МЕРЕКЕГЕ СЫЙЛЫҒЫҢЫЗ ДАЙЫН БА?

Қыстың ызғары қайтпаса да, гүл көктем айналаны нұрға бөлегендей. Қырмызы көктем келсе болғаны, әйел-аналардың мерекесі де келеді. Күннің шуағындай құлпырған аруларымыздың бұл күні аға-інілерімізден жақсы сый-құрмет күтетіні жасырын емес. Мейрам келсе болғаны, ер жігіттер қауымы жақындарына бірі гүл, бірі өзге сыйлық сыйласа, енді бірі бағалы жүзік, алқа секілді әшекей бұйымдар беріп жатады. Яғни, мереке қарсаңында сыйлықтардың саудасы қыза түседі. Саудагерлердің бұл күні қолы жүріп, бір байып қалады. Екі күн бұрын біз де халық көп баратын сауда орындарын аралап, базар көркін қыздырған сыйлықтардың бағасын бағамдап қайтқан болатынбыз. Шарықтаған баға мен сыйлық таңдап қарбаласқан жұрттың жайын сіздерге ұсынуды жөн көрдік.
Сонымен кез келген айтулы күн гүлсіз өтпейді. Гүлді әрбір адам сыйластықтың белгісі ретінде сыйлап жатады. Сондықтан ең алдымен жолымыз гүл дүкендеріне түсті. Нағыз сауда осында екен. Әуелі букет гүлдердің бағасына тоқталар болсақ, 2500-12000 теңгеге дейінгі аралықта. Бұл бағаны аз десеңіз, арнайы тапсырыс беріп үлкен сомада жасатуға да болады. Ал, бір дана роза гүлін 700-800 теңгеден табасыз. Гүл сатушының айтуынша, бұл баға мерекеге бір күн қалғанда қайта өсетін көрінеді. Сонда ойлай беріңіз, әріптесіңізге не құрбыңызға бір түйір гүл алатын болсаңыз 1000-1500 теңге қалтаңызда міндетті түрде болу керек. Ал, бөлме гүлдерінің бағасы тіпті аспандап кеткен. Байқағанымыз, роза, жауқазын, қалампыр, лала гүлі, қызғалдақтарға деген сұраныс мол. Десек те, баға қанша шарықтап тұрса да, гүл дүкенінен құр қол шығып жатқан ешкім жоқ. 
Екінші нысан «Ескі базар» болды. Қаланың ірі базарларының бірі болатын мұнда сыйлықтың түр-түрін кездестіресің. Базарда жүрген адамның қарасынан аяқ алып жүру мүмкін емес. Әрқайсысының қолында кем дегенде бір дорба. Базарға кірісімен алдымен ең көп өтеді ау деген қамзол, көйлек, жаулықтардың бағасын білуге бардық. Алатын адам секілді әрқайсысымен саудаласып жүріп білгеніміз, қамзолдың ең қарапайымы 800 теңгеден басталады. Матасы жақсы, өрнегі молы керек болса, 5000 теңгеден жоғары көлемде аласың. Яғни, қамзол 800-20000 теңге аралығында. Ал, жаулықтың жақсысы 3000, тәуір көйлектеріңіз 5000 теңгені құрап отыр. Көңіліңіз қалағанын алыңыз.
Қыз-келіншектерге ұнайтын ерекше сыйлықтың бірі – ыдыс-аяқ. Жан-жағы жайма базарға айналған «Талғат» базарында ыдыс-аяқтың сатылымы жаман емес. Бір шыныаяқтың өзі 450 теңгеге бағалануда. Жай ғана шыны ыдыстар жиынтығының бағасы 1500 теңгеден басталады. Ал, «Small» сауда орталығында баға мүлдем бөлек. Онда барсаңыз, қалтаңызды қомақты қаржыға толтырып апаруыңызға тура келеді. Мұнда сыйлықтардың бағасы, оның ішінде ыдыс-аяқтар жиынтығы 3000 теңгеден басталып, 51000 теңгеге жетеді. Айтпақшы, алтын-күмістерден жасалған әшекейлердің бағасына мерекеден бұрын АҚШ долларының күрт өсуі тез әсер еткен секілді. Себебі, баға шарықтап кеткен. Сонымен, мерекеге арналған сыйлық алу үшін орташа есеппен кем дегенде 10000 теңге қажет-ақ. Егер қалтаңыз көтерсе, одан да үлкен сомадағы сыйлық алуыңызға болады. Дегенмен, қандай сыйлық алсаңыз да, мейлі ол үлкен не кіші болсын, шынайы көңілмен берсеңіз болғаны. Себебі, нәзік жандылар үшін шын ниетпен берілген сыйлықтың орны қашанда ерекше.  
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

ҚОҒАМ 08 наурыз 2014 г. 1 036 0