КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУ – ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНА ДЕМЕУ

Елімізде іскерлік ортаны жақсарту бойынша заңнаманы реформалау жұмыстары да жүргізілуде. Бұл рұқсат беру жүйесін жетілдіру, бизнес жасау рәсімдерін жеңілдету, мемлекеттік бақылау-қадағалау қызметін оңтайландыру және елдің жалпы бизнес ахуалын жақсартуға да қатысты.
Осы мақсатта 2018 жылдың 01 қаңтарынан бастап  өзінің идеологиясымен ерекшеленетін жаңа Салық кодексі және Кедендік реттеу туралы кодекс қолданысқа енгізілді. Жаңа Салық кодексінің идеологиясы адал салық төлеушінің мүдделерін қорғауға, экономиканың маңызды салаларын ынталандыруға бағытталған. Бұрынғы жүйе салық заңнамасында олқылықтар болған кезде салық органдары салық төлеушінің шын мәнінде дұрыс ұстанымын қабылдамайтын болып құрылған еді. Жаңадан енгізілген өзгерістер байланысты барлық түсініксіздіктер мен дәлсіздіктер салық төлеушінің пайдасына түсіндірілетін болды. Бұл қағида салық дауларын әділ қарауға мүмкіндік береді.
Жаңа Кеден кодексі кедендік операцияларды жеңілдетуге және жеделдетуге, отандық бизнестің уақытын, қаржылық шығындарын төмендетуге бағытталып отыр. Бұл кодекстің негізгі жаңалығы – электрондық кедендік декларациялаудың басымдылығы. Яғни, енді қағаз түрінде декларациялау тек қана апаттық және ақпараттық жүйе ақауларының анықталуы сияқты ерекше жағдайларда ғана жүзеге асырылады.
Елдегі шешуші рөл атқаратын органдардың бірі сот төрелігі бұл ретте аз еңбек етіп жатқан жоқ. Рас, біз құқықтық мемлекет болғанымызбен көптеген кәсіпкерлер өз құқықтарын біле бермейтін. Әлбетте, бұл өткен шақтың әңгімесі. Қазір өзінің заңды құқығын талап етіп, тексеру органдарына қарсы тойтарыс берерлік қауқар жинады. «Білімді мыңды, білекті бірді жығады» деген емес пе, қазір білектінің емес, біліктінің дәурені жүріп тұр. Өзара заңды өкіл арқылы, заңгер арқылы шешімін таба алмайтын тұстарда кәсіпкерлер сотқа шағымдана алады. Сот органдары барлық дәйектемелер мен дәлелдерді негізге ала отырып, көптеген кәсіпкердің мүддесін қорғап шықты. Әлбетте, сотта дау-дамай барысы жан-жақты қырынан зерделенеді. Сол себепті, кәсіпкерлердің құқығы ашық тапталғандығы дәлелденсе, олардың мүддесі қорғалуда.
Осы орайда, мысал ретінде Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қаралған  арызданушы «Ансар-Сервис» ЖШС-нің мемлекеттік кірістер органының салық нәтижелері туралы хабарламасын даулаған азаматтық істі келтіруге болады.
Арызданушы арызында жоспардан тыс тексеру заңда көзделген негіздерсіз, өрескел заң бұзушылықтармен  жүргізілгені жөнінде уәждер келтірген.
Сот талқылауы барысында арызданушының бұл уәждері өз дәлелін тауып, бекітілді. Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабының  3-тармағының 9) тармақшасына сәйкес тексерілетін субъектілерді жоспардан тыс тексеруге қылмыстық қудалау органының Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде (әрі қарай – ҚПК) көзделген негіздер бойынша тапсырмасы негіз болу мүмкін. Қылмыстық-процестік кодекс аясында мұндай тексеру қылмыстық құқық бұзушылық туралы арыз, хабар Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелген уақыттан кейін ғана тағайындалады.
Ал, арызданушы «Ансар-Сервис» ЖШС-нің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс тіркелмеген. Жоспардан тыс тексеру ҚПК-нің 181-бабының 5-бөлігімен жолданған қылмыстық қудалау органының хаты негізінде ғана тағайындалған. Яғни, мемлекеттік орган тарапынан тексеру тәртібі мен мерзімдерінің өрескел бұзылуы орын алған.
Нәтижесінде, бизнес өкілінің арызы негізді болғандықтан, қанағаттандырылып, бұзылған құқығы қалпына келтірілді.
Жалпы, салық салу, кедендік іс, табиғи монополиялар және бәсекелестікті қорғау салаларындағы даулар кәсіпкерлік ортаның ең өзекті мәселелері болып табылады. Әр кәсіпкер үшін дау – белгілі бір деңгейдегі күйзеліс, зая кеткен уақыт пен ақша, ал егер дау мемлекеттік органмен арада туындаса – онда бұл үлкен шығын, тіпті бизнестің тоқтатылуына әкеліп соғатын жағдай десе де болады.
