Қазекеңнің күн қабағын, жолдың бағытын жұлдызға қарап болжайтын дағдысы бар. Бабаларымыздың осынау даналығын қазір әлемдік деңгейдегі ғалымдар да мойындауда. Сондай-ақ адамның есімінде тағдырдың үлесі мол деседі. Рас болуы. Біздің бүгінгі кейіпкеріміздің есімі – Венера яғни «Шолпан» деген мағынаны білдіреді. Венера – өте әдемі жарқырайтын жұлдыз. Айдың жанында орналасады. Таң алдында ғана көрінеді. Латын тілінен аударғанда «Махаббат пен сұлулықтың патшайымы» дегенді аңғартады.
«Қарақұм дегенше, қарағым десейші». Ел ішінде жиі қолданылатын бұл теңеуден туған өлкеге арналған ыстық ықыласты аңғару қиынға соқпайды. Қашанда маңғаз келбетінен танбайтын сайын дала кім-кімді де жатсынған емес. Соған орай перзенттері де алғаусыз пейілдің қарымтасын адал еңбекпен қайтаруға тырысады. Солардың бірі – Қарақұм ауылдық округінің кітапханашысы Венера Назарова. Елді мекен аудан орталығынан жырақ қоныстанған. Алайда, мұндағы ағайын қоғам өмірінен, жаңалықтар легінен әсте қалыс қалмайды. «Кітапханашылар – руханият шырақшысы». Венераның әрбір сағаты қарбаласпен, ізденумен өтеді. Соның арқасында қабырғалы қауымнан, қалың оқырманнан, сала басшыларынан сан мәрте алғыс арқалап білікті маман атанып жүр.
Қашанда биязы қалпынан танбайтын Венера Назарова кітапханалық қызмет көрсету, кітап насихаттауда ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жетті. Оған мол тәжірибе жинақтауы септігін тигізді. Әсіресе кітап көрмелерінде, библиографиялық шолу, тақырыпты әңгіме өткізуде тапқырлық танытады. Қызықты деректерге сүйеніп шұрайлы тілмен өрнектегенде аудиторияны өзіне баурап алады. Міне, кәсіби шеберліктің шыңы. Венера ұйымдастырған Елбасымыздың өмір жолы, қызметі басқа да сәттерінен терең мағлұмат шерткен кеште жас ұрпақты отансүйгіштікке, имандылыққа, адалдыққа баулу үрдісі терең өрнектелді. «Бір ел – бір кітап акциясы» аясында ақын Фариза Оңғарсынованың кітап көрмесі, салауаттылық салтын насихаттау бағытында жастар арасында дебат, әдеби сағат, оқырмандар конференциясы өткізілді. Қарақұм жастары білікті де өте белсенді. Түрлі мәдени сайыстардан үнемі жеңіспен оралады. Бұған кітапханашы Венера Назарованың да қосқан үлесі қомақты.
Венера Арал өңіріне мәлім іргелі әулетке келін болып түскен еді. Енесі Жәмила дүниеге он төрт перзент әкелген Батыр ана болатын. Ауданға іссапармен келген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа Жәмила әженің бата бергенін ұрпақтары орынды мақтаныш тұтады. Венера нақ осындай асыл ананың тәрбиесін көрді. Келін ретінде өзі де риясыз қызмет жасады. Ризашылығын алды. «Келін – қайын ененің топырағынан жаратылады». Қасиетті ененің лебізі қабыл екен. Енді өзі де төрт немереге әже атанды. Жолдасы танымал кәсіпкер Бектұрған екеуі қос келін жұмсап отырған шаңырақтың егесі. Венераның қайын апасы Айкүміс те ұзақ жылдар мәдениет саласында еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты. Әулет бақыты дегеніміз осы да.
Арал аудандық кітапханалар жүйесінің директоры Гүлжамиға Ильясовадан Венера жайлы пікірін сұрағанымызда «Маңайындағыларға тек жақсылық тілейтін адам» деп қысқа қайырды. Бағың өрлесін, Қарақұмның Таңшолпаны!
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Арал ауданы,
Қарақұм ауылдық округі.