Бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс атқарғаннан кейін облыстың түкпір-түкпірін жиі аралап тұруға тура келеді. Ол көбінесе облыс басшысы немесе өзге де қонақтардың аймақтағы елді мекендерге жасаған іссапарына сәйкес жүзеге асып жатады. Әрине, мұндайда облыстағы ақпарат құралдарының өкілдері отырған көлік әкім мен оның қосшылары мінген көліктер қатарында жүйткіп жүргені. Ал біздің облыстың аумағы Еуропадағы кішігірім елдердің алып жатқан аумағынан артық болмаса кем емес. Сапар ұзақ, кемінде бір күнге, кейде одан да көпке созылады. Әр күні азаннан кешке дейін елді мекендерді, немесе мұнай кеніштерін, басқа да өндіріс орындарын, құрылыс нысандарын аралайды. Осындай әр сапар сайын журналистер тобының мүшелері де өзгеріп отыратыны белгілі. Десе де, әр жолы мұндай сапарда қалам иелерінің ортасында топтың ажарын ашып, жұртшылықтың көңілін көтеріп отыратын журналистер болатыны жасырын емес. Лилия Мальцева солардың ортасынан ойып орын алады десек, сөзімізде жалғандық бола қоймас. Шынында да не кереметі бар екенін білмейсің, бірақ әріптестері жүзінен ешқашанда жабырқауды, томсыраюды байқамайтын, керісінше, үнемі күлімдеп жүретін осы бір жүзі шырайлы жанның жанында үйіріліп жүргені. Жалпы Лилияны қала, облыс тұрғындарының басым бөлігі жақсы біледі десек, қателесе қоймаспыз.
Бүгінде екі жиырма бесті артқа тастаған Лилия Мальцеваның 9 жасынан бері Қызылорда қаласының тұрғыны болғанымен, оның тау халықтарының ұрпағы, мұсылман екенін көпшілік біле қоймауы да мүмкін. Оның туыстары Дағыстан мен Әзірбайжанда көп. Десе де, оның дүниеге келген жері біздің ел, оның ішінде бұрынғы Семей, қазіргі Шығыс Қазақстан облысына қарасты Шар ауданының орталығы. Қызылорда қаласында әуелде № 198 мектепте оқыса, оқуды бітірген білім ошағы – №233 мектеп.
Лилияның жасынан құмартқан мамандығы тігінші болу еді. Сол мақсатта мектеп бітірген 1979 жылы Баку қаласындағы тігін-тоқыма институтқа түсуге талап қылды. Бірақ жолы болмады. Дегенмен, ұнатқан мамандығына деген адалдық Қызылордаға қайтып келіп, тігін фабрикасына жұмысқа орналасуына себеп болды. Жұмысына деген ынталықтың арқасында болар, алты ай өтпей жатып, 4 разрядты бракер шебері (бұл ең жоғары разряд) және өндіріс шебері деген атқа қол жеткізіп, 45 адамға басшылық етті. Осы жерде үш жыл жұмыс істеген соң күйеуге шығып, Теміртау қаласына қоныс аударды. Күйеуінің жұмысына орай одан соң еліміздің қазіргі елордасына айналған Целиноградқа ауысты. Осы жылдары төрт баланың анасы атанды. 1996 жылы Қызылордаға көшіп келгенде Александр, Екатерина, Кирилл және Константин атты ұл-қыздарының алды он екіде, кішісі үш жаста еді.
Әріптесімізбен әңгіме барысында оның баспасөз саласына қалай келгені қызықтырғаны рас. Бұл уақытта тігін фабрикаларының тоқтап қалған кезі. Ол фотография саласының маманы атану үшін Мәскеудегі фотография институтына сырттай оқуға түскен екен. Қайта құру кезеңінің ауыртпалығына сәйкес бұл оқу орны жабылып қалуы себепті, бес жылдық оқуды төрт-ақ жылмен аяқтауға мәжбүр болады. Осылайша Қызылорда қаласындағы фотосалонда жұмыс істеп жүреді. Клиентттерге тек жылы қабақ танытып, ұдайы күлімсіреп қарсы алатын келіншекті бәрі жақсы көріп кетеді. Осындай қасиеттерін ескергендіктен болар, сол уақытта жаңадан ашылған тәуелсіз ақпарат құралы «Таймс» газетінің бас редакторы Валерия Крючкова оны жұмысқа шақырады. Міне, содан бері осы саланың нағыз жауынгері айналды.