Ал бұл өз кезегінде сот корпусының жұмысына айтарлықтай салмақ салады. Көп жағдайларда бизнестің тағдыры соттың әділ әрі объективті шешіміне тікелей байланысты болады.
Сондықтан да болар, бүкіл әлемде сот тәуелсіздігі кәсіпкерлік пен инвестициялық ахуалды жақсартудың негізгі факторы ретінде қарастырылады.
Жыл сайын дүниежүзілік банктің сарапшылар тобы әлемнің 190 елінде, оның ішінде Қазақстан да бар, бизнесті жүргізу жағдайының қолайлылығына, инвестициялық тартымдылығына зерттеу жүргізіп отырады. Зерттеу 10 көрсеткішті қамтиды. 2017 жылы Қазақстан рейтингтегі 190 елдің арасында «Миноритарлық инвесторларды қорғау» көрсеткіші бойынша 1 орынды иеленді. Республика екінші жыл «Келісімшарттарды орындау» көрсеткіші бойынша алғашқы ондыққа еніп отыр. Қазір құқықтық қауіпсіздікті танығаны соншалық, кәсібін жүргізуге ниеттенген жеке азаматтар да, белді кәсіпкерлер де, Қазақстанға қаржысын арқалап келетін инвесторлар да мұндағы ортаның қауіпсіздігіне күмән келтіре алмас. Сондықтан біздің осы мемлекеттің сенім артқан органы ретіндегі тағы бір жұмысымыз – шетелдіктерге өңірдің қауіпсіз орта екенін дәлелдей отырып, оларды қызықтыру. Біз сол арқылы шетелдіктердің инвестицияны көптеп салуына қол жеткіземіз.
Орайы келгенде айта кетейік, Жоғарғы сотта инвестициялық істерге таразылық жасайтын маңызды алқа құрылды. Бұл жай алқа емес, мамандандырылған алқа. Мұнда ірі инвесторлар мен кәсіпкерлердің дауы қаралады. Ашылғанына екі жылға жуықтады. Әлі де жиған-терген тәжірибемізді сарапқа салып, болашаққа нықтап көз тастай бастаймыз. Бұл сот жүйесіндегі жаңашылдыққа жеткен үлкен бір қадам деп айтуға тұрарлық жағдай.
Ерекше айта кетерлігі, өткен жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты мен «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп «Бизнестің мүддесін сотта қорғау» жобасының шеңбері аясында «Корпоративтік дауларды шешудегі сот практикасы» тақырыбында семинар өткізген болатын. Аталған семинар барысында облыс судьяларына аймақтық кәсіпкерлер палаталарының жұмыстарымен жақынырақ танысу ұсынылды. Қызылорда облысы соттарында бүгінгі күні кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлерге жасалып жатқан қызметтерімен жан-жақты танысу мақсатында түрлі іс-шаралар өткізуде. Яғни, тайқазандағы қаражаттың өсуі ел экономикасының нығаюына әкеледі. Ал кәсіпкерліктің дамуы салық базасының нығаюына жол сілтейді.
2017 жылдың қараша айында Қызылорда облыстық соты мен облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, сондай-ақ, аудандық және оған теңестірілген соттар мен аудандық кәсіпкерлер палаталары өзара ынтымақтастық туралы Меморандумдарға қол қойды. Меморандумдардың негізгі мақсаты – заң үстемдігі, әділдік пен ашықтықты сақтау қағидаларына негізделген кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастықты нығайту болды. Мұндай іргелі істер Елбасының биылғы халыққа арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауында да айтылды. Онда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бизнесті үйрету жөніндегі жұмыстары қолдауға тұрарлық деп, кәсіпкерлер палаталарына оң бағасын берген болатын. Демек, бір жеңнен шығарған қолымыз көктегіні алуға мүмкіндік беріп отыр.
Ұлт жоспары 100 нақты қадам барысында кәсіпкерлер мен отандық және шетелдік инвесторлар құқығын қорғауда тірек болар іргелі ізденістерге жол ашты. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сот жүйесінің мемлекеттік басқаруды жетілдіруде, сондай-ақ, елдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуде, шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерінің, инвесторлардың құқықтарын қорғауда аса маңызды рөль атқаратынын айқындап берді. Жасыратыны жоқ, шетелдік және отандық инвесторлар арасында дау-дамайлар туындап жатады, бұл ретте біз де отандық кәсіпкерлердің мүддесін қорғауда қол қусырып қарап отырмаймыз. Аталған бағытта сот жұмысының сапасын арттыру басты назарда тұр.
Тәуелсіз сот билігі – әлеуетті мемлекет негізі, кәсіпкерлік пен инвестициялық ахуалды жақсартудың негізгі факторы.

 ҚАМБАР Нұрышев,
Қызылорда облыстық
сотының төрағасы
ҚОҒАМ 14 наурыз 2018 г. 941 0