көбінесе бізді үйіне жетелеп алып кететін, дастарханы берекелі, қонағы арылмайтын Ұлбан жеңгеміз басшы дейсіз бе, ғұлама дейсіз бе, ақын-жазушы дейсіз бе риясыз күлкісімен қарсы алатын. Амал нешік, Түрікпен ағамыз арамыздан ерте кетті. Жақсыдан шарапат дегендей, оның жарқын бейнесі әрқашан көз алдымызда.
Ұрпағына ұлағатты өмір тілейміз.
Жарылқасын
БЕКНАЗАРОВ,
«Южнефтегаз», «ХаррикейнҚұмкөлМұнай»
АҚ кәсіподақ ұйымының
бұрынғы төрағасы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |