Бұған дейін хабарлағанымыздай, 7 наурызда Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай қоғамдағы белсенді әйелдерді қабылдаған болатын. «Көктем шуағы» атты салтанатты кездесуге қоғамдағы белсенді қызметімен танымал болған шығармашылық және мемлекеттік қызметтегі әйелдер, еліміздің дамуына зор үлес қосқан жұмысшы әйелдер, көпбалалы аналар шақырылды. Олардың қатарында байқоңырлық «Алтын алқа» иегері Нұргүл Мұсаева да бар.
Біз Қызылордаға оралған Нұргүл ханыммен тілдесіп, кездесуден алған әсерлерімен бөлісуін сұрадық.
– Елбасы барлығымызды құттықтап, еліміздің болашағы әйел-аналар тәрбиелеп отырған жас ұрпақтың ертеңімен сабақтас екенін айтты. "Қазақстан-2050” стратегиясының әрбір қазақстандықтың бақуатты өмір сүруіне арналғанына, елімізде салтанат құрған түсіністік пен бейбітшіліктің маңызына тоқталды. Ер-азаматтарды нәзікжандыларды сыйлауға, оларға тірек болуға шақырды. Елбасының балалар үйлерінде тәрбиеленіп жатқан ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тағдырына қатты алаңдайтынын бұрыннан да білемін. Осы кездесуде де Нұрсұлтан Әбішұлы барша отандастарға ата-ана мейірімін көрмеген жеткіншектерді отбасына алып, тәрбиелеу керектігін айтты.
Салтанатты жиында оған қатысушылардың барлығының да лебіз білдіруіне мүмкіндік берілді. Өз кезегінде 7 бала тәрбиелеп отырған Н.Мұсаева Елбасына барша аналар атынан алғысын жеткізді. Кездесу соңында оған Президент "Алтын алқа” тақты.
– Елбасымен жолыққан сәт менің жадымда мәңгі сақталады. Көреген саясаткердің салиқалы саясаты арқасында елімізде тыныштық, ісімізде береке бар, – дейді Батыр ана.
Н.Мұсаеваның Астанаға алғаш рет жолы түсіпті. Қазіргі заманғы сәулет өнерінің озық үлгілерін тамашалаған ол "Біз Астанамызбен мақтануымызға әбден болады” деген ойда.
Әрине, ананың бар тілегі балаларының амандығы екені даусыз. Нұргүл де 4 ұл, 3 қызының елінің беткеұстар азаматы болғанын қалайды. Балаларының үлкені 21-ге келсе, кенжесі жастан енді асты. Үшеуі университетте оқиды, біреуі мектеп оқушысы, кішкентайлары балабақшада тәрбиеленуде.
– Менің барым да, бағым да – балаларым. Жұбайым "Жедел жәрдем” станциясының жүргізушісі болып еңбек етеді. Түздің адамы болғанымен, әкенің бала тәрбиесіндегі орны бөлек. Мен бар уақытымды осылардың тамағы тоқ, көйлегі көк болуына арнаймын. Былдырап тілі шыққанын, тәй-тәй басқан қадамын, өздеріне беймәлім дүниенің сырын ашқан сәттерін қызықтаудан асқан бақыт жоқ сияқты, – деді көпбалалы ана.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.