Қызық та жауапты салада әуелде фототілші қызметін атқарса, қазір осы міндетімен қатар тілшілікті де қоса орындайды. Дәлірек айтқанда, тіршілікті, оқиғаны, көріністі жазумен де, суретпен де бейнелей біледі. Міне осылайша көп жылдан бері Л.Мальцева аймақтағы, елдегі жақсы да жаманды жаңалықтарды, қызықты оқиғаларды, сұлулықты, әдемілікті жерлестерімізге жеткізуге өзге де әріптестерімен бірге өзіндік үлес қосып келеді. Бұл орайда тек әдемі көріністерді ғана жеткізеді деген ой туып қалмауы тиіс. Оның назарынан қоқысқа толы көше, экология зардаптары секілді басқа да жағымсыз жайлар тыс қалмайды. Осы мақсатта түрлі қызықты жағдайларға да кезігіп жатқаны. Кезекті сәтті көріністі қалт жібермеймін деп жүріп белуардан балшыққа түсіп кеткені де бар. Иә, фототілші болу үшін көп нәрсе керек. Шыдамдылық, сабырлылық сонымен қатар шалт қимылдық, аңғарымпаз, сезімталдық секілді көптеген қасиеттер керек. Осындай қасиеттерге ие болғандықтан болар, оның түсірген фотосуреттерін республикалық басылымдар да сұратып тұрады. Мәселен, «Голос», «Страна и мир» журналдарымен тығыз байланыста жұмыс істеп келді. Сол секілді «Казахстанская правда» газеті де тапсырыс беріп тұрады. «Егемен Қазақстанда» Мальцеваның жұмысын алдыртатыны бар. Жақында осы басылымның бірінші бетінде оның биіктігі 41 метр мұнай мұнарасының ұшар басынан түсірген өте бір сәтті суреті жарияланды. Фототілші аруымыздың жұмыстарын жаң-жақтан көріп тұрғанымызбен, ол өзіміздегі тек екі басылымда ғана – «Кызылординские вести» және «Таймс» газеттерінде жұмыс істеді. Әрине, жергілікті жерде де оның жұмыстарын жиі көріп тұрамыз. Облыс орталығындағы үлкен жолдар бойындағы баннерлер мен билбордтарда «Таймс» газеті фототілшісінің еңбектері молынан пайдаланылып жүр. Мысалға, жүз жасаған кейуаналардың портреттерін жасауға барғандағы әсерін айтып жеткізе алмайды. Ғасырдың куәсі болған әжейлердің бәрі де мейірімді, дана жандар. Барлығы да қонақтарды елжірей қарсы алып, мейірім шуағын төгіп отыр. Лилия әжейлердің өзінің бетінен, көзінен, ернінен сүйгенін айтып жеткізе алмайды. Ал олардың берген баталары қандай!? Осындай әр кездесуден қанаттанып шығып отырды. Олар бұл өмірде талай қиындықтарды көрген жандар болса да, ешқайсысы өміріне шағым айтпайды. Өмірге шағым айтпаудан шығады, біздің әнгімелеп отырған кейіпкеріміз де сондай қасиетке ие. Л.Мальцеваны жақсы білетін адамдардың барлығы да бұған келісері анық. Бұл туралы өзінен сұрағанымызда, ол өзінің ішкі жан дүниесінде жағымсыз нәрселерге орын жоқ екенін айтты. Қайбір ортаға түспесін, өзінің әдемі жымиысымен, күлімдеген жүзімен, риясыз күлкісімен есте қалып отырады. Әйтпесе, төрт баланың анасында өзгелердегідей өмірдің кейбір проблемалары жоқ дейсің бе? Бар, әрине. Бірақ ол туралы басқаларға айтып, жылап шағымданудың еш қажеттілігі жоқ деп санайды. Сондықтан болар ол барлық жерде сыйлы. Тіпті Елбасының өзі аймаққа жасаған әр сапарында журналистер арасынан Лилияны көріп қалса, арнайы бұрылып, сәлемдесіп, жағдайын сұрап жатады. Жақында жергілікті шешендердің мәдени орталығының мүшелерімен бірге Шешенстанға барып, Қадыровтың қабылдауында болып қайтқаны бар.
Лилия әріптестері арасында да сыйлы екенін айттық. Өйткені өзі оларды сыйлайды. Әсіресе фототілшілердің азғантай тобы – Болат Омарәлиевке, Игорь Титенокқа, Өмірбай Түменбаевқа, Александр Кочерещенкоға, Андрей Тайгуновқа деген құрметі ерекше. Жұмыс барысында біз бір-бірімізге кедергі жасамай, керісінше көмектесіп отыру негізгі ұстанымымыз дейді бұл туралы Лилия ханым. Айта берсе, бүгінде әже атанып отырған кейіпкеріміз туралы әңгіме таусылмайды. Десе де, оның талай жылдан «Қайсардың» жанкүйері екенін де айта кеткен жөн болар. Ол өзінің сүйікті командасының бірде-бір ойынын жібермеуге тырысады. Міне, осындай керемет жан ортамызда жүр.
Олай болса, ақпарат айдынында өзіндік қолтаңбасымен көрініп жүрген Лилия Мальцеваны «сырбойылық» әріптестері де көктем мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, барлық ізгі тілектерді арнайды.
Әріптестерінің тілектерін жеткізуші Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.